Елде білікті маман тапшы
Елде білікті маман тапшы
391
оқылды

Сарапшылардың айтуынша, Қазақ­­станда жұмысшы кәсібі бойынша 630 мың маман жетіспейді. Бұл – жай ғана цифр емес, бюджет үшін қып-қызыл шығын. Кадр тапшылығы салдарынан отандық кәсіпорын­дардың кірісі кеміп, еліміз жыл сайын 1,5 триллион теңге жоғалтады.

Жұмысшы қолы жетіспейді

Бұл проблеманың қаншалықты ушы­ғып тұрғанын Үкімет жақсы біледі. Әлбет­те, мемлекеттік органдар жұмысшы­лар қауы­мы­ның тапшылығын нарықтағы қат ма­ман­дықтар бойынша оқу гранттарын ұл­ғайту арқылы жоюға талпыныс жасап жа­тыр. Бірақ одан шыққан нәтиже шамалы тәрізді. 2020 жылғы еңбек бөлісін саралайтын болсақ, жастардың өздері де өңдеу секторына, тау-кен өндірісіне, құрылыс пен ауыл шаруашылығына, жалпы ауыр ең­бекті қажет ететін басқа жұмыстарға баруға құштарлық танытпайтынын байқауға болады. Мәселен, 15-28 жас аралығындағы жастардың дені қаржы және сақтандыру  (жұмыспен қамтылғандарының 31%-ы), қызмет көрсету (30%), мемлекеттік басқару (27%), ақпарат және байланыс (26%), сауда (25%) салаларын таңдайтыны анықтал­ды. Ал енді бұған кім кінәлі: нарықта үлкен сұранысы бар мамандықтарға жастарды еліктіре алмаған Үкімет пе, әлде «модный» мамандық таңдайтын жастардың өзі ме, ол жағын саралауды оқырманның өз еншісіне қалдырдық. Қазақстан Құрылысшылар одағының дерегінше, еліміздің тек құрылыс саласы ғана 242 мың маманға зәру: инженерлер, прорабтар, техника қауіпсіздігі бойынша мамандар, тас қалаушылар, сылақшылар, дәнекерлеушілер, электриктер, тағы сол сияқты. Мұның көп себебінің бірі –құрылыс саласы мен техникалық және өндірістік оқыту мекемелерінің арасында байланыстың жоқтығы. Көптеген кол­ледж­дің студенттері құрылыс алаңдарында өндірістік тәжірибеден өтпейді. Оның үстіне, құрылыс компанияларында әлеу­меттік кепілдік пен еңбек құқықтары да сақтала бермейді. Ал жергілікті атқарушы биліктің есебі бойынша, ауылшаруашылық субъекті­лерінің 80%-ына агрономдар, мал дәрігер­лері, инженер-механиктер, технологтер, тракторшылар, тағы басқасы жетіспейді. Ауыл шаруашылығы саласында 1 192 585 адам жұмыс істейді, ал оның жыл сайынғы кадр тапшылығы – 3 мың адам. Ауылдық өңірлерде қалалық жерлерге қарағанда жалақының төмен болуына, жас мамандар­дың тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуіне және шалғайдағы елді мекен­дердің әлеу­меттік инфрақұрылымының нашар дамуына байланысты оқу бітірген түлектер еңбек өтілін ауылда өтеуге құлықсыз. Білім және ғылым министрлігі 2020 жылы респуб­ликаның оқу орындарында ауыл шаруа­шылығы мамандықтарын игерген 4 206 түлектің тек 2 499-ы (59,4%) жұмысқа орналасты деген дерек келтіреді.

Еңбек күшінің көші

Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жариялаған есепке иек артсақ, елімізде жұмыс күшінің жетіспейтініне көш-қон процестері де кері әсер етеді. Бүгінде ішкі көш-қонның негізгі ағыны үш ірі мегаполис – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына ат басын бұрған. Егер бұл үрдіс тоқтаусыз жалғаса беретін болса, онда өңірлердегі жұмыс күшінің тапшылығы одан әрі ушыға түсетіні сөзсіз. Сарапшы­лардың айтуынша, 2030 жылға қарай мегаполистердегі еңбекке қабілетті тұрғын­дардың саны 23%-дан 29%-ға өседі, ал батыс пен солтүстік өңірлердің халқы, керісінше азая түспек. 2050 жылға қарай республикадағы экономикалық белсенді қауымның 38%-ы Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тұратын болады. Болашақта еңбек нарығында қалыптасуы ықтимал бұл жағдай ірі ком­паниялардың нақ осы мегаполистерге шоғырлануына итермелейді. Егер ішкі көш-қон арқылы жұмысшы күші тек бір өңірден екіншісіне көшетін болса, ал енді азаматтардың шетелдерге қоныс аударуы – білікті кадрлардан біржола айырылып қалатынымызды білдіреді. Кейінгі бес жылда (2015–2020 жыл) Қазақ­станнан шетелге 219 мың адам кеткен, сырт­тан біздің елге келгендер саны –  82,3 мың адам. Елден ауа көшкендердің көп­шілігі кәсіби білікті мамандар –  техника­лық, экономикалық, педагогика­лық ма­ман­дық иелерінің өкілдері. Әдетте ең алдымен тұрғылықты жерінде өзін жайсыз сезінген немесе басқа елдерден мол табыс табамын деп үміттенген жоғары білікті, мақ­сатшыл және бәсекеге қабілетті адам­дар­дың көшетіні белгілі.

