Қостанайда алимент төлегісі келмеген әйел алты айға абақтыға қамалды. Әйелдің кәмелет жасқа толмаған балаларына берешегі 3 миллион теңгеден асқан. Ол 2018 жылдан бері алимент төлемеген.
Осыған дейін сот үкімімен келіншек бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған. Тіпті шартты түрде бір жылға бас бостандығы да шектелген. Бірақ еш нәтиже шықпаған соң сот орындаушылары жазаның қатаң түрін қолданыпты.Аймақта алимент төлемейтіндер көп. Сот орындаушыларында 16 мыңнан астам іс бар.Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Несібелі Бәсенова: «Бас бостандығынан айырылғанымен оның қарызы өшіп кетпейді. Егер сот орындаушы жұмысқа тұрғызатын болса, орындау парағын сонда жіберіп, алты ай мерзім күтеміз. Түскен, төлеген қаржы баласына беріледі. Шыққаннан кейін алты айдың алиментін тағы да есептеп қосып береміз. Қомақты қаржы болайын деп тұр. Екі баланы әкесі өсіріп жатыр», – деді.
Бұған дейін машинасынан айырылып қалмау үшін алиментті көшеде төлеген ер адам туралы жазған болатынбыз.