Тірі екеніңді дәлелде!

Александр тірі

Петропавл қаласының әкімдігі тірі адамды «өлдіге» санап, тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған. Жетім жігітке тірі екенін дәлелдеп, кезекке қайта тұру үшін талай табал­дырықты тоздыруға тура келді. Шенеуніктер бұл қателікті техникалық ақаумен байланыстырып отыр.

Александр Рябуха есімді жігіт тағдырдың тәлкегін бала кезінен көріп келеді. 8 жасында анасы о дүниеге аттанғаннан кейін үйел­мелі-сүйелмелі төрт бала жетімдер үйіне тапсырылған. Сонда жүрген кезінде-ақ Александр үй кезегіне тұрған екен. Жетімдер үйі Айыртау ауданында орналас­қан­дық­тан, Александр сол ауданның орталығы Саумалкөл ауылындағы үй кезегінде болған. Кейін Петро­павлға көшіп кеткендіктен, ол ж­ақ­тағы кезектен шығып, тұрғылықты жері бойынша тіркелген. Төрт жыл­дай кезекте тұрған адамды биыл наурыз айында бәзбіреулер «өлді» деп көрсетіп, есептен шыға­рып тастапты. Содан кейін тірі екенін дәлелдеу үшін талай табал­дырықты тоздыр­ғанымен, еш нә­тиже шықпаған соң Александр журналистерден араша сұрады.

«Кезектен мені неге шығарып тастағандарын түсінбедім. Мүмкін біреуге қажет болған шығар. Тех­никалық ақаулық деп түсіндіріп отыр. Оның анық-қанығын кім біл­сін? Қайда барсам да, «өлі» адам­ның «тіріліп» келгеніне бәрі аң-таң болады», – дейді Александр Рябуха.

Александр әділдік іздеп, про­куратураға барғанын айтады. Бірақ онда ешкіммен сөйлесіп, мән-жай­дың анық-қанығын білудің сәті түс­пепті. Тек жазбаша арызын ғана қалдырған. Кейін өтініші қарас­ты­руға қабылданғаны туралы SMS-хабарлама келген.

Александр Башировичтің ай­туынша, кезек тоқсан сайын жа­ңартылады. Наурыз айында кезек­тен шығарылғанын өзі досынан білген көрінеді. «Досым өзінің ке­зе­гін тексерген екен. Сол келіп, мені кезектен таба алмағанын айт­ты. Сайтты ашып қарап едім, өз кө­зіме өзім сенбедім. Кезектен шы­ғарылу себебі деген бағанаға «өлі­міне байланысты» деп жазып қойыпты. Қалалық әкімдікке бар­сам, «өліп қалғанына байланысты кезектен шығарып тастадық» деген жауап алдым Тірі екенімді дәлелдеу үшін талай табалдырықты тозды­руыма тура келді», – дейді Александр.

ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАТЕЛІК ПЕ? ӘЛДЕ?..

Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ыбы­раев­тың айтуынша, бұған техникалық ақаулықтар себеп болған. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бө­лімі жыл сайын кезектегілердің мәртебесіне түгендеу жүргізіп оты­рады. Себебі біреулер басқа жаққа көшіп кетуі немесе үй сатып алуы, тіпті қайтыс болуы мүмкін. Наурыз айындағы жоспарлы түгендеу ба­рысында 1996 жылы туған Алек­сандр Рябуханың мәртебесі мәлі­меттер базасында «өлі» болып шық­ты. Әкімдік өз тарапынан мәр­­тебені өзгерте алмайды, тек отбасы мүшелерін ғана кезекке қоса алады. «Өлілер» тізімінде бол­ғандықтан, ол автоматты түрде ке­зектен шығарылған. Бірақ кеше оның кезегі қалпына келтірілді. О баста оның кезегі 1 680-ші болса, енді 1 342-ші, яғни ол бұрынғы ор­ны­на тұрғызылды. Біз мұны тех­никалық ақаудың салдары деп ойлап отырмыз. Бірақ техникалық қателік пе, әлде біреудің салдыр-салақтығы ма, оны кейін анықтап, тиісті шешім қабылдайтын бола­мыз», – деді Азат Серікұлы.

