Бұған дейінгі жоспар 9-10 миллион адам ғана болатын. Бұл мәліметті Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне хабарлады. Онлайн форматта өткен отырыста коронавирус инфекциясына қатысты ағымдағы жағдай талқыланды.
А.Цой мырза жаһандағы 223 елдің ішінде Қазақстан КВИ-ден сырқаттанушылық пен өлім-жітім бойынша 103-орында тұрғанын жеткізді. Әрине, бұл бәрібір мақтанарлық жағдай емес. Себебі республика Орталық Азиядағы нашар көрсеткішке ие. Дертке шалдыққандар саны миллионға таяды: 8 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда жалпы CОVID-19 оң нәтижесімен 900 121 науқас және пневмониямен 76 906 жағдай тіркелген. Науқастардың 93%-ы сауығыпты. Бүгінде вакцинаның І-компонентімен 7,8 миллион адам егілді, егілуге тиісті халықтың 78,3%-ы қамтылды. Ең көп қамту жөнінен 5 өңір лидер: Шымкент, Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстары. Бірінші дозамен егілуден Маңғыстау облысы аутсайдер деп танылды. «Жалпы, республикада 13,37 миллионнан астам адамды қамту жоспарлануда. Осы мақсатта вакциналардың жеткілікті көлемі қамтамасыз етілді», – деді ДСМ басшысы.Елдос СЕНБАЙ