Мұндай проблеманың барын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі анықтады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Кедергілер жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында автоөндірушілер нарығына кіруге кедергі келтіретін тосқауылдар талқыға салынды. Белгілі болғанындай, Қазақстанда көлік құрастыра алатын шағын зауыттар мемлекеттен қолдау таппайды екен.
«Көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасу кезінде заңнамалық деңгейде жоғары, орындалмайтын талаптар белгіленген. Мысалы, мемлекеттен қолдау көру үшін автоөндірушінің жылына 10 000 бірлік жүк және арнайы техника шығаратын алып өндірістік қуаты болуы талап етіледі. Ал 2021 жылдың 5 айында Қазақстанда небәрі 3 044 бірлік жүк көлігі және 114 бірлік арнайы техника ғана өндірілген. Яғни, заңнама талаптары нарық субъектілерінің мүмкіндігін шектеп жатыр», – деп хабарлады астаналық антимонополиялық орган.
Бұл ретте лизингтік қаржыландыру түріндегі мемлекеттің қаржылық қолдауынан өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімі жоқ нарық субъектілері шеттетіледі екен.
Жиында автоөндірушілерге лизинг қаражатын бөлу кезінде ашықтықтың жоқтығы мәселесі көтерілді. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің белгілі бір шоғырына басым жағдай жасау, автоөндірушілерді таңдауда лизинг алушыларды шектеу фактілері атап өтілді.
Кедергілер жөніндегі кеңес отырысының қорытындысы бойынша Тосқауылдар картасына осы айтылған мәселелерді енгізу туралы шешім қабылданды. Анықталған кедергілер мен оны жою жөніндегі ұсыныстар монополияға қарсы орталық органға – агенттікке жіберіледі.
Елдос СЕНБАЙ