Жастар білігін дамытқан алаң

Жастар білігін дамытқан алаң

Ел жастарының саяси белсенділігін арттырып, тәжірибе алмасуға ар­налған «Жастар-Отанға!» форумының кезекті күнінде республикаға белгілі тұлғалар келіп, ой бөлісті. 

Әуелі кезінде «Nur Otan» партиясы Саяси бюросының ең жас мүшесі атанып, бүгінде Жамбыл облысы әкімінің орын­басары болып отырған Дәулет Кәрібек форум қатысушыларымен жүздесті. Жас­тарға арналған әлеуметтік лифттің маңызы мен бейімділік жөнінде сөз қозғаған ол мұндай форумдардың саяси белсенділікті арттыруда ықпалы зор екенін атап өтті. – Жастар – қай бағыттан алсақ та эко­номикалық, әлеуметтік немесе саяси ба­ғытта да негізгі қозғаушы күш ретінде са­налады. Сондықтан ертеңін ойлаған кез келген мемлекет жастарға көңіл бөліп, саяси қызметке дайындап, олардың білімі мен ғылымына, өзіндік дамуына жағдай жасайды. Осындай оқулар біздің әр өңірдегі үздік тәжірибелерді бөлісіп, жақсы жағынан ұштастырып, нәтижелердің еселеп артуына өз септігін тигізетініне сеніміміз мол. Біз жас­тардың күшін, энергиясын, білімін ел мақ­сатына пайдалана білуіміз қажет. Жас­тарымыз өте белсенді, ел басына күн ту­ған­да, тіпті соңғы пандемия кезінде де олардың еңбегін көрдік. Сондықтан да жастарға сене біліп, еңбектерін әділ бағалап, әрқашан қолдау көрсетуіміз тиіс. Ол үшін осындай алаңдарды көп қолдануымыз қажет, – дейді Дәулет Кәрібек. Бұдан соң психология ғылымының докторы Лейла Асылбекова, кәсіби коуч Толқын Аманбек, медиа-менеджер Бақ­даулет Исаев жастарға «Эмоциялық көш­басшы болу технологиялары, жеке және кәсіби жетістіктер кілті», «Ораторлық өнер» мен «SMM жүргізу құралдары» тақыры­бында тренинг өткізді. Оның барысында форум қатысушылары жалпы тұлғалық даму бойынша қамтылған дәрістерді тыңдады. Өз кезегінде руханият саласындағы мамандар мен мәдени ошақтардың өкілдері де жастар назарынан тыс қалған жоқ. Форум қатысушылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасын айқындайтын тарихи фотосуреттер галереясы мен үздік кітаптар жинағын, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұл ретте форум аясындағы іс-шараларға алыстан ат арылтып келген шетелдіктер де көңілі то­латынын жеткізді. Мәселен, соның бірі – Тәжікстанның Соғди облысы бойынша Жастар кеңесі филиалының төрағасы Фахридинзода Фирдаус ойын айтты. – «Jas Otan» Жастар қанатындағы әріптестеріміз ұйымдастырған халық­ара­лық форумға келгенімізге үш күн болды. Жас­отандықтармен бұрыннан тығыз бай­ланыс­тамыз. Жаңа таныстық орнатамыз, көк­жиегімізді кеңейтеміз, өзгелердің тә­жіри­бесін көреміз, сондай-ақ жастар сая­сатында қолданатын әдіс-тәсілдерімізбен бөлісеміз. Осы ретте форум ұйымдастыру­шыларына ерекше алғыс білдіргім келеді. Қонақта емес, өз үйімізде жүргендейміз. Жылы қар­сы алды. Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон мен Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған достық қарым-қатынасты екі ел жастары арқылы одан әрі дамыта түсуге тырысамыз. Іс-шараға қатысып жатқан жастар бұл іске үлес қосады деп сенемін. Форум барысында Қазақстан жастарының өте белсенді, ашық әрі білімді екенін байқадым. Тағы бір байқағаным, мәде­ниетіміз, салт-дәстүріміз ұқсас келетін­дік­тен, жастардың бізбен туыстық байланысы сезіледі, – дейді ол. Форум аясында саяси біліктілік пен тұлғалық дамудан бөлек, жастарға жігер беру мақсатында да көптеген жиындар ұйымдастырылып жатыр. Соның аясында форум қатысушылары бокстан биылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Сәкен Бибосыновпен кездесу өткізді. Жетістікке масаттанбай, Олимпиада шыңын бағындыруды мақсат тұтқан жас спортшы өз саласындағы тәжірибелері жайлы сөз қозғады. – Өткен Токио Олимпиадасы маған үлкен сабақ болды. Жартылай финалдық кездесуде қарсыласымды ұтқаныма сенімді болдым, мамандар да солай болжаған. Жұдырықтасу сәтін сан мәрте қайта қарап шықтық. Әйткенмен төрешілер басқа шешім қабылдады. Апелляцияға берсек те, шешім сол күйі өзгермеді. Дегенмен қола жүлдені қоржынға салдық. Алдағы Париж Олимпиадасында алтын медаль алуды мақсат етіп, дайындықты биыл-ақ бастап жібердік. Жалпы, жоспар өте көп. Париждегі төртжылдық додасынан кейін кәсіпқой спортқа ауысар ниетім бар. Әрине, мойныңа артылған жүкті арқалап жүру қиын. Әйтсе де, ел азаматы ретінде Отан үшін талай сыннан өту қажет. Сондықтан жастарға жүгенсіз кетпей, әр іске жоспар құрып, жігерлі болуға кеңес берер едім, – деді Сәкен Бибосынов.    Халықаралық форум аясындағы іс-шаралар мұнымен тоқтап қалмай, жалғаса бермек. Алда еліміздің саяси аренасындағы белгілі тұлғалармен кездесулер өтпек. Соның нәтижесінде жастардың саяси біліктілігі мен белсенділігін арттыру көзделіп отыр.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