Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күн
Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күн
Фото: halqym.kz
544
оқылды
Осы уақытқа дейін өлім жазасы туралы түсінік, оның мағынасы, ерекшеліктері туралы көптеген еңбек пен ғылыми  жұмыстар жазылғанына қарамастан, дәл осы қылмыстық жазаның түрі әлі де қоғамның назарын аударып, қызу талқыланып келеді. Бүгін 10 қазан – Дүниежүзілік  өлім жазасына қарсы күн. 2016 жылы бұл күн маңызды мәлімдемелермен атап өтілгені белгілі. Осы күні  БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун әлемнің 65 елінде терроризммен байланысты қылмыстарға қатысты шара ретінде қолданылып келе жатқан өлім жазасына қарсы шықты. Оның айтуынша, әскери немесе арнайы соттарда терроризм үшін өлім жазасына көп жағдайда әділетсіз әрі асығыс жасалған шешімдер бойынша кесіледі.
«ХХІ ғасырда өлім жазасына орын жоқ. Терроризммен күрес адам құқығы мен заң үстемдігінің негізінде болуы керек», – делінген Пан Ги Мунның мәлімдемесінде. Ол терроризммен өлім жазасы арқылы күресу керек деп есептейтін адамдардың пікірімен келіспейтінін айтып, қай жерде болса да, қандай жағдай болса да өлім жазасын алып тастау бойынша жұмыстарды жалғастыруға шақырды. Рим папасы Франциск те өлім жазасына қарсы шығып, «сотталған адамның жасаған қылмысы қаншалықты ауыр болса да, өлім жазасына жол берілмеуі керек. Бұл  адамның  өмірі мен қадір-қасиетін  қорлау, Құдайдың адам мен қоғам туралы идеясына қайшы келеді. Бұл – әділ шешім емес, ол құрбандарға құрмет емес, керісінше жазалап кек алу» деп атап өткен.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы  өлім үкімдерін орындауға Дүниежүзілік мораторий енгізуге шақыратын 62/149 қарар қабылдады. Қарар БҰҰ-ға мүше 104 мемлекет «жақтап», 54 ел «қарсы», 29 мемлекет «қалыс қалды». Өлім жазасына қатысты  қарар міндетті құжат емес, бірақ ол айтарлықтай моральдық және саяси салмаққа ие. Бұл – БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өзіне жүктеген өлім жазасының күшін жоюға қол жеткізу міндеті туралы ескертуі. Сонымен қатар өлім жазасы сақталатын елдер жазаның осы түрін қолдану туралы өз көзқарастарын білдіруге ықпал етеді.
2003 жылдан бастап құрамына  135-тен астам құқық қорғау ұйымы, оның ішінде «Халықаралық рақым жасау» (Amnesty International), сондай-ақ адвокаттар қауымдастықтары, кәсіподақтар, жергілікті және өңірлік билік органдары әлемді өлім жазасынан құтқару үшін Біріккен өлім жазасына тыйым салу жөніндегі дүниежүзілік коалиция құрды.
Өлім жазасы әлемнің 130-дан  астам елінде жойылса, 68 ел осы жазаны қолданады. Соңғы он жыл ішінде 55 мемлекетте 3 861 адам өлім жазасына кесілген. Өкінішке қарай, олардың ішінде Қытай, Ирак, Иран, Сауд Арабиясы мен АҚШ көш бастап тұр. Бұл елдерде өлім жазасы өте ауыр қылмыс жасағанда қолданылады. Мысалы, Қытайда өлім жазасы  жемқорлық, жалған ақша белгілерін жасау, салықтарды жасыру, жезөкшелікке жеңгетай болу, браконьерлік және т. б. Жағдайларда қолданылады. АҚШ- та өлім жазасын күту кезегі бар, керек десеңіз кейбір камера қылмыскерлері үкімнің орындалу мерзіміне жете алмай қайтыс болып кетуі мүмкін. Мысалы, 2010 жылы Аризона штатында 94 жастағы қылмыскер  Вива Лерой Нэш (өлім жазасы 1983 жылы шығарылған) қайтыс болды.  Қылмыскер қирандыға айналған түрмеде: саңырау, соқыр, үш рет инфаркт алып, деменция, психиканың бұзылуымен ауырып қайтыс болған. ТМД-ның бірқатар елінің Қылмыстық кодекстерінде бұл жазаны қолдануға ешқандай шектеу жоқ, өлім жазасы ұғымы кеңінен түсіндіріледі. Мәселен, Беларусь Республикасының Қылмыстық кодексінде  өлім жазасы аса ауыр жаза ретінде қаралады. Бұл мемлекеттің  қылмыстық заңнамасын  талдай отырып, өлім жазасы барлық халықаралық қылмыстар: басқыншылық соғысты бастау/жүргізу,  геноцид, террористік іс-әрекеттер жіктемесі, мемлекеттік сатқындық пен диверсия сынды қылмыстарға қолданылатынын байқауға болады.  Яғни, адамның өмірі мен денсаулығына, қоғам мен тұтастай мемлекеттің мүдделеріне зиян келтіретін кез келген қоғамға қауіпті іс-әрекет үшін жазалау болып саналады. Ресей Конституциясында өмір сүру құқығын бекітетін 20-бап бар, басты мақсат – өлім жазасын сақтау емес, оны жоюға ұмтылу. Алайда  Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 59-бабы «өлім жазасы» қылмыстық заңынан әлі күнге дейін алынып тасталмаған. Қазір Ресейде  өлім жазасына екі мораторий бар: материалдық (өлім жазасын орындау үшін) және процедуралық (оларды шығару үшін). Бұл жағдайда да, басқа жағдайда да жаза түрі жойылмайды.
