Испанияда шахматтан әйелдер арасындағы ФИДЕ (FIDE World Women’s Team Championship) командалық әлем чемпионаты аяқталды. Үздік әйелдер құрамасының арасында қазақстандық шахматшылар да сынға түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
«Алтын» үшін өткен шешуші матчта әлемнің екі үздік командасы – Ресей мен Үндістан өзара мықтыны анықтады. Жалпы, жарыс барысында Үндістан спортшылары ширек финалда қазақстандық төрттікті, ал жартылай финалда Грузияны жеңген болатын. Алайда финалда кезеңде үнді қыздары әлемнің қазіргі чемпиондары – Ресей шахматшыларынан жеңілді. Олар маңызды ойында өздерінің теңдесі жоқ екенін тағы бір рет дәлелдеп, үндістандық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Әлем чемпионатында Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Меруерт Камалиденова және Гүлмира Дәулетовалар Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшылар екі жүлдеге ие болды. Динара Сәдуақасова мен Меруерт Камалиденова үздік үштіктен көрінсе, Жансая Әбдімәлік төртінші орынды иеленді. Жарыстан соң әйелдер арасындағы ФИДЕ (FIDE World Women’s Team Championship) командалық әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова аталған турнирден алған әсерімен бөлісті. – Командалық әлем чемпионатының қола жүлдесі мен үшін тосынсый болды. Өйткені командалық жарыстарда көбіне жалпы нәтижеге баса назар аударасың. Жеке тақтада болса да Қазақстан жүлдегерлер қатарынан көрінгеніне қуаныштымын, – деді қазақстандық гроссмейстер. Испаниядағы шахмат жарысында отандастарымызға жанкүйер болған Қуанышхан Өмірхан біздің қыздардың табандылығына тәнті болғанын айтты. – Командалық додаға әлемнің ең үздік шахматшылары келді. Атап айтқанда, бұл шахмат жарысында Америка, Әзербайжан, Армения, Германия, Грузия, Үндістан, Испания, Қазақстан, Польша, ФШР (Ресей), Украина және Франция құрамаларының үздік шахматшылары бақ сынады. Чемпионатта қазақстандық шахматшылар үздік көрсеткіш көрсету үшін барын салды. Командалық дода болғаннан кейін тұтас бір организм сияқты ойнады. Қыздар әр ойында бір жұдырық болып жұмылып, көздеген мақсатына жетті. Негізі, соңғы жылдары Қазақстандағы шахмат ойыны жақсы қарқынмен дамып келеді. Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік секілді қыздарымыз әлемдік додаларда жақсы өнер көрсетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүргені қуантады, – дейді спорт сарапшысы. Бір қуантарлығы, ақыл-ойдың ойыны саналатын шахмат спорты жыл өткен сайын елімізде үлкен танымалдылыққа ие болып, спортшыларымыз да байрақты бәсекеде толайым табыстарға қол жеткізіп жүр. Бүгінде Қазақстан ұшқыр ойлы шахматшылар бағындырған биік белестерімен әлем елдеріне бұл спорт түрінен үздіктердің қатарында екенін сан рет дәлелдеді. Осы орайда шаршы тақта алдындағы ойынның көрігін қыздырып, көкжиегін кеңейтіп жүрген шахматшыларымызға алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз.Абылайхан ЖҰМАШ