Солтүстік Қазақстан облысында көлік жүргізушісі түнгі уақытта жолдың үстіне шығып кеткен қойлармен соқтығысып, салдарынан 14 мал қырылып қалды. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 11 қазанға қараған түні «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 370 шақырымында, Тайынша ауданы Кременчуг ауылының маңында болған. Көкшетау қаласының 36 жастағы тұрғыны «ВАЗ 2115» автокөлігімен келе жатып, жолға шығып кеткен қойларды кеш байқаған. Салдарынан машина малды қағып, 14 қой қырылып қалды. Жүргізуші зардап шеккен жоқ, көлік механикалық зақымдалды. Жануарлардың иесіне малды жолға шығарғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
«Осыған ұқсас жол-көлік оқиғасы қыркүйек айының соңында Есіл ауданының аумағында болған еді. Ол жолы да 14 бас қой қырылды. Полиция қызметкерлері осындай оқиғаларға себеп болатын еркін мал жаю фактілерінің алдын алу үшін жұмыс жүргізеді. Мал айдаушылар да қырағылық таныту керек. Мал иелері мен бақташылар малдың жолға кенеттен шығуына жол бермеуі керек. Төрт түлікті жол бойымен тәуліктің жарық уақытында ғана айдап өтуге болады. Ал қараңғы уақытта өткізу үшін жақындап келе жатқан автомобильдерге фонарьмен немесе алаумен белгі беруге міндетті», - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.