Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қабылдады, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Төтенше жағдайлар министрлігінің 2020-2021 жылдары атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндалды.
Осы уақыт аралығында елімізде 9 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркелді. ТЖМ бөлімшелері 65 мыңнан астам шақыртуға барды. 9,5 мың адам құтқарылды, 10 мың адам эвакуацияланды, 3 мыңнан астам адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Юрий Ильиннің айтуынша, министрлік табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне көп көңіл бөліп келеді. Министрлік елді мекендерді, нысандарды және жекелеген тұрғындарды сел мен су тасқынынан алдын ала қорғау мақсатында Алматы қаласы мен Алматы облысының Аюсай, Ақсай және Қорғас өзендеріндегі тоспалар мен бөгеттердің құрылыстарын қаржыландырады.Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы министрлікке төтенше жағдайлардың санын азайту, қысқы мерзімге дайындық жұмыстарын жүргізу, қар құрсауын болдырмау, сондай-ақ көктемгі су тасқынының алдын алу жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді.