Соңғы бірнеше тәулікте облыс орталығындағы жанармай стансаларының дені жұмысын тоқтатып жатыр. Ал қалғандары сұйытылған газды талонмен ғана саудалауға көшкен. Сәйкесінше, пропан құны да шарықтап кеткен. Бұған дейін литрі 58-62 теңге аралығында сатылып келсе, қазір 75 теңгеге дейін қымбаттап отыр.
Облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасы өкілдері бұл жайтты сол баяғыдай нарық талабымен түсіндіріп отыр. Себебі жанармай бағасы электрондық сауда-саттық нәтижесімен тікелей байланысты екен. Ал көлік отынының тапшылығын тасымалдың тұралап қалуымен байланыстырған. Қазір облысқа 13 мың тоннаға жуық сұйытылған газ қажет болса, қазан айының басынан бері тек 958-і ғана жеткен. Алайда бұл мәселе апта соңына дейін шешімін табуы тиіс. – Айдың басынан бері теміржолдағы жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты газ-цистерналарын жөнелтуде кедергілер туындаған. Газ тапшылығының пайда болуы да сондықтан. Жанармай толтырылған вагондар қазір стансаларда өз кезегін күтеді. Мәселен, Жем және Қандыағаш стансасында 16 вагон-цистерна тұр, – дейді облыстық ТҮКШ және Энергетика басқармасының бөлім басшысы Самат Лепесов.М.ТӨЛЕУ