«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау, аграрлық секторды дамыту жөніндегі бірлескен қоғамдық кеңес отырысында күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қозғалып, талқыланды.
Өңір экономикасын өркендету, бағаны тұрақтандыру – партия назарынан тыс қалған емес. Партияның жергілікті филиалы күн сайын шарықтап өсіп бара жатқан бағаны тұрақтандыру жолдарын қарастырып, өз кәсіптері арқылы табыс тауып отырған бизнес иелерін қолдау көрсету ісін бір әрдайым бақылауда ұстайды. Сондай-ақ облыстың шалғай елді мекендеріне азық-түлікті, көпшілік күнделікті тұтынатын басқа да тауарларды тиімді бағамен ұсынудың жолдарын іздейді. Аймақтық қоғамдық кеңес төрағасы Абдолла Ыдырысов атап өткендей, осы қордаланған проблемаларды шешу үшін барлық тараптар бірлесіп жұмыс істегенде ғана тиісінше нәтиже шығады. Жиын барысында аймақ экономикасы үшін маңызды кейбір жобалардың белгілі себептерге байланысты кейінге шегеріліп қалғаны белгілі болды. Айталық, мұнай-химия өндірісі көлемін өткен жылға қарағанда 35 пайызға ұлғайту жөнінде о баста жоспарланған міндеттерге кері әсер етіп отырған фактор бар. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытынан сәуір айынан бері тек отындық режимде мұнай өнімдері шығарылған. Ал мұнай-химия өнімдері мүлдем өндірілмеген. Сондай-ақ облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиеваның айтуынша, газ-химиялық кешеннің құрылысын аяқтау да келесі жылға қалып отыр. Демек, бұл да белгіленген межеге қол жеткізуге кері әсер етері сөзсіз. Ел назарындағы ірі жоба – Атырау қаласында газ-химия кешенін салу жұмыстары 2022 жылы жүзеге асырылатыны белгілі болды. Ал кәсіпкерлікті қолдау бағытында Құрманғазы ауданында «Көлік-логистикалық инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» жобасына аудан тарапынан жер телімі берілген. Алайда бизнес иесінің қаржылық жағдайына байланысты бұл жобаның құрылыс жұмыстары келесі жылдың еншісіне қалып, кейінге ысырылған. Аймақтық қоғамдық кеңестің төрағасы Абдолла Ыдырысов бұл жобалардың бәрінің орындалуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.Дәулет АСАУ