Даласы кең, қаласы тар Қазақстан
Даласы кең, қаласы тар Қазақстан

Еліміз қарқынды дамып жатыр, қалаларда құрылыс дүмпу алып тұр деп қуанғанымызбен, таяқтың екі ұшы бар демекші, оның бір шеті сығылысқан құрылысқа әкеп тіреп отыр. Екі үйдің арасындағы қуысқа әкеліп үлкен-үлкен ғимараттар салу деректері елімізде өте көп. Сығылыстыра салынған ғимараттардың сол жерде бұ­рыннан бар тұр­ғындарға жайсыздық тудырып, инфра­құрылымдарға жүктеме түсіретіні белгілі. Одан да өзге проблемалары жетіп-артылады. Бұл бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғын­дардың наразылығын тудырды.

Аула тарылса, ауа тарылады

Сондай нысанның бірі – Ал­маты қаласы Медеу ауданы Абай көшесі 8-ші үй мекенжайы бо­йынша тұрғызылып жатқан жер­асты паркингі бар көпфункцио­налды тұрғын үй кешені. Әйтсе де, «Ирида Инвеста» ЖШС-ның тапсырысымен бас мердігер «РАМС Казахстан» компаниясы жүргізіп жатқан бұл құрылыс ақпан айынан бері тоқтап тұр. Өйткені оның құрылысына ір­гелес орналасқан Н.Назарбаев даң­ғылы №220/3 және №176 үй­лерінің тұрғындары қарсы шық­қан. Назарбаев – Сәтбаев көше­лерінің қиылысындағы үйлердің барлығы 5 қабатты. Ал жаңадан салынып жатқан үйлер цоколь және техникалық қабаттарды қоспағанның өзінде 10 қабатты бес блоктан тұрады. Бұл бірін­шіден қаланың тарихи орталы­ғының сәулеттік ансамблін бұза­ды, екіншіден нысан Қазақ ұлт­тық аграрлық унисерситетінің жер аумағының шетін басып ал­ған. Құрылысқа рұқсатты Қа­ла­лық жоспарлау және урбанистика басқармасы беріпті. «Қала әкімі Бақытжан Са­ғынтаев ақпан айында келіп, жағ­даймен танысқан бойда тұр­ғындардың барлығының келі­сімін алғанша тыйым саламын деп құрылысты тоқтатып тастады. Содан бері РАМС өкілдері келіп, бізбен бірнеше рет кездесті, біз оларға бірқатар талап қойдық. Әуелі, үйдің биіктігін 5-6 қабат етіп аласарту, одан соң блоктар санын азайту. Өйткені қуықтай жерге он бір қабатты бес мұнаралы үй дегенің өте көп. Бірақ біздің талаптарымызды ескерген ешкім болмай тұр. Ендігі біздің мақсаты­мыз құрылысты толық тоқтату және заңдылығын тексеру. Өйт­кені университеттің жер аумағына құрылыс салуға кім рұқсат берді? Мемлекеттік жер жекеменшік бизнеске қалайша өтіп кеткен? Оқу ордасының аумағына тұрғын үй емес, жатақханалар және спорт кешендері салынуы тиіс. Оның үстіне күні-түні тез-тез салынып жатқан құрылыстың сапасына сенбейміз. Оның сейсмикалық қауіпсіздігіне күмәніміз бар», – дейді тұрғындардың бірі Камила Утарбаева. Расында да, қаланың қақ ортасында, «алтын квадратқа» үй салуға екінің бірінің пәрмені жете бермейтіні рас. Бірақ сол құлқын қамын көксеген пәрменділердің тарихи ауданның сәулеттік тұ­тастығы өз алдына, оның сейсми­калық тұрақсыздығын ескер­мегені өкінішті. Өйткені жақын маңда метроның бір тармағы өтіп жатыр. Асты қуыс тұсқа үстінен зіл батпан салмақ салған соң, зілзала дүмпуіне де осал болып келетіні рас. Оның үстіне, бұл ау­дан тығыз қоныстануға арнал­маған. Айналасында мектеп, балабақша, мемлекеттік медици­налық мекемелер жоқ. Құрылыс басталғалы шу мен шаң көбейіп, адамдардың көлікпен кіріп-шы­ғуында қиындықтар туындаған. Шарбақпен қоршап тарылтып тастағаны өз алдына, ауыр құры­лыс техникалары аулаішілік жол­дардың тас-талқанын шығарған. Бұл – құрылыс кезіндегі қолай­сыз­­дық­тар. Ал пайдалануға бе­рілген жағ­дайда инженерлік ком­­муни­кацияларға түсер ауырт­па­лықтар өз алдына, жаңа көр­ші­лердің тар шарбаққа қалай сы­йысатынын уақыт көрсетер. Одан да басқа келеңсіздіктері жетіп артылады. Бірақ тұрғындар өздері тұратын ауданға «Алматы қала­сы­ның ескі тарихи орталығы» деген мәртебе алып беріп, бас жоспарға енгізіп, құрылыс салуға мүлдем болмай­тын­дай етуге бекініп отыр.

