Жобалар бақылауға алынды
Жобалар бақылауға алынды
379
оқылды

«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау, аграрлық секторды дамыту жөніндегі бірлескен қоғамдық кеңес отырысында күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қозғалып, талқыланды.

Өңір экономикасын өркендету, бағаны тұрақтандыру – партия на­зарынан тыс қалған емес. Партияның жергілікті филиалы күн сайын ша­рықтап өсіп бара жатқан бағаны тұ­рақтандыру жолдарын қарастырып, өз кәсіптері арқылы табыс тауып отыр­­ған бизнес иелерін қолдау көр­сету ісін бір әрдайым бақылауда ұс­тайды. Сондай-ақ облыстың шалғай елді мекендеріне азық-түлікті, көп­ші­лік күнделікті тұтынатын басқа да тауарларды тиімді бағамен ұсынудың жолдарын іздейді. Аймақтық қоғам­дық кеңес төрағасы Абдолла Ыды­ры­сов атап өткендей, осы қордалан­ған проблемаларды шешу үшін бар­лық тараптар бірлесіп жұмыс іс­те­генде ғана тиісінше нәтиже шыға­ды. Жиын барысында аймақ эконо­микасы үшін маңызды кейбір жо­ба­лардың белгілі себептерге байла­ныс­ты кейінге шегеріліп қалғаны белгілі болды. Айталық, мұнай-химия өн­дірісі көлемін өткен жылға қарағанда 35 пайызға ұлғайту жөнінде о баста жоспарланған міндеттерге кері әсер етіп отырған фактор бар. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытынан сәуір айынан бері тек отындық режимде мұнай өнімдері шығарылған. Ал мұнай-химия өнімдері мүлдем өндірілмеген. Сондай-ақ облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиеваның айтуынша, газ-химиялық кешеннің құрылысын аяқтау да келесі жылға қалып отыр. Демек, бұл да белгіленген межеге қол жеткізуге кері әсер етері сөзсіз. Ел назарындағы ірі жоба – Атырау қаласында газ-химия ке­шенін салу жұмыстары 2022 жылы жүзеге асырылатыны белгілі болды. Ал кәсіпкерлікті қолдау бағытында Құрманғазы ауданында «Көлік-логистикалық инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» жобасына аудан тарапынан жер телімі берілген. Алайда бизнес иесінің қаржылық жағдайына байланысты бұл жобаның құрылыс жұмыстары келесі жылдың еншісіне қалып, кейінге ысырылған. Аймақтық қоғамдық кеңестің тө­рағасы Абдолла Ыдырысов бұл жобалардың бәрінің орындалуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.

Дәулет АСАУ