RBK банкі филиалының басшысы 8-қабаттан секіріп кетті: Марқұм туралы достары мен көршілері пікір білдірді
RBK банкі филиалының басшысы 8-қабаттан секіріп кетті: Марқұм туралы достары мен көршілері пікір білдірді
фото: mke.ee
203
оқылды
Павлодарда RBK банкі өңірлік филиалының директоры, сегізінші қабаттан секіріп кетті. 49 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмған. Полиция "өз-өзіне қол жұмсау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
"Сұмдық оқиға марқұмның өзі тұрған көп қабатты үйде болған. Пәтерінің балконынан секірген келіншек бірінші қабаттағы дүкеннің үстіне құлап, тіл тартпастан көз жұмған.   Көршілері қайғылы жағдайды естіп, есеңгіреп қалғандарын айтады. Қайтыс болған әйелдің бұрын-соңды оғаш қылығын байқамадық дейді", - деп хабарлады тілші Өзгеріс Қуанар.
Полиция өзіне-өзі қол жұмсау бабы бойынша іс қозғады.
"5 қазан күні таңғы сағат 07:13-те Бектұров көшесі 50/1 мекенжайында орналасқан үйдегі дүкеннің үстінен 1972 жылы туған келіншектің мәйіті табылды. Сараптама жасалды. Ол үйдің 8-қабатынан секіріп, өз-өзіне қол салған", - дейді Павлодар облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Ал әріптестері бұған қатысты пікір  білдіруден бас тартты.  Тек қара жамылған отбасына материалдық   көмек көрсетілетінін айтты.
"RBK банкінің ұжымы әріптесіміздің өмірден озуына байланысты оның жақындарына қайғырып көңіл айтады. Банк өлім себебін анықтау бойынша құзырлы органдармен бірлесе жұмыс атқаратын болады. Сондықтан банк тергеу аяқталғанша тексерілмеген ақпаратты таратпауларыңызды сұрайды", - дейді «RBK» банкінің баспасөз хатшысы Виктория Шен.
Болған жағдайдың қызметке  қатысы бар ма, жоқ па, ол тергеу аяқталған соң анықталады. Марқұмның артында 3 баласы қалды.