Құрылыс компаниясының шығынын кім өтейді?

Елімізде сығылыстыра құры­лыс салу деректері қай қалада да кездеседі. Соның ішінде оның әлеуметтік салдары ірі мегапо­листерде қатты сезіледі. Әсіресе, Алматы қаласында бұл ахуал қоғамдық пікірге себеп болып тұр. Бұл оның урбанизациялық ма­ңызымен, қала орталығында бос жер телімдерінің жоғымен байланысты. Сыналай салынған ғимараттар қолайсыздық туды­рады. Бүгінде мұндай қатынас­тарды реттейтін ортақ ереже бол­май тұр. Өйткені жер телімін бөлу құзыреті жергілікті әкім­діктерге берілген, олар бұл билігін көп ретте тұрғындармен санаспай пайдаланады. Ал ол жерге қанша қабат нысан салатынын құрылыс компаниялары өздері шешеді. Ал тұрғындар тас орманның көбейіп, жасыл желектердің азайып бара жатқанына шағымданып жатыр. Енді бұл мәселені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолға алмақ. Олар­дың хабарлауынша, елімізде рет­сіз құрылыс салу мәселесін шешу үшін қала құрылысы жобаларына жаңа сараптама пайда болуы мүмкін. «Біз қазір қалаларды дамытуда дұрыс жоспарламау мәселесіне тап болып отырмыз. Сондықтан қала құрылысы сараптамасын жаңаша енгізу қарастырылып жатыр. Бұл жобалардың әзірле­нуін бақылауға алуға, аумақты сапалы жоспарлауға, халықтың қауіпсіз және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкін­дік береді. Мәселен, министрлік «ҚР-ның сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң талаптарының бұзылуын анықтаған жағдайда әкімдіктер жанындағы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары құрылыс салушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуы тиіс», – дейді министрлік өкілдері.

ИИДМ есеп­теулері бойынша, құрылыстың өзіндік құнын шаршы метрі үшін 250-300 мың теңге деп есептеп, жер учаскесін сатып алған құры­лыс салушы тұрып қалған уақыты үшін шаршы метр үшін 500 мың теңгеден артық жоғалтады екен.

Көбіне құрылыс компания­лары тұрғындар тарапынан ке­дер­гіге барлық рұқсат құжаттарын рәсімдеп, құрылысты бастау кезеңдерінен өтіп қойғанда ба­рып тап болады екен. Мән-жайларды сараптау барысында олардың  бекітілген бас жоспарға қайшы екені анықталады. Ал өз кезегінде әкімдік құрылысты тоқтатып тастайды да, барлық рұқсат беру құжаттарын кері қай­тарып алады. Осылайша, жергі­лікті биліктің бұл іс-әрекеті құ­рылыс салушыны қаржылық шығындарға батырады. Өйткені жер учаскесін сатып алуға, жоба­лық құжаттаманы әзірлеуге және қызметкерлерді жалдауға қаражат жұмсаған компания екі ортада дағдарып қалады. ИИДМ есеп­теулері бойынша, құрылыстың өзіндік құнын шаршы метрі үшін 250-300 мың теңге деп есептеп, жер учаскесін сатып алған құры­лыс салушы тұрып қалған уақыты үшін шаршы метр үшін 500 мың теңгеден артық жоғалтады екен. Осының бәрі жаңа сараптамада ескерілетін болады.

Сәулетші мәртебесін көтеру қажет

2000 жылы бекітіліп, жиырма жылға арналған Алматы қаласы­ның бас жоспарының биыл мер­зімі аяқталған болатын. Ал жаңа жоспар әлі дайын емес. Мұндағы проблеманың бір ұшығы осында болып түр. Қазір бас жоспарды жасақтау бойынша жұмыс тобы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Әзірге Алматы қаласының сәу­лет­тік келбетін қалыптастыру ережесі қабылданған. Сол бо­йынша халықты белгілі бір ау­данға орналастырудағы тығыз­дығы сиретіліп отыр. Мәселен, бұрын бір гектарға 1000 адамнан қоныстандыруға рұқсат берілетін болса, енді бүгінде ол көрсеткіш 240 адам боп бекітілген. Осы се­кілді көптеген өзгерістер бас жос­парда ескерілетін болады. Жұмыс тобының мүшесі, сәулетші Айдын Ақбай әкімдік тарапынан жер қатынастары, құрылыс салу және жобалау жұмыстары ашық болуы керек деп санайды. «Құрылысқа бөлінетін жер телімдері қоғаммен байланыста, тұрғындармен диалог арқылы берілуі тиіс. Шешім қабылдау ашық болуы керек. Бізде тіпті деталды жоспарлау жобасының (ПДП) өзі жабық режимде жаса­лады. Ал оның алдында сарапшы­лар­мен кездесу өткізіліп, пікір­лерімізді тыңдаған болатын. Енді ол ұсыныстарымыз қабылданды ма, жоқ па, жоспар жобасында бар ма, білмейміз. Осыдан келіп тұрғындардың наразылығы туа­ды», – дейді Алматы қаласы қо­ғамдық кеңесінің сарапшысы, сәулетші Айдын Акбай. Сондай-ақ Айдын Ақбай сәу­летшілердің мәртебесі тым тө­мендетіліп тастаған деп санай­ды. Тіпті, жобалаушы маманның дә­режесіне дейін түсіп кеткен. Бұл мүлдем дұрыс емес. Оны қайтадан көтеріп, сәулетші мамандарға өзінің құзыреті, жауапкершілігі, ықпал ету тетігін беру керек. Сон­да ғана ол құрылысшыларды қа­дағалап, ғимараттардың сапасын талап ететін болады. Жер телім­дерінің орналасуына жауапты болады. «Сәулетшілердің статусынан айырылуы Хрущев заманында жаппай панельді үйлер салу ке­зінен басталды. Содан бері олар­дың мәртебесі кенже қалып ке­ле­ді. Ал әлемдегі тәжірибеде бюд­жет­тің 15%-ға жуығын жо­балау жұмыстары алатын болса, оның 70%-ы сәулетшілерге тие­сілі.  Сол себептен де олар жер телімдерін орналастыру және құрылыс жұ­мыстарының сапалы болуына мүдделі болады. Кез келген ны­санға желдің түсіретін, шудың түсіретін салмағына де­йін есептеп шығарып, өз ұй­ғарымын береді. Ал бізде бұл көрсеткіш – 3-5% ға­на. Бізде құрылысшылар ны­сан­ды өздері қалай қаласа, солай етіп салады. Бұл бір кварталдың өзінде ала-құла ғимараттардың пайда бо­луына алып келді. Ал түптеп кел­генде, бұл қаланың ур­ба­нис­тикасы мен агломера­ция­сына теріс әсер етеді», – деді ол. Бір сығылысқан құрылыс салу проблемасының өзі елімізде кешенді шешімін күткен мәсе­лелер барын алға тартып отыр. Ал оның шешімі бірінші кезекте ашықтықта, екінші кезекте сәу­лет саласын бәсекелес ортаға беру дәргейінде жатыр.

Нұрлан ҚОСАЙ