Ит төбелестіруге тыйым салынады

Ит төбелестіруге тыйым салынады

Президенттің тапсырмасымен әзірленген «Жануар­лар­ға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы ел Парламентіне енгізілді. Құжат жануарларға қатыгездік таныт­қан қаскөйлерге жауапкершілікті күшейтуді қарас­тырады.

Соңғы уақытта жануарларға аяушылық танытпау, азаптау жағдайлары жиілеп кетті. Осыған байланысты Экология министрлігі азаматтық сектормен бірлесіп, оған тосқауыл қоюға тиісті заң жобасын әзірледі. Жануарларды қорғау туралы жеке заң қаты­гездік, иттер төбелесі, жануарларға анестиясыз операция жасау, сабау, оларды заңсыз аулау сияқты адамгершілікке жатпайтын әре­кет­терге тоқтау салмақ. «Жануарлар қорлаудан нашар қорғалған. Сондықтан қол­даныс­тағы Әкімшілік кодекске және Қылмыстық кодекске бірқатар өзгеріс енгізілетін болады. Оған сәйкес, жануарларға жауапкершіліксіз қарағандарға тағайын­дала­тын жаза түрлері қатаң­датылады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын қабылдау Қазақстанды заманға сай өркендеген ел ретінде әлемге паш етеді, ұрпақты айнала­дағы тіршілік иелеріне мейірім­ділікпен қарауға тәрбиелеп, тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және қоғамдағы агрессияны азайтуға мүмкіндік береді», – деп түсініктеме берді экология ведомствосы.

Елдос СЕНБАЙ