Ерлан Саиров: Кен өндірушілердің бүлдіргенін кім түзейді?
Ерлан Саиров: Кен өндірушілердің бүлдіргенін кім түзейді?

22 қыркүйекте газетімізде жа­рияланған «Қалжырды кім ластап жатыр?» деген мақалада көтерілген мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар ау­да­рып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауап­керші­лікке тарту туралы тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасының қалай орындалып жатқанын бақылау мақсатында жақында облысымызға Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров арнайы келіп, Күршім ауданындағы өзендердің жағдайымен танысып қайтты. Халық қалаулысымен Өскеменде жолығып, шағын сұхбат құрған едік.

– Ерлан Биахметұлы, жағдайды көзбен көру үшін Күршім ауданына арнайы барып қайттыңыз. Не түйдіңіз? Не көрдіңіз? – Бірден айта кетейін, бұл іссапардың мақсаты – Президент тапсырмасының сапалы әрі толыққанды орындалуын Парламент Мәжілісі депутаттарының қоғамдық қадағалауы. Осы мақсатта 8 қа­занда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев, облыстық Экология департаменті, Ертіс бассейндік инспекциясы, Жер қатынастары басқар­масы өкілдерімен және Күршім ауданы­ның әкімі мен аудандық мәслихат депутат­тарының қатысуымен аудан орталығында кездесу өткіздік. Жиынға аудан аумағында жұмыс істеп жатқан кен өндірушілер де қа­тысты. Аудан әкімі Дулат Қажанов өз сө­зінде алтын өндіруші үлкен компания­ларға лицензия министрліктен, шағын компанияларға, яғни жеке кәсіпкерлік­терге лицензия тек облыстық басқарма тарапынан берілетінін айтты. «Олар бізге аудан аумағында жұмыс істейтін кен өндірушілердің тізімін бермейді. Бұл да бір ескеретін мәселе» деді. Осы кездесуден кейін Күршім мен Қалжыр өзендерінің сағасына барып, онда жұмыс істеп жатқан кен өндірушілермен кездестік. – Сонда сіз Президент пәрмен берген Қалжыр өзенін ғана емес, Күршім өзенінің де жағдайымен таныстыңыз ғой. – Иә, себебі Күршім өзеніне жақын маңдағы Маралды ауылының тұрғындары бұған дейін бірнеше мәрте шағымданған болатын. Ең әуелі біз алтын өндірумен айналысатын «Маралды» ЖШС жұмыс істеп жатқан Күршім өзенінің жағасына бардық. Бұл кәсіпорында экологиялық талаптардан ауытқушылық байқалады. Талап бойынша алтын шаятын орын судан алыстау жерде болуы керек. «Маралды» ЖШС өкілдері тасқыннан жиналатын суды пайдаланып жатырмыз деді. Ал жергілікті халық «ол жерде кішкентай бұлақ бар» дейді. Мұны облыстық Эко­логия департаментінің өкілдері де растап отыр. Кен орнына жергілікті халықтың аздаған өкпе-реніші бар екенін де аң­ғар­дық. Сондықтан оларға жергілікті халық­пен бірлесе жұмыс істеу керегін, бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмысқа алу қажетін түсіндірдік. Күршім – Күршім өзенінің бойында алтын өндіріп жатқан «Визол» ЖШС-на да ба­рып­сыздар. Заңбұзушылық жоқ па екен? – Күршім ауданындағы Қойтас ауылына жақын орналасқан «Визол» ЖШС-ның су бойында жұмыс істеуге барлық лицензиялары бар және эколо­гиялық талаптардың баршасын орындап отырғаны анықталды. Біз олардың алтын өндіретін аумақтарының барлығын ара­ладық. Бұл кәсіпорынның өндіріс орын­дары Күршім өзенінен алыста орналасқан және жерді рекультивация жасаумен жүйелі айналысып келеді. Дегенмен Қойтас тұрғындарының компанияға айтар шағымдары бар екен. Біз Күршім өзеніне бара жатқанда ауыл тұрғындары трассадан қарсы алып, өтініш-тілектерін жеткізді. Жайылымға байланысты мәселе бар екен. Оны аудан әкіміне тапсырдық. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев та арнайы тапсырма берді. Жалпы, Күршім өзенінің бойында орналасқан екі кәсіп­орынның үлкенді-кішілі тәртіпбұзушы­лықтары болғанымен, өзенге экологиялық қауіп төндіріп тұрған жоқ. Бірақ біз алтын өндірушілерге экологиялық нормаларды қатаң сақтап, еңбеккерлердің жалақысын арттыру мәселесіне назар аударуды нық­тап тапсырдық. – Күллі елдің назарын аударған Қалжыр өзенінің қазіргі жағдайы қандай екен? – Қалжырда алтын шаюшылар бір төбені жоқ қылып жіберген ғой. Жаның түршігеді. Құдайдың берген арнасын бұрып, ең сорақысы, алтынды Қалжырдың табиғи арнасында шайған. Сол үшін бөген орнатқан. Масқара жағдай. Қазір өзеннің негізгі арнасы қайта қалпына келтірілген. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев бүгінде қоршаған ортаға келтіріл­ген шығын көлемі есептеліп жатқанын, бұл жұмыс аяқталған соң қылмыстық іс қоз­ғалуы да мүмкін екенін, ең негізгісі, өзенді қалпына келтіру екенін айтты. Бұл – ұзақ процесс. Себебі кен өндірушілердің бүл­діріп, қопарып тастаған жерлері елорданың бір шағынауданының аумағындай. Қал­жыр­дың жігіттері өзенде балық жоғалып, жылда Ертістен жоғары көтерілетін шағын балықтардың көрінбей кеткенін де жет­кізді. Қазір өзенде тексеру жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Бұл жақтағы мәселені оңтайлы шешумен, бүкіл экологиялық шы­ғынды орнына келтіру проблемасымен облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев тікелей айналысып жатыр. Ең негізгісі, ең бастысы – алдағы уақытта осын­­дай жағдайдың тағы да қайталануына жол бермеу. Қалжыр халқы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәселені өз бақы­лауында ұстап отырғанына алғыс білдіріп жатыр. Мұндағы экологиялық жағ­дайды «Nur Otan» партиясы фракция­сының мүшелері де өз бақылауында ұстайтын болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы