«Бөртенің» жаңа белесі
«Бөртенің» жаңа белесі
418
оқылды

9-10 қазанда Түркістан му­зыка­­лық драма театры белгілі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығы лауреаты Дулат Исабековтің пьесасына қойыл­­ған «Бөрте» спектаклімен тұң­ғыш рет шымылдығын ашты. Оған еліміздің түкпір-түк­пірі­нен өнер және мә­дениет майталмандары, зиялы қауым өкіл­дері және Түр­кіс­тан қала­сы­ның өнер­сүйер қауымы қа­тысты.

Бөрте – әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған алғашқы әйелі. Атақты моңғол батыры  Есукей мен Қоңырат тайпасының көсемі Дат шешен бір-бірімен құда болғанда Темучин 10 жаста, Бөрте 11 жаста еді. Сценарий дәл осы оқиғадан басталып Шыңғыс қаған мен Бөрте ханым­ның өліміне дейін баяндалатын тарих сан алуан оқиғаға  өте бай. Темучиннің барлық тарихи жеңіс­тері мен ұлы қаған атанып, қырық ру, қырық тайпаға бөлінген аз ғана моңғол елін біртұтас Моңғол мемлекетіне біріктіріп, бүкіл Қытай елін жаулап алып, батысқа жасаған жорықтарының бәрінде де Шың­ғыс ханның ең сенімді ақылшысы Бөрте болғаны тарихи тәжірибе­лерде анық жазылған. Қаһарлы хан Шыңғысқа «сен» деп сөйлей алатын Бөрте ұлы қағанның ақылшысы болумен бірге, оның қарсыласы да болды. Шыңғыс қаған Батысқа жорық­қа аттанар кезде оған Бөрте қарсы болды. Сол үшін Шыңғыс хан оны сарайдан аластады. Бөрте­нің сарайдан аласталуы бір бұл емес, әлденеше рет аласталды. Бірақ оның айтқан ақыл-кеңесінің дұрыстығына, адал ниетіне көзі жеткенде ұлы қаған оны кешіріп, сарайға қайта алдырып отырды. «Әлемді билеуге ақылың жеткенде қасыңдағы адамдардың кім екенін, қандай екенін біле алмай-ақ келе­сің» деген Бөртенің сөзіне намыстанып, Шыңғыс хан оның басын алмақ та болады. Бөртеге арналған тұңғыш шы­ғарма қазақ сахнасында да тұңғыш рет қойылып отыр. Спектакльде өжет те қайсар, ажарлы да ақылды, батыр да батыл, бір басында драмасы мен трагедиясы жетіп-артылатын қайсар әйел Бөрте ханымның ғұмыры баяндалады. «Бөрте» спектаклін қойған белгілі италиялық режиссер Давиде Ливермор (Davide Livermore). Қойы­­лым­ның көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, режиссер – Карло Шаккалуга (Carlo Sciaccaluga), сценограф– Анна Варалдо (Anna Varaldo), координатор – Элис Ферранти (Alice Ferranti), декоратор-суретші – Жанат Көкімбеков, костюм бойынша суретші – Айжан Абдуайт, композитор – Хамит Шанғалиев. Тарихи спектакльге тарихшы, тарих ғылым­­дарының кандидаты, доцент Нұрлан Атығаев ғылыми жетекшілік етті. Басты рөлдерді Айя Шәріп, Ақбота Қаймақбаева, Нүркен Өтеуілов, Еркебұлан Дайыров, Лейло Бекназар-Ханинга, Әділ Ахметов, Алмахан Кенжебекова, Алихан Идрышева, Ержан Нұрымбет, Нартай Сауданбекұлы, Қонысбек Бегайдаров, Зәмзәгүл Бегайдаров, Алтынай Нөгербек, Азамат Чукеев, Толқын Нұрбекова, Әшім Ахметов, Қуаныш Қоныс­беков, Әйгерім Қайратқызы және тағы басқа театр әртістері ойнады. Италиялық режиссер Давиде Ливермор: «Мұнда келгенімнің өзі зор бақыт. Мені халықтың ерекше ықыласы қуантты. Қазақстандық мықты әртістермен жұмыс істегенімді айрықша мәртебе деп санаймын.  