Шымкентте мас күйінде жолаушыларды тасыған жүргізуші ұсталды
Шымкентте мас күйінде жолаушыларды тасыған жүргізуші ұсталды
Сурет: Отырар
169
оқылды

Шымкент қаласы аумағында өтіп жатқан республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері қызмет атқару кезінде күмән тудырған жолаушыларды тасымалдайтын көлік иесіне тоқтауын сұранған, деп хабарлайды "Отырар" басылымы.

«Газель» маркалы көліктің иесіне өзін таныстырып болған соң, құжаттарын сұрағанда оның спирттік ішімдік ішіп алғандығы байқалған. Осыған байланысты медициналық сараптама нәтижесінде, жүргізуші «жеңіл» дәрежеде мас халде екені анықталған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, тәулік ішінде яғни ағымдағы жылдың 8-қазанында жол үстінде спирттік ішімдік ішіп, мас халде көлік басқарған 5 жүргізуші анықталған. Осы орайда, тәртіп сақшылары жүргізушілерге өз өмірін қатерге тікпеуге кеңес беріп, автокөлікті мас халде жүргізудің соңы жазатайым оқиға мен адам өліміне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді.