Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан азаматтығын алмаған адамдар жетерлік. Олар үшін заңнамада «азаматтығы жоқ тұлғалар» деген ұғым ойлап табылған. Өзін әлі күнге Кеңес азаматы санайтын жандар да елдегі игіліктерді Қазақстан азаматымен бірдей тұтынады. Қазір құзырлы органдар оларды тауып, құжатын рәсімдеуге көмектесіп жатыр.
Мысалы, Ақтөбе облысында 69 жастағы зейнеткер алғаш рет қазақстандық құжаттарға қол жеткізді. ІІМ дерегінше, Лариса Чернышева күні бүгінге дейін 1974 жылғы үлгідегі КСРО пас- портымен өмір сүріп келген. Қарт әйелге құжаттарын алуға Ақтөбе облысының полицейлері көмектесті: оны Мұғалжар ауданының полиция бөліміне шақырып, салтанатты түрде жеке куәлігі мен гүл шоқтарын табыстады. Зейнеткерге арнайы дайындалған азық-түлік себеті ұсынылды. Л.Чернышева осының алдында мемқызметтер алу үшін ХҚКО-ға жүгінген, орталық мамандары оған құқықтық мәртебесін анықтауға кеңес беріп, аумақтық көші-қон қызметі бөлімшесіне жіберген. – Менде туу туралы куәлік те, ел аумағында тұратынымды растайтын құжат та болған жоқ. Көші-қон қызметінің қызметкерлері тиісті органдарға өздері сұрау жіберіп, қажетті ақпарат алды, Қазақстан азаматы екенімді анықтады. Мәселемді қысқа мерзімде шешіп бергені үшін рақмет, – деді зейнеткер. Полиция құжаттары жоқ азаматтарға Қазақстан азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігін ресімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуді ұсынады.Ерік ЕРДЕНОВ