Волейболдан Азия чемпиондары елге оралды

Волейболдан Азия чемпиондары елге оралды

Волейболдан Азия чемпионы атан­ған «Алтай» клубының ойыншыларын жанкүйерлер әуежайдан күтіп алды.

Тайландтың Накхонратчасима қаласында әйелдер арасындағы волейболдан клубтық Азия чемпионатына Қазақстан атынан ШҚО-ның «Алтай» және Талдықорғанның «Жетісу» клубтары қатысқан. Чемпионат қорытындысы бойынша алтайлықтар бірінші орынды жеңіп алған болатын. Сондай-ақ клуб волейболшылары бірқатар номинацияда үздік деп танылды. Атап айтқанда, Сана Анарқұлова – «Құнды ойыншы (MVP)», Мадина Бекет – «Үздік либеро», Кристина Белова – «Үздік шабуылшы», Надежда Кодола «Үздік ойыншы» атағына ие болды. Жарыс жеңімпаздарын Семей әуежай­ынан жанкүйерлер қошеметпен қарсы алды. Спортшылар жарыста жеңімпаз атану оңайға соқпағанын жеткізді. Сонымен қатар Тай­ландтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қойылған қатаң шектеулер де қиын­дық туындатқан. – Жарыстың алғашқы күнінен бастап оқшауландық. Бізге, тіпті қонақүй нөмірінен шығуға да рұқсат берілмеді. Өзара сөйлесе де алмай қалдық. Әр үш күн сайын ПТР-тест тапсырдық. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан қайда және не үшін келгенімізді, алдымызда қандай мақсат тұрғанын жақсы білдік. Ел үмітін ақтау үшін бар күшімізді салдық, – деді «Алтай» командасының капитаны Сана Анарқұлова.

А.ЖАСАНҰЛЫ