Сарапшы­лардың айтуынша, 2030 жылға қарай мегаполистердегі еңбекке қабілетті тұрғын­дардың саны 23%-дан 29%-ға өседі, ал батыс пен солтүстік өңірлердің халқы, керісінше азая түспек. 2050 жылға қарай республикадағы экономикалық белсенді қауымның 38%-ы Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қаласында тұратын болады.

Ол түсінікті де, өйткені өзінің қыруар қаржысы мен уақытын сарп етіп, сапалы білім алған адамдар табысы жақсы жұмыс істеп, отбасын ештеңеден кенде қылмай асырағысы келеді. Қазір интернет желісінің ақпараттары әркімге де ашық. Басқа мемлекеттерде өзі сияқты маманның қанша айлық табыс табатынын көріп-білудің еш қиындығы жоқ. Сөйтіп, олардың сәті түскен бір күні табысы мол жер іздеп, «айт, шу» деп тартып кетуі ғажап емес. Бұл кезде моральдық-этикалық уәж, патриоттық сезім деген ұғымдар «ойнамай» қалады. Себебі әркімнің жақсы өмір сүргісі келеді. Сондықтан сырт елдерге қоныс аударған­дардың үштен бірі өз қандастарымыз деген дерекке де күмәнмен қараудың еш реті жоқ. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының есебінше, бес жыл ішінде елден кеткен 86,7 мың дипломды ма­манның жылдық табысы 15 млрд теңгеден 42 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін екен. Соның салдарынан Қазақстан жыл сайын ЖІӨ-нің 0,05%-ын жоғалтып отыр.

Астананың жағдайы да жетісіп тұрған жоқ

Кейінгі кездері елордаға өңірлерден көптеген адам көшіп келген, сәйкесінше жұмыс қолының артуына қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасының дерегінше, алдағы үш жылда астанада да кадр тапшылығы болуы мүмкін. «Астаналық компанияларға 277 түрлі кәсіп бойынша маман жетіспейді. Әсіресе, инженерлік-техникалық мамандықтар мен құрылыс саласында кадр тапшылығы өте өзекті. Сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру салалары да мамандарға мұқ­таж», – дейді астаналық кәсіпкерлер пала­тасы­ның директоры Алмат Жүнісов. Кәсіпкерлер палатасы еңбек күшінің тапшылығы қаншалықты өзекті екенін нақтылау үшін қаладағы 97 670 адам жұмыс істейтін 3 347 компанияға сауал жіберген. Сауалнаманың нәтижесінде кәсіпорын­дарға 2021 жылы – 8 338 маман, 2022 – 2 473 ма­ман, 2023 жылы 2 215 маман жетіс­пей­тіні анықталған. Сондай-ақ елордада өңдеу өнер­кәсібінде, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, электрмен және энергиямен жабдықтау, IT, ғылыми және кәсіби секторда бос жұмыс орны көп. Сұранысқа ие 20 мамандықтың қатарында сумен жаб­дықтау, коммуналдық қызметтер және тұрғын үймен операция жасау бойынша мамандықтар бар. Мамандарға деген сұраныстың ұсыныстан анағұрлым асып кеткені соншалық, құрылыс компаниялары еңбек тәжірибесі жоқ және оқуды енді бітіріп келген түлектерді жұмысқа қабыл­дап, оларды еңбек процесі барысында өздері оқытып-үйретуге мәжбүр. Ал білікті маманды табу үшін көп уақыт пен қаржы шығындалуы мүмкін. Сауалнама көрсеткендей, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында бәрінен бұрын құрылысшы мамандығына деген сұраныс өте өзекті. Өйткені қазір елордадан басқа қалалар мен өңірлерде де құрылыс нысандары көптеп салына бастады. Сондықтан басқа өңірлерден уақытша келген құрылыс­шы­лар өзінің тұрғылықты жерлеріндегі құрылыстарға немесе ірі өнер­кәсіптер мен салалық нысандарға кетіп жатыр. «Бұл проблема пандемияға қарсы карантин шектеулеріне және сыртқы шекараның жабылуына байланысты тіпті ушығып кетті. Әдетте құрылыс саласында көрші мемлекеттерден келген азаматтар­дың қарасы көп болатын. Солар сұранысты жабуға септігін тигізетін, қазір мұндай мүмкіндік жоқ. Сол себепті біз шетелдік жұмыс күшін пайдалануға арналған квотаны көбейту мәселесін көтердік. Біздің ұсынысымыз «Атамекен» ҚР ҰКП мен мемлекеттік органдар өкілдері қатысатын жұмыс тобының талқылауында жатыр»,– дейді Алмат Жүнісов. Одан бөлек, қаладағы супермаркеттер желісінің кеңеюіне байланысты жаңадан бақылаушы-кассир, сатушы-консультант, мерчендайзер сияқты мамандарды жұмысқа қабылдау мұқтаждығы туындады. Қаланың коммуналдық шаруашылықтары мен мүлік иелері бірлестігі құрылым­дарында инженерлік-техникалық маман­дық­тар мен қара жұмысшыларға сұраныс көбейген. Қалыптасқан күрделі жағдайды шешу үшін астаналық кәсіпкерлер палатасы қаланың Білім беру басқармасына колледждерде құрылыс саласы, техникалық және маркетинг (сатушылар) мамандық­тары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайтуды сұрап, өтініш жолдаған. Ол болашақ мамандарды даярлауда елорданың даму стратегиясына сай қажеттіліктерді ескеруі қажет деп санайды.

Дәулет АСАУ