Иесіз мың мал табылды
Иесіз мың мал табылды
494
оқылды

Ақтөбе облысында мыңнан астам иесіз жайылып жүрген мал табылып, арнайы қораларға орналастырылды. Заң бойынша егер иесі табылмаса, жергілікті атқарушы органдар иесіз малды мемлекет меншігіне өткізіп, сатуға не союға құқылы. Полицей­лердің айтуынша, көбіне мал иелері жануарларды жайылымға немесе көшеге шығарып жіберіп, қараусыз қалдырады.

Ақтөбе облысында мәслихат­тың 2021 жылғы 24 ақпандағы №16 шешімімен ауыл шаруа­шылығы жануарларын жаю, сон­дай-ақ иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағида­лары бекітілді. Оған сәйкес ауыл шаруашылығы жануарлары олар­дың иелері не олар уәкілеттік бер­ген адамдар жаюы тиіс. Бұл қағидаларды сақтамағаны үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. – Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 76 қылмыс тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға аз. Азаматтардан 412 бас мал ұрланды, оның ішінде жыл­қысы – 147, ірі қара малы – 82, ұсақ малы – 183. Иелеріне 209 бас мал қайтарылды. 68 жағдайда немесе 90%-ында мал иесіз еркін жайылып жүрген жерінен ұрлан­ған. Мұндайда иелері көбінесе малдың қай уақытта ұрланғанын не жоғалғанын білмейді, бұл жағдай малды іздестіруді қиын­датады. Жоғалған малды іздеуге полицияның күші, уақыты мен қаражаты жұмсалады, – деді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Мұрат Сейталин. Облыста қаңғып кеткен малды ұстауға арналған 69 қора жұмыс істейді, оған жыл басынан бері 1 267 иесіз жайылып жүрген мал орналастырылды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін 600 мал иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Қараусыз мал көліктердің қозғалысына үлкен қауіп төн­діреді. Жолға шығып кеткен төрт түлік жол апатына, адам қазасына соқтыруы ықтимал. Жыл басынан бері облыс аумағында мал­дың қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 7 адам түрлі дене жарақатын алды.

Ерік ЕРДЕНОВ