Парызын орындап, қаза тапқан полицей аз емес
Парызын орындап, қаза тапқан полицей аз емес
192
оқылды

Ішкі істер органдарының қызметкері дегеніміз – қоғамдық қауіпсіздіктің алдыңғы шебінде, желдің өтінде жүретін мамандық иелері. Қауіпті де ең бірінші олар өздеріне қабылдайды. Оған қызмет бабында қаза тапқан талай полиция қыз­меткерінің үлгісі куә. Кешегі Ақбұлақтағы оқиға да соның бір көрінісі ғана. Ендеше қызмет бабында қаза тапқан полицейлер қанша? Олардың отбасыларына қандай көмек көрсетіледі? Зерделеп көрсек.

Бейбіт күннің боздақтары

Тәуелсіздік алғалы елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезінде ішкі істер ор­гандарының 804 қызметкері қаза тапқан екен. Әрбір жазатайым оқиғаның қайғы­лы астары бар. Олардың бірі қаскөй қыл­мыскердің қолынан қаза тапқан болса, енді бірі жол апатында жан­тәсілім етті, ал тағы бірі суға батып опат болды. Қай-қайсысында да біреудің өмірін құтқарамын деген полиция қызметкерлері өз өмірін құрбан етті. Олар – ерлікпен қаза тапқан бейбіт күннің боздақтары. Әрбір ғұмырдың артында қаншама жанның көз жасы, антқа деген адалдық, мамандығына деген мақтаныш тұр. Әрине, қайғының жеңілі болмайды! Осы тақырыпты сөз еткенде есімізге ең бірінші кезекте Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың түсетіні рас. 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында ел тари­хын­дағы ең қайғылы террорлық акт болды. 5 полицей мен 2 бейбіт тұрғынды өлтірген Мақсат Қариев ең соңында өз-өзін грана­тамен жарып жіберген болатын. Оны сол соңғы сәтінде ұстап қалып, жерге құлатып, үстінен басып үлгерген полиция капитаны, өкінішке қарай өзі де жан тапсырды. Сонысымен де ол лаңкеске көпшіліктің арасына баруға мүмкіндік бермей, жа­ры­лыстың күшін денесімен бүркеп, қан­шама адамды ажалдан аман алып қалды. Осы ерлігі үшін полиция ка­питаны Ғазиз Бай­тасовқа Қазақстан Пре­зидентінің Жар­лығымен Қазақстанның Халық қаhарма­ны атағы (қаза болғаннан кейін) берілді.

Майданнан аман келсе де..

Осы ретте ішкі істер органдарының тағы бір қызметкері Жанайдар Жирен­таевтың есімін атамай кетуге болмайды. Интернационалист-жауынгер, милиция кіші лейтенанты Жанайдар Жирентаев 1994 жылы ақпанның 4-інен 5-іне қараған түні қандықол бұзақылардың оғынан қаза тапқан еді. 1960 жылы 25 қыркүйекте Целиноград облысы Балкашино ауданы Веселое ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген ол 1980 жылы армияға шақырылып, әскери міндетін Ауғанстан жерінде өтеген бола­тын. Ол жақта от пен оқтың ортасында бір­неше рет жараланады. Соның ең соң­ғысында олардың тобы шабуылға ұшырап, 47 адамнан тек жал­ғыз өзі ғана тірі қа­лыпты. Осыдан соң Жанайдар 8 ай Ташкенттегі госпитальда жатып, 1982 жылы елге орал­ған екен. Көп кешікпей 1984 жылы ішкі іс­тер органына қызметке тұрады. Алғаш­қыда экономи­калық қылмысқа қарсы күрес бөлімінде жұмыс істеп, 1993 жылдың сәуірінен Ақмола қаласы криминалды полиция бөліміне ауысады. Әйтсе де, ми­лиция кіші лейтенанты Жанайдар Асқар­бекұлының ажалы бәрібір де оқтан болды. ескерткіш Сол күнгі оқиға былай болыпты: Арақ­қа сылқия тойып алған бірнеше бұзақы Ақмола қаласындағы Сенная көшесінің бойындағы бір үйге баса-көктеп кіріп, ақша талап еткен. Ойлары жүзеге аспаған соң үй иесінің жалғыз баласын аулаға алып шығып, соққының астына алған. Осы кезде анасы полицияға телефон шалып үлгерген екен. Хабар түсісімен Жанайдар бастаған шұғыл топ қылмыскерлерді құрықтауға аттанады. Әйтсе де, қарулы бұзақылар оларды оқ атып қарсы алады. Осы кезде көрші-көлемге, жалпы айнала­дағы адамдардың өміріне қауіп төнгенін сезген бұрынғы жауынгер-интерна­цио­налист олардың біреуін қарусыздандырып үлгереді. Бірақ, амал нешік? Екіншісі қо­лын­дағы қысқа мылтықпен оның дәл кеудесінен атып салады. Батырдың артында жары Назкен мен Әсел, Динара есімді екі қызы қалды. Жанайдар Асқарбекұлы қаза тапқан­нан кейін Қазақстан Президентінің Жар­лығымен «Ерлігі үшін» медалімен наград­талды. Батырдың есіміне Нұр-Сұлтан қаласында көше берілген.

Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды

Қызметтік міндеттерін атқару кезін­де қаза тапқан полиция қызметкерінің ар­тында қаншама отбасы қара жамы­лып қалады. Олармен қайғысын бөлі­су­ге ІІМ әрқашан да дайын. Бұл жұмыс­тар 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қор­ғау қызметі тура­лы» заңның 66 және 68-баптарына сәйкес жүргізіледі. Бұл баптарда қызметкерлер қаза тапқан (қай­тыс болған) немесе мертіккен жағдайда берілетін кепілдіктер, құқық қорғау ор­гандарының қызмет­керлері мен зей­неткерлерінің тұрғын үйге құқықтары қарастырылған. Ал олардың асырауындағы адамдар мен мұрагерлеріне алпыс айлық қаражат мөлшерінде бір­жолғы ақшалай өтемақы төленеді. Қызмет барысында қаза тапқан қызметкерлердің балаларына, олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Үкімет белгілеген тәртіппен медициналық және санаториялық-курорттық қызметтер көрсетіледі. «Сонымен қатар қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдалана алады. Сондай-ақ оқуға түсушілер үшін белгі­ленген талаптар бойынша балдың шекті деңгейін жинаса, құқық қорғау орган­дарының білім беру ұйымдарына конкурс­тан тыс қабылданады. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрілігі мүмкіндігінше қыз­меттік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына мо­ральдық, материалдық көмектерді үнемі дәстүрлі түрде көрсетіп отырады. Жыл са­йын ішкі істер органдарының қызмет­керлерін әлеуметтік қолдау қорының қол­дауымен Қазақстан полициясы күні қар­саңыңда мерекелік іс-шараларға ша­қы­рылып, қаржылай көмек көрсетіледі», – дейді ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің басқарма басты­ғының орынбасары Саят Байкенов. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылда­рында елімізде 804 полиция отбасы қара жамылған болса, 2 672 қызметкер жарақат алған. Олардың арасында өмірлік мүгедек болып қалғандары да қаншама? Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылы ішкі істер саласының 149 қызметкері, оның ішінде 13-і қаза тапқаннан кейін мемлекеттік наградалармен наградталған болса, биыл жыл басынан бері 31 қыз­меткер марапатталды. Сондай-ақ үш жа­рым мыңнан астам қызметкер ведом­ство­лық марапатқа ие болды.

Нұрлан ҚОСАЙ