Павлодар облысында пәтерлерінен екі адам өлі күйінде табылды
Павлодар облысында пәтерлерінен екі адам өлі күйінде табылды
Сурет: видеодан алынды
Павлодар облысында есік ашпаған пәтерлерден 2 адам өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz. Қайығылы жағдайдың бірі - Павлодар қаласында, екіншісі Екібастұзда тіркелді. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 7 қазанда құтқарушылар есіктерді ашу үшін 4 рет оқиға орнына барған.  
- Кешкі сағат 20.20-да Екібастұзда Амангелді көшесінде жеке секторда ер адам есікті ашпаған, үйден мәйіттің иісі шыққан. Құтқарушылар полиция қызметкерлері мен туыстарының көзінше арнайы құралмен есікті ашты. Бөлмелердің бірінде 1968 жылы туған ер адам өлі күйінде табылды, - делінген хабарламада.
  Осындай жағдай Павлодар қаласында болды. Түнгі сағат 11-ден кейін ер адам есікті ашпаған. Әдеттегідей, құтқарушылар полиция қызметкерлері мен туыстарының көзінше арнайы құралмен есікті ашты. Бөлмелердің бірінде 1974 жылы туған ер адам өлі күйінде табылды. Сондай-ақ сағат 17.10-да Н.Назарбаев даңғылы 44-үйден қоңырау түскен. Бала пәтердің есігін ашпай қойған, ата-анасы кіреберісте болған. Құтқарушылар келген бойда полиция қызметкерлері мен ата-анасының көзінше пәтерге балкон арқылы, жылжымалы баспалдақтар мен арнайы құралдардың көмегімен кірді. Екібастұз қаласындағы екінші оқыс оқиғаға құтқарушылар сағат 18.51-де шықты. Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойында 1945 жылы туған жалғызбасты әйел пәтердің есігін аша алмады. Құтқарушылар полиция қызметкерлерінің көзінше арнайы құралдармен есікті ашты. Екі жағдайда да бала мен әйел  аман қалды.