АҚШ-тың Өзбекстандағы елшілігі қыз-келіншектерді өзін-өзі қорғауға үйрету бағдарламасының 2021 жылдағы соңғы кезеңін бастады.
Елшілік хабарлағандай, жаттығулар қараша айында заманауи спорт залында басталып, үш айға созылады. Оған барлық қыз-келіншек қатыса алады.
Қатысушылар 13 жастан 18 жасқа дейін және 18 жастан жоғары деп екі топқа бөлінеді. Әр топта 30-дан аспаған адам болады.
Қатысушылар физикалық шабуылдан қорғанудың тәсілдерін және өзін жақсы формада ұстап жүруді үйренеді. Сонымен бірге жанжалдарды сөйлесу жолымен шешуді және эмоцияны басқаруды меңгереді.
Құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, пандемия кезінде Өзбекстанда әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық көбейген.
Былтыр Өзбекстанда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге жәрдем көрсету мақсатында Najot деп аталатын мобильді қосымша жұмыс істей бастағаны хабарланған еді.