2022 жылы жалауы желбірейтін қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 4 айға жуық уақыт қалды. Бұған дейін Бейжің қаласы жазғы Олимпиаданы қабылдаған. Енді олар қысқы Олимпиаданы да ұйымдастырып жатқан әлемдегі бірінші қала ретінде аталған әлемдік жарыстың тарихына енбек. Бұл ретте Қытай қысқы Олимпиаданы қарапайым, қауіпсіз және қызықты Олимпиада етіп өткізуге бар күшін салары анық.
Айтулы бәсеке 2022 жылдың 4-20 ақпан аралығында Қытайдың үш шаһарында, атап айтқанда, Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоу қалаларында өтеді. Дүбірлі додаға 95 елден 4 мыңнан аса спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде сайыстарды қабылдайтын спорт нысандарының басым бөлігі дайын. Ал қалған жұмыстар қазан айында толықтай аяқталады. Бұл туралы Халықаралық Олимпиадалық комитеттің президенті Томас Бах мәлімдеді. Ол өз кезегінде жарыс қожайындарының батылдығы мен еңбекқорлығын жоғары бағалады. Аталған бәсеке пандемия кезінде өтетін екінші Олимпиада болған соң, жарысты ұйымдастырушылар Токиодағы жазғы ойындардың тәжірибесіне сүйеніп, санитарлық шараларды қабылдайды. Бейжің қаласындағы 2022 жылғы Олимпиаданың коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсынан өткен барлық спортшылар мен қатысушылар Бейжіңге келген соң жабық цикл жүйесінде орналасады. Ал вакцина алмаған спортшылар Қытай астанасына келген соң 21 күндік карантинге жатқызылады. Вакцина алмаған атлеттер вакциналаудан бас тартудың медициналық негіздемесін ұсынса, олардың ісі бөлек қаралады. Бейжіңге келетін барлық қатысушылар (спортшылар мен атлеттермен Олимпиада ауылдарында бірге еріп жүрген делегацияның кейбір тұлғаларынан басқа) ұйымдастырушылар белгілеген ковидке қарсы шараларға сәйкес келетін қонақүйлерде тұрады. Ойындардың барлық қатысушылары мен қызметкерлерінен күн сайын коронавирусқа қарсы тест алынып отырады. Қазірдің өзінде жер-жерде қысқы Олимпиадаға лицензия беретін жарыстар ұйымдастырылып, әлем елдері Бейжіңге жолдама алудың қамына кірісіп кетті. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов 2022 жылғы ХХІV қысқы Олимпиада ойындарына ел құрамасының дайындығы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас Ассамблеясының отырысында айтып өткен болатын. Ол спортшылардың бүгінге дейін 40-қа жуық лицензия жеңіп алғанын, жарыс басталғанға дейін оның санын 95-ке жеткізу жоспарда бар екенін де тілге тиек етті. – Істеліп жатқан жұмыстарды айтатын болсақ, біріншіден, Олимпиада ойындарына қатысу тәжірибесі бойынша арнайы штаб құрылды. Бұл Олимпиада ойындарына дайындық мәселесін жете шешуді күнделікті қарайды. Екіншіден, Олимпиада ойындарына жолдама алуы мүмкін 70-тен астам жетекші спортшы белгіленді. Олимпиадада үздік ондықтың ішіне кіруі мүмкін 9 спортшы айқындалды. Олармен келісімшарт жасалды. Арасында бір Олимпиада жүлдегері, 2 әлем чемпионатының жүлдегері бар, 2017 жылғы Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері бар, – деді Елсияр Қанағатов. Сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының басшысы қысқы спорт түрлерінен жүлдеге ілігу оңай емес екенін, өйткені ұлттық құрамада резерв жоқ екенін де атап өтті. Әсіресе, қысы қатты аймақтарда ізбазарлар дайындығы бір жолға қойылмағанын баса айтты. Ол сонымен қатар қазір комитет осы бағытқа басымдық беріп жатқанын жеткізді. Жалпы, жолдама үлестірілетін додалар 16 қаңтарға дейін өтеді және оған дейін отандық спортшылар 50-ден астам лицензиялық турнирге қатыспақшы. Пандемияға қарамастан ҰОК қысқы спорт түрлері бойынша командалардың жаттығулары мен жарыстарын толыққанды ұйымдастырған. Ал 2021 жылы жалпы саны 105 оқу-жаттығу жиыны өткен. Оның ішінде 69 жаттығу жиыны шетелде өткізілген. Ақ Олимпиадада Қазақстан 8 дисциплина және 4 спорт түрінен бақ сынауды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, Бейжің 2022 жылғы XXIV қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын 2015 жылы 31 шілде күні жеңіп алған болатын. Осы орайда айта кетейік, бұл айтулы доданы өткізуге сол кезде еліміздің Алматы қаласы да басты үміткер қалалардың бірі атанды. Өкінішке қарай, 2015 жылы 31 шілдеде Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен дауыс беру нәтижесінде Алматы Бейжіңге жол берді. Енді 4 ақпанда әлем назары осы қалаға ауады. Алдымен қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді. Одан соң жарыстар басталады. Қытай дүбірлі дода кезінде жаңа технологияларды кеңінен қолданып, спорттық іс-шара ұйымдастырудың озық үлгісін көрсетпек. Бір сөзбен айтқанда, жарыс қожайындары барлық жұмыстарға сақадай-сай. Ұйымдастырушыларды тек пандемия ғана алаңдатып отыр. Қалай дегенмен де, әлем елдері спортшыларының басын бір арнаға тоғыстыратын қысқы Олимпиада ойындарын өткізу Бейжің үшін кезекті сынақтардың бірі болмақ.Абылайхан ЖҰМАШ