«Nur Otan» партиясы жанындағы «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері» жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте жоғары оқу орындарының, арнаулы орта оқу орындарының, мектептер мен балабақшаларда инклюзивті білім беру жағдайын жақсарту және саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасында мәлімделген міндеттердің орындалуы жайы талқыланды.
Бүгінде елімізде мыңға жуық педагог-ассистент ерекше қамқорлықты қажет ететін балалармен жұмыс істейді. Отырыс барысында олардың еңбек жағдайы қаралды. Кеңес мүшесі, «Болашақ» қорының басшысы Динара Шайжүнісованың айтуынша, педагог-ассистенттердің шамадан тыс жүктемесі бүгінде түйінді мәселелердің біріне айналған. «Олар айына кем дегенде 2 баланы оқытып, қолғабыс жасайды. Ал алатын жалақылары небәрі 90 мың теңге. Бұл өте аз. Осының салдарынан мамандар тұрақтамай, кейде балалар толықтай бір оқу жылы бойы білім ала алмай қалған жайттар кездесіп жатады. Біздің жобада 300-ге жуық педагог-ассистент жұмыс істейді. Олардың барлығы еңбекақының аздығынан жұмыстан кеткілері келеді», – деді Динара Шайжүнісова. Сондай-ақ кеңес мүшелері интернаттардың да жай-күйін де назардан тыс қалдырмады. Қазір республика аумағында 577 интернат бар, оларда 147 мыңнан астам бала тұрады. Бұл – көру, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы интернаттар, медициналық-әлеуметтік мекемелер және дарынды балаларға арналған мамандандырылған, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған интернаттар, мектеп жанындағы интернаттар, мектеп-интернаттар. 2019 жылдың ақпан айындағы партиялық тыңдаулар кезінде кеңес кейбір интернаттағы адам шошырлық жағдай туралы мәселені көтерген болатын. «Nur Otan» араласқаннан кейін ғана 19 интернат жөнделіп, кәріз жүргізілді, жиһаз бен жабдық жаңартылды. Алайда бұл мәселе барлық интернаттағы балалардың өмірін түбегейлі өзгерту және жақсарту үшін үнемі назар аударуды және жүйелі жұмыстарды талап етеді. «Осы жылдың ақпан айында бұл мәселеге қатысты депутаттық сауал жолданды. Соған қарамастан, 2 жыл ішінде Білім және ғылым министрлігі тарапынан ешқандай жүйелі іс-қимыл атқарылмады. Министрлік балалардың құқығын қорғауға жауапты екенін түсіне ме? Біз өңірлік кеңестерден интернаттар бойынша өз бетінше жұмыс жүргізуді, қалыптасқан келеңсіз жағдайды жақсарту үшін әкімдіктермен бірлесіп шешім қабылдауды сұрадық. Содан кейін ғана біздің қолымызға қандай интернатта күрделі немесе ағымдағы жөндеу жүргізілгені немесе жүргізілетіні, не қажет екені туралы нақты ақпарат тиді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, ал өңірлік кеңестер ол міндеттің орындалуын бақылауға алады. Біздің мақсатымыз – еліміздегі барлық интернаттарды балалардың өмір сүруіне қолайлы ету», – деді кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Динара Закиева. Динара Закиеваның айтуынша, кеңес мүшелері 534 интернат мекемелеріндегі жағдайды зерттеген. Сонда тек жалғыз Павлодар облысында ғана барлық интернаттар күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілгені анықталған. Бұл істе Қостанай облысында да біршама ілгерілеушілік бар: облыстағы 36 интернаттық мекеменің 29-ы жөнделген. Алматы облысында тек 3 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілген. Түркістан облысында тек 1 мекеме күрделі жөндеуден өткізілген. Интернат мекемелеріндегі жағдайды жақсарту үшін Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола және Маңғыстау облыстарында тиісті жоспарлар жоқ. Ал Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы соңғы 3 жылда бірде-бір интернат мүлдем жөндеу көрмеген. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, бірлескен бұйрық жобасы әзірленген. Оған сәйкес балалардың, оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың білім алу, тамақтану, тасымалдау, демалу құқықтарын сақтау мониторингі мен бақылау жоспарлы түрде жүргізілетін болады. Бұдан басқа, алдағы уақытта Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте комиссияның тексеру қорытындылары бойынша шығарылған нұсқауларын орындамаған лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту бөлігіне түзетулер енгізілетін болады. Отырыс қорытындысы бойынша кеңес Білім және ғылым министрлігінен 2022 жылы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау жоспарланып отырған мекемелердің тізімін, сондай-ақ анықталған проблемаларды, оларды шешу мерзімдері мен жолдарын көрсете отырып, интернат мекемелері мониторингінің нәтижелері бойынша есеп беруді сұрады. Сонымен қатар кеңес мүшелері интернаттар бойынша нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарауды ұсынды.Дәулет АСАУ