Білім ошағындағы олқылықтарға кім жауапты?
Білім ошағындағы олқылықтарға кім жауапты?
292
оқылды

Жуырда «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында мектепті жөндеуге бөлінген миллионның мыңы ғана жұмсалғаны белгілі болды. Қазір аймақтарда білім саласындағы олқылық пен жем­қорлыққа батқан Білім басқармалары туралы күнде ақпарат шығады. Білім министрі аймақтардағы білімге жауап­тыларды жауапқа тартқызуға қауқары жоғын айтады.

Аймақтағы білімге жауап­ты­ларды әкімдік қалай іріктеп ала­тынын кім білсін, бірақ бүгінде әлеуметтік желі парақшаларынан өңірлердегі білім мекемелерінде болып жатқан жайсыз оқиғалар жай­лы жаңалықтар жиі қылаң беретін болды.

Білім саласындағы жемқорлық көш бастап тұр

Жуырда «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл жөніндегі республи­ка­лық қоғамдық кеңес отырысында Се­мей қаласында мектепті жөн­деуге бөлінген 1 миллион теңгенің 130 мың теңгесі ғана жұмсалғаны белгілі болды. Партия мүшелерінің айтуынша, облыста соңғы екі жылда білім са­ласы жемқорлық деңгейі бойын­ша көш бастап тұр. Өңірде жем­қорлық бойынша 200-ге жуық іс тіркелген. Одан бөлек, 20 шақты аза­мат қызметін асыра пайдалан­ған. «Семейдегі мек­тептің қасбет­тік жарықшағын жөн­деуге 1 мил­лион теңге бөлінді. Бұған 130 мың теңге ғана жұм­салған. Қалған 900 мың теңге жа­рық­шақты қалай тү­зетуге бола­тынын анықтауға жұм­салыпты. Соңында ол жай ғана бұрандамен бекітілді. Бұдан бөлек, жақында аудан орталығында жаңа бассейн салынған. Бірақ ол қай­тадан жөндеуді қажет етіп тұр», – дейді «Nur Otan» партиясы жа­нындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі РҚК мүшесі Дәурен Жүсіпов. Бірақ Шығыс Қазақстан об­лысы Білім басқармасының бас­шысы Сайрангүл Жұмәділова бұл айтылғандармен келіспейді. Ай­туынша, қаражаттың толық жұм­салмауына себеп бар көрінеді. «Бар­лық құжатымыз бар. Мектеп директоры ешқандай қателік жа­саған жоқ. Бұл жерде заңбұзу­шы­лық болмаған. Мектептің қабырға­ла­рында пайда болған жарықшақ­тардың балаларға қаншалықты қауіпті екені тексерілген. Тек­серіс­тің нәтижесінде ешқандай қауіп жоқ екені анықталған соң жеңіл-желпі жөндеу жұмысын жасауға болатыны туралы шешім шық­қан», – деп жауап берді аймақ­тағы білім саласына жауапты Сай­рангүл Жұмәділова.

Мектептегі былықтан хабары жоқ

Сондай-ақ осы аптада павло­дарлық полицейлерге Май ауда­нын­­да тұратын әйел алаяқтың құр­­баны болғанын біліп, дереу по­лицияға хабар береді. Сөйтсе алаяқ­тықтың артында Павлодар облысында мектеп директоры қызметін атқарған әйел адам тұр­ғаны белгілі болды. Бұл туралы об­лыстық Білім басқармасы бас­шысының орынбасары Гүлмира Башировадан сұрап білгенімізде күдікке ілінген әйелдің мектеп ди­ректорлығына әлі тағайындал­ма­ғанын, тек міндетін атқарып жүр­генін жеткізді. «Ол бойынша қан­дай айып тағылғанын, тергеу жүріп жатқаны туралы ештеңе айта ал­маймын. Хабарым жоқ» деп қысқа қайырды.

Мектеп директорларының «айқасы»

Алматы облысында да мектеп директорының бірнеше жылдан бергі былығын жалпақ жұртқа жайған еден жуушы сот алдында жауап беріп жатыр. Аймақтағы Кер­бұлақ ауданына қарасты Кү­рең­бел орта мектебінде бес жылдай еден жуушы болған Ұлболсын Қыс­таубаева өзінің мардымсыз жалақысының үстіне қосып ақша алып, оны кейін мектеп директо­рына қолма-қол өткізіп отырғанын айтқан еді. Бұл әрекет 5 жылға жал­ғасқан. Мұндай айыптаумен ке­ліспеген директор ар-намысын қорғау үшін бұрынғы қол астын­дағы қызметкерін сотқа сүйреп әлек. Бұл сот процесіне Ма­лайсары ауылдық мектебі директо­рының міндетін уақытша атқарушы Күн­сұлу Мүлікбаева да шақырыл­ған. «Кәмшат Болатхан­қызының ары­зы негізінде мені де сотқа ша­қыр­ды. Мен ол дирек­тордың көп­теген заңсыз әрекеті туралы құ­зырлы ор­гандарға арыз жаздым. Осы іс бойынша қазір Талдықорған­да жүрмін. Тексерулер болды, нәти­же­сін білмекпін. Маған соттан жұма күні хабар­ла­сып, сізді де сот­­қа тартып жатыр­мыз деді. Бара­мын келесі сотқа. Қазір сотта өзім­ді қор­ғайтын адам іздеп жатыр­мын», – деді Күнсұлу Мүлкібаева. Бірін-бірі сотқа сүйреп, жүрген мектеп директорларының әреке­тіне Білім басқармасы не аудан әкімі тоқтау сала алар емес. Алматы облысында мектеп басшылары соттасып жатқанда, Түркістан облысы Шардара ау­даны Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының оқу ісі жө­ніндегі орынбасары Райгүл Мұсалиева мен ағылшын тілі пә­нінің мұғалімі Сандуғаш Жақыпо­ва жұрт алдында жұлысқаны тура­лы желіде жарияланды. Видеода мектеп-гимназиясы директоры­ның оқу ісі жөніндегі орынбасары әріптесі Сандуғаш Жақыповаға қолына түскен сөмкені лақтырып, бүкіл отбасымен өртеп жіберетінін айтып, айқайға басып жатқаны анық естіледі.

Министр қауқарсыз

«Білім ошағы былыққа батып, ұстаз беделіне нұқсан келтіріп отырған оқиғалардың болуына Білім министрі жауап беруі керек» дейтіндер табылады. Алайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім қызмет­кер­лерін сыбайлас жемқорлық үшін жұмыстан шығара алмайтынын түсіндіреді. Шенеуніктің айтуын­ша, министрлік білім беру сала­сын­дағы сапаны қамтамасыз ету комитеті сыбайлас жемқорлық үшін айыппұл салуы мүмкін, бірақ қызметкерді жұмыстан шеттетуге немесе жұмыстан шығаруға құ­қы­ғы жоқ. Бұл міндет облыстық бас­қармалардың құзыретіне кіреді. «Көптеген адамдар біз барлық мектептер мен балабақшалардың директорларын, сондай-ақ аудан­дық және қалалық білім бөлімдері­нің басшыларын тағайындаймыз, олар біздің бақылауымызда және біз оларды қаржыландырамыз деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Шын мәнінде, мектеп директорла­рын, балабақша мен колледж бас­шыларын жергілікті білім бөлім­де­рі тағайындайды. Оларды бейін­ді облыстық басқармалар бақы­лай­ды және қаржыландырады. Тіпті, облыстық Білім басқарма­ла­ры­ның да бізге тікелей қатысы жоқ», – дейді білім басшысы. Яғни, министрлік жалпы білім беру саясатын жүргізеді. Ал оларды одан әрі іске асыру – жергілікті басқару органдарының міндеті. Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі рес­публикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменова білім ошағында кездесетін олқы­лықтар заңның аясында шешілуі керек екенін айтады. «Қазір білім саласындағы ұйымдастыру­шы­лықты жүзеге асыруға қатысты заң­дар жетерлік. Олардың орын­далуын қадағалайтын құзыретті органдар да бар. Сондықтан нақты болып жатқан заңсыздықтар мен олқылықтарға заңның арнасында жауапты құзыретті органдар ай­налысып, тез арада шешімін табуы тиіс. Біздің кеңеске де неше түрлі шағымдар келіп жатады. Біз өз құ­зыретіміз шегінде тиісті мекеме­лерге тексеру үшін жібереміз», – дейді Жұлдыз Досбергенқызы. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы білім саласында болып жатқан олқылықтарға ең алдымен Үкімет мен Парламенттің де «үлесі» бол­ғанын жасырмайды. «Ең көп ре­формаға түсіп жатқан білім саласы. Бірақ басынан дау артылмайтын да осы сала. Екі жыл бұрын қоғам­дағы мұғалімдердің мәртебесін ай­қындап бердік. Бірақ мектеп­тердің оқу, тәрбие жұмысынан бастап бюджетіне дейін әкімдіктен алып облыстық Білім басқарма­лары­ның құзырына беріп қателік жасадық. Өзім қарсы болдым, бірнеше рет депутаттық сауал жа­садым. Бірақ заң қабылданып кетті. Қазір соның «жемісін» көріп отырмыз», – дейді сенатор. Сал­дарынан аудан мен қала әкімдері білімдегі олқылыққа бас қатыр­майды. «Ал білім басқармасындағы 20-30 адам 1 200-1 300 шақырымда­ғы аудандарда не болып жатқанын білмейді. Екіншіден, білім бас­қар­масының басшылары мен мектеп директорларын тағайындағанда «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмеуін қадағалау керек. Себебі қазір еден жуушыдан бастап пара арқылы жұмысқа алынатынын жасырып жабу қиын», – дейді сенатор. Аймақтардағы білімге қатысты болып жатқан олқылықтардың көбі мектеп басшысының сөгіс алуы­мен аяқталады. Ары қарай мектеп директоры, білім басшысы, оны тағайындаған әкім де өз жұ­мысын жалғастырып жатады. Осы себептен де мектеп мұғалім­дері басшылық тарапынан болатын бассыздықтардың басын ашып айтып беруге құлықсыз. Өйткені былықтың бетін ашқаны үшін басшылар емес, өздерінің басы кетіп қалатынын біледі.

Жадыра МҮСІЛІМ