Әділет органдарындағылардың айтуынша, мұндай жағдайларға көбіне-көп адамның жіберген қа­телігі себеп болады. Облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Қожахметова өз тәжірибесінде мұндай қателік кездеспегенін айтады. «Біздің об­лыста мұндай оқиға болып көрген емес. Біздің базада «Александр Ря­буха өлді» деген жазба тіркелмеген. Негізі, осындай қателіктер адам фак­торына байланысты жіберілуі мүмкін. Кейде аты-жөні, туған күні, айы, жылы бірдей адамдар кездеседі. Соларды шатастырып алуы да мүмкін», – деді Гүлнара Қа­лиқанқызы.

Енді Александр Азаматтық хал актілерін тіркеу органына барып, өтініш жазуы керек. Одан кейін оған өлімі туралы хал актісі тіркел­мегені туралы анықтама беріледі.

Әрі көші-қон полициясы бөлі­мінен де анықтама алуы керек. Себебі онда оның мәртебесі «бел­гісіз» деп көрсетілген. Азат Ыбы­раев­тың айтуынша, бұл көші-қон полициясы оны тіркелген жеріне барып тексергенде, таба алмаға­ны­на байланысты болуы мүмкін. Сон­дықтан басқа елге көшіп кетті деп санауы ғажап емес.

ТАСБАҚА АЯҢ

Қалалық әкімдіктің мәліметін­ше, пәтерлер баспана құрылысына байланысты кезектегілерге пайыз­дық қатынаста бөлінеді. Бүгінде Петропавлда 14 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Оның 1 700-і – жетімдер. Биыл 65 пәтер осы санат­тағы адамдарға беріліпті. Бұл был­тырғыдан екі есе артық. 2020 жылы жетімдерге 30 шақты ғана пәтер бе­рілген екен. Александр Рябуха­ның қашан үй алатыны әлі белгісіз. Кезектің жылжуы үйлердің құры­лыс қарқынына байланысты. Кезек тасбақа аяңмен жылжиды. Алек­сандрдың өзі әрі кетсе 5-10 жылдың ішінде баспаналы боламын деген үмітте. Әзірге құрылыста бел жаз­бай жұмыс істеп, кезектің тезірек жылжуына үлесін қосып жүрген жігіт пәтердің бір бөлмесін жалдап тұруға мәжбүр.

Қайтыс болған адамдардың кезегі автоматты түрде оның мұра­герлеріне беріледі. Бірақ Александр әлі үйленбегендіктен, оның кезегі ешкімге ауыспапты. Өзінің ай­туынша, туған ағасы Жетімдер үйі­нен кезекке тұрып, Саумал­көлден баспаналы болған. Үлкен апасы қайда екені белгісіз. Ал қа­рындасын ерлі-зайыпты бір отбасы асырап алған екен. Оның да тағды­рынан Александр хабарсыз.

Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ыбы­раевтың айтуынша, пәтер кезегіне қатысты мәліметтер базасы жалпы республикаға ортақ. Онда Қазақ­стан бойынша кезекте тұрған бар­лық адам біріктірілген. Қателік рес­публика деңгейінде де кетуі мүмкін. Ал жергілікті жерлердегі жауапты тұлғалар тек сол мәлі­меттер базасындағы деректердің дұрыс-бұрыстығын тексеріп қана отырады екен. Дегенмен шенеунік қалалық әкімдік Александр Рябу­ханың алдында ауызша түрде ке­ші­рім сұрауға дайын екенін жеткізді.

Ал Александр мұндай қателік алдағы уақытта басқа адамдарға қа­тысты қайталанбағанын қалай­ды. «Маған бәрібір, менің рухым мықты, өзім оптимиспін. Сондық­тан бұл жағдайды аса қиналмай, күліп қабылдадым. Ал менің ор­ным­да басқа біреу болса, мәселен нәзік мінезді қыз бала болса немесе егде жастағы қария болса, қайғылы оқиға орын алмасына кім кепіл?», – дейді жетім жігіт.

Азат Ыбыраев бұдан басқа мұн­дай мысалдар жоқ екенін айтып сендірді.

Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.