Азық-түлік бағасы негізсіз өспеуі керек
Азық-түлік бағасы  негізсіз өспеуі керек
223
оқылды

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында аграрлық секторды дамыту бойынша нақты тармақтар көрсетілген. Оның жүзеге асырылуын ШҚО мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары мен қо­ғам­дық кеңестің мүшелері бақылауда ұстайды.

6 қазан күні Zoom платформасы арқылы онлайн режимде «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы аграрлық сек­торды дамыту бо­йынша өңірлік Қо­ғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында азық-түлік қорларын қам­тамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ ішкі нарықты отан­дық тағамдармен толықтыру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқы­ланды. «Облыс аумағында 44 әлеу­меттік дүкен және 465 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді, онда негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары ең төменгі сауда бағамен сатылып жатыр. Осыған орай жер­гілікті ауыл шаруа­шылығы өндіру­шілерге өз тауарларын үстеме бағасыз өткізу үшін тұрақты не­гіз­де 576 жеңілдікті сауда орны бері­леді», – деді ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновация­лық даму басқармасы мемлекеттік сауда саясатын іске асыру бөлі­мінің басшысы Анна Жанайдарова. Оның айтуынша, әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тұрақты түрде өңірлік штабтардың оты­рыстары ұйымдастырылады. Жыл басынан бері мұндай 234 отырыс өткен. Сон­дай-ақ санитарлық-гигиена­лық талаптарды сақтай отырып, жүйелі түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңке­лері өткізіледі. – Бағаларды ұстап тұру және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында биыл Семей қаласын­да майлы дақыл­дарды қайта өңдеу зауытын, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасын және көтерме-тарату орталығын салу бо­йынша үш инвестициялық жоба іске асы­рылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін Глубокое ауданында майлы дақылдарды қайта өңдеу кешенінің құрылысы бойынша 1 жоба және Өскемен қаласында ірімшік өнді­рісін кеңейту бойынша 1 жоба пай­далануға беріледі,– деді жиын­ға қатысқан ШҚО Ауыл шаруашы­лығы басқармасы басшысы орын­басарының міндетін атқарушы Ертай Қуанышбаев.

Дәулет АСАУ