«Бандыны қуған Хамит». «Біржан сал». «Құнанбай»... Үш образ да ірі. Үшеуі де бөлек. Бірақ ол үшеуін біріктіретін бір дүние бар: ол – Досхан. Жолжақсынов «Даладағы қуғыннан» кейін арада 30 жылдық үзілістен соң «Біржан салға» барды. Одан бөлек, театрда да, кинода да мың сан рөлдері болды. Солай бола тұра, көрермен Хамит, Біржан, Құнанбай образдарын ерекше жақсы көреді. Бүгін сол дара дарын 70-тің желкенін керді.
«Даладағы қуғын» – менің кинодағы алғашқы қадамым. Маған өте қымбат. Кино актер ретінде менің өзімді, көрермендерімді қалыптастырған – осы фильм» дейді актер. Рас, Досхан Жолжақсынов ойнаған әрбір кейіпкерлер ерекше талғампаздық сұрыптауынан өткен, актердің ішкі түйсігі мен тегеурініне әбден лайық, жүректен өткізген, жеріне жеткізген бейнелер халық жадында соншалық жақсы сақталған, әсіресе Хамит образы жас та жігерлі Досханның өнер бәйгесіне қосқан ақбоз аты. Әлі күнге дейін ел-жұрт экрандағы Хамит пен өмірдегі Досханды бір-бірінен ажырата алмай қараса, ол шын шеберліктің, хас өнерге деген жан толғанысы мен жан берілісінің барынша айшықты үлгісі саналады. Әйгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев Досханды кино әлеміне ендіріп жіберді. Сөйтіп, актер Досхан қалыптасты. Актердің ақтарыла айтқан мына бір әңгімесі жадымызда: «Менiң өскен ортам өнерден кенде болған жоқ. Шешем: «Бала күнiмiзде ауыл арасында Бейiмбет Майлиннiң «Шұғасын» жиi ойнайтынбыз», – деп айтып отыратын. Ал әкем өле-өлгенше қолынан домбырасын тастаған емес. Ауылдың ақсақалдары «әкең ән салғанда...» деп әлi күнге дейiн тамсана еске алып отырады. Ол суырыпсалма ақын едi. Әңгiмелерi де сұмдық болатын. Аузынан Бiржан сал, Ақан серi, Мәди, Жаяу Мұса түспейтiн. Байрон «Менiң жазған өлеңдерiм – бiр жастан бес жасқа дейiн көрген-бiлгендерiм» дептi. Менiң өнер әлемiне жол тартуыма, домбыраға әуестенуiме осы әкемнiң салған әндерi мен айтқан әңгiмелерi түрткi болды». Жолжақсыновтың актерлікке келу тарихы да қызық. Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезінен ағасы оны ҰҚК мектебіне дайындайды. Алматыға келсе, ол кәдімгі шекарашылар училищесі екен. Жолда пойызда келе жатып екі құлағына суық тигізіп алады. Содан училищенің гарнизонында жатқан бала госпитальдан бір-ақ шығады. Бір-екі апта сонда жатады. Шықса, жоғары оқу орнына қабылдау емтихандары өтіп кетіпті. Ауыл шаруашылығы институтына, мединститутқа да, зооветке де, бәріне барады. Өкініштісі – бәрінде де қабылдау емтихандары өтіп кеткен. Ол кезде «пәленшенің баласы Алматыға оқуға кетіп, түсе алмай келіпті» деген сөз – өте ұят. Ауылға бара алмайды. Ал енді әкесі жалғыз ауылға ғана емес, жалпақ бір облысқа сыйлы адамдардың бірі болса, амал не? «Жолжақсыновтың баласы оқуға түспей келді» деген сұмдық сөз ауылдағы атқа мінген азаматтың беделін түсіретін, бетіне шіркеу болатын ауыр жағдай-тын. Абырой болғанда Досханның үлкен әпкесі қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде оқиды екен, сол кісі: «Мына Құрманғазы атындағы өнер институтының театр бөліміне екінші топқа түлектер қабылдап жатыр. Хадиша Бөкееваның сыныбына» деп бағыт сілтейді. Досхан дереу барып, құжатын өткізеді. Бағы жанып, емтихандардан сүрінбей өтіп, оқуға түсіп кетеді. Досханның өнерге келу жолы осылай басталады. Сөйтіп, ол 1969 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға түседі. 1970 жылы Ғабит Мүсiрепов атындағы балалар мен жасөспiрiмдер театрының қосалқы труппасына жұмысқа қабылданады. Сонда «Ақан серi – Ақтотыдағы» Ақан серiнiң рөлiн ойнайды. Сол бір сәттер туралы: «Жалпы, актердiң қолында домбырасы, көмекейiнде әнi, яғни бесаспап өнерпаз болмаса болмайды. Алдымен Алланың, одан соң әкенiң қаны мен ананың сүтiнен дарыған болуы керек, актерлiк кәсiптi тез меңгердiм. Менiң рөлдерiм театрдың iшiндегi көркемдiк кеңеске ғана емес, көрермендерге де ұнады. Негiзi, Ақан серi туралы әркiм әрқалай жазады. Мен болсам, образды сомдағанда пластинкаға жазылған Шәкен ағаның дауысын көп тыңдадым. Сол арқылы өз үнiмдi iздеуге тырыстым. Ақан серi мен үшiн Бiржан әлемiне жол сiлтеген қозғаушы күш дер едiм» дейтіні бар. Жолжақсыновтың ел құрметтейтін тағы бір қыры – әншілігі. Домбыраны шебер тартады. Өзі де «Домбыра – менің құлақ бұрауым. Домбыра – менің мұратым. Әкемнен алып қалған аманатым. Серігім. Домбырамен ән айту ішкі сезімімді сыртқа шығару ғана. Өзімді әнші санамаймын. Осы күнге дейін ыңылдап ән айтатын өзімнің ортам бар. Сондықтан үлкен сахнаға шығып ән айту ойымда жоқ нәрсе. Дәстүрлі ән – біздің классикалық дүниелеріміз. Біржан, Ақан, Мәди, Жаяу Мұсаның жолын жалғастырып келе жатқан қаншама талантты әншілеріміз бар. Солардың алдында ән айту мен үшін өте ыңғайсыз. Әкем дүниеден озғаннан кейін сағыныштан туған «Ауыл қарттары», «Домбыра» деген әндерді айттым. Мен үшін сөзі құнарлы. Екеуінің де сөзін Сағи Жиенбаев жазған. Сұраған жерде өзім орындаймын» деп айтады. Досхан актерлік жолдан өтіп, режиссураға келді. Бұл жол оңай болған жоқ. Бұрын режиссураға барғандарды сынап жүретін адам. Ол режиссерлікті актерлік қабілеті жоқ болған соң, амалсыз барады деп ойлайтын еді. «Белгiлi режиссер Талғат Теменов екеуiмiз 90-жылдардың басында «Бiржан сал» туралы фильм түсiре бастаған едiк. Сценарийге терең үңiлмегендiктен бе, есiмде қалмапты. Онда Бiржан туралы тек жалпылама айтылатын. Қаражаттың жоқтығынан жұмыс орта жолдан тоқтады. Бұл, әрине маған оңай тиген жоқ. Өзiмдi Бiржанның алдында қарызы бар адамдай сезiнiп жүрдiм. Ақыры, тәуекелге бел буып, серi туралы фильмдi қайтадан жалғауға кiрiстiм. Осы үшiн театрдан кеттiм. Қайта айналып театрға барған жоқпын. Өйткенi режиссура менi қызықтырып әкеттi. Бұл салада жұмысқа деген жауапкершiлiк әлдеқайда жоғары екен. Бiр сөзбен айтқанда, кино өнерiне деген көзқарасым өзгердi. Ойлана келе, сценарий жазатын адам iздедiм», – дейді актер. Ал «Құнанбай» – мүлдем бөлек туынды. Рас, режиссер айтқандай, Құнанбайдың бейнесін экранда ғана емес, көркем әдебиетте де айқындай алмай келдік. Бұған дейін театр сахнасындағы Құнанбайдың образы да «сыңаржақ» болғаны анық. Өйткені Әуезовтің әйгілі «Абай жолының» өзінде де Құнанбайдың бейнесі бір жақты суреттеледі. «Құнанбай жайлы фильм түсіру идеясы туындағанда мен Құнанбайға қай тұрғыдан келгенім дұрыс деп біраз кітаптарды қарап шықтым. Тұрсын Жұртбай ағамыздан бастап, бірнеше ғалымдардың зерттеулеріне зер салдым. Басқа да зерттеу еңбектерді оқи отырып аңғарғаным – Құнанбай іштей бірбеткей тұлға болмаған. Біріншіден, ол өте білімдар адам болған. Екіншіден, табиғатынан ізденімпаз, өнерпаз. Құнанбайдың өсу кезеңінің өзі үлкен прогрессивті жолда болған. Әкесі Өскенбай балаларының ішінен Құнанбайға бекер үміт артып, көзін тоқтатты дейсің бе? Өскенбай ел ісіне араласуға, билікке, тұлғалыққа Құнанбайды сүйреген» дейтіні бар режиссердің. «Құнанбайдың» тілі көркем. Бұл – Таласбек Әсемқұловтың еңбегі. Оны режиссердің өзі де жасырмайды. «Тәкең әйгілі мұрағаттар мен кітапханалардың бәрінде отырып, жұмыс істеген адам», – дейді. Оның қазір өз «Біржаны», «Құнанбайы» бар. Әлі де өмір берсе, Ақан сері туралы көркем дүние түсіретін болар. Қазақ кино әлемінде өзіндік бет-бейнесін қалыптастырған дара дарын Досхан Жолжақсынов туралы талай-талай көркем дүниелер жазылары хақ. Бастысы, алқалаған елінің ортасында аман жүрсін деп тілейміз!Айым БЕКТҰР