8 қазан күні Арқалық – Нұр-Сұлтан бағытындағы №603 жолаушылар пойызы Арқалық станциясынан жөнелтілгеннен кейін ер адам пойыз бригадасының қызметкерлеріне зайыбының толғағы келіп қалғанын хабарлаған, - деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы «ҰК»АҚ баспасөз қызметі.
Төрехан Әбдірайымов бастаған пойыз бригадасы қызметтік нұсқаулыққа сәйкес әрекетке көшіп, келесі станцияға жедел жәрдем шақырылады. Теміржолда 8 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін, оның ішінде 3 жылдан бері пойыз бастығы Т.Әбдірайымов мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келіп отыр екен.«Дәрігерлер келгенге дейін теміржолшылар әйелді босануға дайындай бастады. Жолсеріктер Ирина Андреева мен Жаңыл Баталова жолаушылар арасынан табылған дәрігерлер Светлана Аяпова (зейнеттегі акушер-гинеколог) мен Гаухар Қойшығұлованың (емдеу ұйымының басшысы) нұсқауымен әрекет жасады. Жүкті әйелді аман-есен босандыру үшін вагонда барлық қажетті жағдайлар жасалды және біраз уақыттан кейін дүниеге қыз бала келді», - делінген хабарламада.Пойыз Державинск бекетіне жеткеннен кейін жас ана Нұрайлым Құрманалы мен оның шақалағын жолсеріктер жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.