Ақтөбе облысында 39 жастағы Тойбек Өтегеновті бәрі біледі, бәрі таниды. Ол – Шалқар ауданындағы белді кәсіпкердің бірі. Тауық ұстап, ет пен жұмыртқа сатып тіршілік етуде. Тіпті, былтыр «Жыл адамы» атанған ол өзін бақытты жанмын деп санайды. «Тағдырдың жазғаны болар, бірақ осы өмірімді жақсы көремін! Салым суға кетіп, түңілетін жан емеспін. Алла амандығын берсе, тірлік етемін, жақсы өмір сүруге тырысамын» дейді ол.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=boL5IS9vx1w[/embed]Кәсіпкер Тойбек
Екі қолы жоқ болса да Тойбек ауладағы тірлікпен өзі айналысады. Оның сөзінше, қол астында ешқандай жұмысшысы жоқ. Үш уақыт тауықтың жемшөбін, суын өзі береді. Тіпті, құрылыс кезінде де жұмыстың бәрін өзі істеген. «Бір КамАЗ құмды жарты күнде түсіріп бітіремін» деген ол, құмды шелектеп тасығанын айтты.– Екі түрлі тауық ұстаймын. Ақ тауықтар күнделікті жұмыртқа әкеледі, ал қоңырын күз кезінде етке өткіземін. Одан бөлек, адамдар өздері келіп, сатып алады. Әзірге екі дүкенмен келісімшартым бар. Жақында грантқа тапсырдым, 2 миллион теңге қолыма тисе балапан шығаратын жаңа құрылғы алар едім, – дейді ол.
– Бұдан басқа да тірлігім бар. Екі бетон араластырғыш құрылғымды жалға беріп тұрамын. Бағасы да қымбат емес. Әйтеуір, Шалқарда оған сұраныс жақсы. Ендігі арманым – көлік жүргізу. Әзірге оған ақша таппадым. Бірақ әскерде танк жүргізгенмін, сондықтан көлік жүргізу одан жеңіл болар, – деді Тойбек Өтегенов.
Қиындықты жеңген Тойбек
Екі қолының жоғына қарамастан Тойбек ватсаппен өзі жазысып, телефоннан жауап береді. Өзі жүргізіп отыратын Instagram парақшасы да бар.– Шыны керек, кейде көшеде өтіп бара жатқандар қолмен көрсетіп, қолымның жоғын бетіме басады. Сондай да көңіліме тигені болмаса, барынша мән бермеуге тырысамын, – деген ол, бір кездері протез алмақ болған. Бірақ қолдың протезі негізі шынтақтан киетіндіктен, оған сай болмаған.
– Баланың қиналғанын көріп, өзімді сабырға шақырдым. «Екі қолым жоқ болса да, басым бар. Соны іске қосып, тірлік жасауым керек. Отбасымды асырауым қажет» деп жолдарын қарастырып жүргенімде ұлды болдым. Сөйтіп, өмірге деген құштарлығым арта түсті, – деген кәсіпкер қазір оның жалғыз көмекшісі келіншегі екенін айтты.