2009 жылдан бастап алғаш рет Еуропа мен Орталық Азия өлім жазасынан бас тартқан  аймақтарға айналды. Тек  Беларусь мемлекеті – әлі күнге дейін ең ауыр жаза қолданылатын жалғыз ел.
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап 536 өлім жазасы орындалды, соңғысы 2003 жылы тіркелді. 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 24 қыркүйекке дейін елде өлім жазасына мораторий жарияланған. Қазір өлім жазасы жойылды. 2003 жылғы 17 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өлім жазасын жою туралы мәселе шешілгенге дейін оның үкімдерін орындауға мерзімсіз мораторий енгізілгенін жариялады, Жарлық 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. 2007 жылдан бастап Қазақстан Конституциясында өлім жазасы тек соғыс уақытында терроризм немесе аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандарға қатысты қолданылатын жаза ретінде аталған, мұны Amnesty Internationa да растайды.
2016 жылы Қазақстанның Қылмыстық кодексінің жаңа редакциясын талқылау басталды. Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель өлім жазасының толық жойылуын қолдамайтынын мәлімдеді. Талқылау барысында өлім жазасы қолданылуы мүмкін адамдардың тізімін кеңейту және оған сыбайлас жемқорлық, педофилия және есірткі саудасы үшін сотталғандарды қосу ұсынылды. Қазір өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылды. Бұрын өлім жазасына кесілген немесе өмір бойына сотталған 100-ден астам адам екі колонияда жазасын өтеп жатыр: «Қара бүркіт» (Қостанай облысы) және Арқалық қаласындағы жабық үлгідегі түрмеде.
Қазақстанның Қылмыстық кодексі түзетуді талап етеді. Қазір 17 бап өлім жазасын жаза ретінде қарастырады. Соңғы осындай үкімдердің бірі 2016 жылы Алматыда террорлық шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылған Руслан Күлекбаевқа қатысты шығарылды: ол қала орталығында полицейлерге оқ жаудырды, нәтижесінде 10 адам қаза тапты. Алайда артынша ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды. Бірақ әлі де біздің елімізде сарапшылардың өлім жазасынан бас тартуға қатысты пікірі сан алуан. Мысалы, белгілі адвокат Айман Омарова «Өлім жазасынан бас тарту дұрыс емес деп санаймын. Ауыр жаза жасаушы педофил деп сотталған адамдардың ішінде жүздің ішінде біреуі болса да, айыпсыз адам бар және маңыздысы педофилдерді ату емес, оларды зерттеу. Мәселен, педофил деп сотталғандардың бәрі бірдей кішкентай балаға зорлық көрсетуді көздемейді. Ол тек әлсізді іздеуі мүмкін. Медициналық тұрғыдан зерттеу қажет, сонда проблеманы шешуге болады. Террорист болса, оған жалғыз өзі емес, қоғам да кінәлі. Ешкім бір күнде террорист болып тумайды. Атып тастаумен мәселе шешілмейді» деген пікірде болса, ал адвокат Джохар Өтебеков өлім жазасын жоюды әрқашан жақтайтынын, бұл гуманизмге жасалған қадам екенінін жеткізді. «Педофил, террористерге қатысты ойым:  он жеті жылдан бері (2003 жылдан бері) өлім жазасын орындау ісі болған жоқ. 2007 жылы тағы бір маңызды оқиға болды. Конституцияның он бесінші бабына депутаттар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бейбіт заманда кісі өліміне байланысты террористік қылмыстар тіркелгенге дейін өлім жазасын қысқартты. Яғни, 2007 жылдан бері педофилдер бұл тізімге енбейді де. Яғни, әлемдік трендке қарай қадам басып келеміз. Біздің қоғам бұл өзгерістерге дайын. Біздің қоғамға өлім жазасы қажет  емес. Тағы бір маңызды факт – өлім жазасының бар-жоғы қылмыс санының азаюына әсер етпейді», – деді. Қорытындай келе айтарымыз, өлім жазасы – кеңестік режим енгізген дәстүр, коммунистік идеологияның арқасында қалыптасқан (айтпақшы, бізге батыстан келген).  Өлім жазасын жою – батысқа жағыну үшін жасалып жатқан шара емес, бұл – біздің таңдауымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев  БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының жалпы пікірталас барысында сөйлеген сөзінде «Қазақстан  өмір сүру мен адами қадір-қасиетке негізделген құқықты жүзеге асыруға бекем» деп жария етуі осының жарқын дәлелі.

Меруерт КЕНЖЕБАЙҚЫЗЫ,

саясаттанушы