Мұндағы актерлердің әрқайсысы тынбай еңбек етті. Осындай ерекше пьеса жазғаны үшін драматург Дулат Исабековке де алғысым шексіз. Өйткені бұған дейін ешкім қалам тартпаған тарихи шығарманы жазудың өзі ерлік. Спектакльде ойнаған әрбір әртіске айрықша рақмет айтқым келеді. Екі ел арасындағы, яғни Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтас­тық арта бермек. Бұл менің жұмы­сым­ның басы ғана, әлі де жалғаса­тынына сенімім мол», – дейді. Пьесада Бөрте – бас кейіпкер. Бөрте мен Шыңғыс ханның анасы – Уәлін-әжінің бір-біріне ұқсас тағдырлары, жалпы, моңғол әйел­дерінің аянышты өмірі жайлы көрі­ніс­тер де қызықты  болғаны сөзсіз. Барлық күнәсін мойындап, шүберекке түйіп, Бөрте әкеліп берген Жошының шынашағына қарап есі ауысқандай сандырақтап жатқан Шыңғыс ханға: «Ей, Темучин! Көтер басыңды! Жошыны ақыры өлтіріп тындыңдар! Оның әкесі сен болсаң, анасы мен! Менің қайғымнан сенің қайғың көп емес. Құдай берді, Құдай алды. Енді ертеңіңді ойла! Аттан түссең, таққа отырып жүріп өзекті жанда өлім бар екенін ұмытып кеткен сияқтысың. Көзіңнің тірісінде балаларыңа жаулап алған кең дүниені бөліп бер. Өзіңнің орныңа кім лайық, соны атап кет!» дейтін тұстары бар. Мынадай сөзге азаланған қаһарлы хан  жанында  ілулі тұрған қылышын қынабынан суыра алмай әуреленіп жатқанда Бөрте ұшып тұрып қылышты қынабынан суырып, Шыңғыс ханның қолына ұстатады да: «Өмір бойы аңдығаның менің басым еді, реті енді келді. Шаба ғой!», – дейді. Бөрте ұзақ күтеді, бірақ қылыш сілтенбейді. Басын көтеріп қараса, Шыңғыс ханның көзінен парлап жас ағып жылап жатыр екен. Шыңғыс хан Үгедейді хан сайлап қайтыс болған соң екі жылдан кейін Үгедей айықпас ау­руға шалдығады. Үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, қора-қора қой құр­бан­дыққа шалынады. Сонда да ол  жазылмайды. Сонда көріпкел тә­уіп­тің бірі: «Құдайлар туыстарының арасынан адам құрбандығын керек деп тұр» дегенде, інісі Төле: «Ағам­ның жолында мен-ақ құрбан болайын», – дейді. Ол құрбандыққа шалынады. Үгедей  тәуір боп кетеді. Мынадай қайғыны көтере алмай Бөрте есі ауысып қайтыс болады. Бөртенің арманы орындалды. Қыпшақ даласы қазағының мәңгі мекені болып қалды.  Спектакльдің желісі осындай. «Бөртені» көрген көрермен сүйсініп қайтқаны анық. Өйткені жаңа қойылым, жаңа композиция, жаңа қолтаңба. Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы Қазақ ака­демия­лық музыкалық драма теа­тры­ның көркемдік жетекшісі  Хұсейін Әмір-Темір: «Жалпы пьесаның өзі жақсы жазылған. Шыңғыс ханды Шыңғыс хан дейміз, ал оның қандай дәре­жеде болғанын, айналасын, болмысын көрсетуде Бөртені қойылымда үл­кен биіктікке көтеріп, сол арқы­лы Шыңғыс ханды да одан ары жо­ғары биіктікке көтеріп отыр. Өйт­кені Бөрте әйел заты болғаны­мен, өзінің ақылын өте нәзік, жақ­сы жеткізе алады. Ол өлімнен де қиындықтан да қорықпайды. Сөй­тіп, ол жарының биік деңгейге жетуі­не бар мүмкіндікті, қамқор­лық­ты жасайды. Мұны біз бірінші бөлімнің өзінен-ақ көрдік. Бұл қойылымды тек елімізде емес, бүкіл Еуропада көрсетуге болады. Сондықтан бұл Дулат Исабековтің өте ауқымды дүниесі деп айта аламыз»,  – деді.

Айым БЕКТҰР