9 қазанда Түркістан қаласында «Khanshaiym Plaza» СОО-дағы Kinopark 4 кинотеатрында қазақ тіліне дубляждалған «Жан» («Душа») фильмінің қаланың көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары үшін қайырымдылық көрсетілімі өтті. Көрсетілім алдында аниматорлардың қатысуымен, кішкентай көрермендерге арналған тәттілер, ойындар мен конкурстар өткізілген ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған. Көрсетілімнің ұйымдастырушылары – «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Nur Otan» партиясы.
Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймай, бейімделеді: түпнұсқа кейіпкерлеріне өзіне тән сөздер, әзілдер сөзбе-сөз емес, жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылады. Мысалы, диалогтардың бірінде кейіпкер АҚШ-тағы әйгілі доктор туралы айтады. Бұл есім біздің көрерменге таныс болмағандықтан, оның есімі белгілі қазақстандық Димаш Құдайбергеннің есімімен алмастырылды. Титрдегі «Өмір ғажап» әнін Mona Songz деген атпен аты шыққан қазақстандық танымал орындаушы Манарбек Жұматай орындады. Бұл әртістің жобаға қатысуының алғашқы тәжірибесі болды. Голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждау «Өзіңнен баста» жобасы аясында жүзеге асырылады. Жоба «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің Құрметті мүшесі Бауыржан Байбектің бастамасымен 2011 жылдан бері іске асырылып келеді. Негізгі идея – Қазақстан азаматтарының әлемдік студиялардың контентіне өз ана тілінде қол жеткізуін қамтамасыз ету. Барлығы 37 голливудтық фильм қазақ тіліне дубляждалған. Жобаның арқасында бүгінгі таңда 100-ден астам отандық актерлердің дауысы «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тіркелген. Ал қазақ тілі дубляж бойынша түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі және «Walt Disney» тарихында 39-шы; «Sony Pictures»-тің 7-тілі атанды. Ол Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне арналған Blu-Ray-де көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі 7 тілі қатарына енді. Жоба Қазақстанда дубляжды халықаралық деңгейге шығарды. Шығармашылық және техникалық мамандықтардың 203 өкілі Walt Disney Pictures студиясының стандарттары бойынша дубляжға оқытылды.Басты кейіпкер Джо Гарднерді жобаның көптен бері қатысушысы, дарынды актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Бұған дейін Дәуреннің дауысымен «Алладин» фильміндегі Жын, «Арыстан патша» фильміндегі сурикат Тимон және Дисней студиясының басқа танымал кейіпкерлері сөйлеген болатын. Сонымен қатар дубляжға Данияр Сбанқұлов, Меруерт Ермекбаева, сондай-ақ театр және кино актрисасы Майра Омар қатысты.
Дубляждалған фильмдерді IVI және Megogo онлайн кинотеатрларынан тамашалауға болады.