Мәжіліске даулы заң жобасы түсті. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы». Құжат «ит төбелестірудің» көлеңкелі бизнесін құртып тынбақ, оған түпкілікті тыйым салынады. Бірақ елде асылтұқымды иттер өсіру ісі дәл осы кәсіп арқасында өркен жайғаны мәлім. Жоба малды сабауға жол бермейді, бұл қазақтың бәйгесіне нұқсан келтірмей ме? Алайда шенділердің дельфинарийлерге көңілі иіпті, адамның ықтиярына сөзсіз бағынып, акробаттық күрделі элементтерді орындауы үшін су жануарына зомбылық жасалатынын министрлік ескергісі келмеді.
Қоғамдық инспектор қоқан-лоқы жасамай ма?
Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңының жобасын жаңа ғана жұмысқа қабылдап алды. Алда төменгі палатада жұмыс тобы құрылып, онда депутаттар, мүдделі меморгандар өкілдері және қоғам белсенділері құжатты пысықтауға кіріспек. Дегенмен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл істі жеделдетуге ниетті. Заң қабылданбай жатып, ведомствоның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті кеше оған қатысты бірнеше нормативтік-құқықтық актіні қоғамдық талқылауға шығарды. Арасында «Жануарларға қарау саласында қоғамдық бақылау жүргізу, сондай-ақ азаматтарға жануарларға қарау саласындағы қоғамдық инспекторлардың куәліктерін беру тәртібін бекіту туралы» бұйрық жобасы назар аудартады. Бұйрыққа бас эколог Серікқали Брекешев қол қойысымен, кез келген адам «жануарларға қарау саласындағы қоғамдық инспектор» атанып, тиісті куәлікке қол жеткізе алады. Оған мемлекет өзгелердің жануарларға қаншалықты жауапкершілікпен қарап отырғанын тексеруге уәкілеттік береді. Қоғамдық инспектор өзіне ұнамаған адамын жазалай алады: оның түсірген фотосуретіне не бейнежазбасына құзырлы орган тиісті ден қоюы шарт. Бұл ретте фото, видео фейк, монтаж болып шықса, инспекторды жазалау қағидаларда көрсетілмеген. Ал инспектор-белсендінің камерасының объективіне түсіп қалған адам біраз азап пен тауқыметке түсуі ықтимал: оған 3 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұған қоса, оның бұл қылығы жайында жергілікті әкімдіктен бастап Үкіметке дейін хабардар болады: «Қоғамдық инспектор қорытынды құжатты мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекеттік және муниципалдық ұйымдарға, жекелеген жария өкілеттіктерді жүзеге асыратын өзге де органдар мен ұйымдарға қарауға жібереді. Қоғамдық бақылау нәтижелері міндетті түрде қаралуға жатады» делінген қағидаларда. Бас экологтің бұйрығы жобасында және ұсынылып отырған қағидаларда қоғамдық инспектордың тұлғасына қойылатын бірде-бір талап жазылмаған. Егер ол қылмыскер, бопсалаушы, пара дәметуші болса ше? Тіпті, жемқорлығы не басқа да қылмыстары үшін сотталғандар инспектор бола алмайды деген бір сөз жоқ. Оның үстіне, биік лауазымды шенеунік пен меморганның мөрі қойылатын ресми куәлік кім көрінгенге берілуі ықтимал. «Қоғамдық инспектор ретінде көмек көрсетуге ниет білдірген азамат Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық органына қоғамдық инспектордың куәлігін беру туралы өтініш береді. Өтінішке жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; өлшемі 3x4 см екі түрлі-түсті фотосурет қоса беріледі» делінген. Куәлік беру үшін осы жеткілікті екен.Адам сабағаннан мал сабаған жаман ба?
Сарапшылар бір көңілсіз байламға келді: Қазақстанда адамнан гөрі малдың қадірі болғаны ма? Себебі адамға қарағанда малды сабағанға көбірек айыппұл салынады. Екі жыл бұрын отбасылық озбырларға жазаның жұмсартылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазір Әкімшілік кодекстің «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» деп аталатын атышулы 73-бабына сәйкес, отбасын ойрандаушылар енді ескерту жасаумен не 5 тәулiкке әкiмшiлiк қамаққа алумен құтылады. Ал 73-1-бапқа сәйкес, «Қысқа немесе ұзақ уақытқа еңбек қабілетін жоғалтуға әкелетін, денсаулыққа қасақана зиян келтіру» 15 АЕК (43 755 теңге) айыппұлмен жазаланады. Ал жануарларды азаптағандарға жаза 120 АЕК-тен (350 мың теңгеден) басталып, 1 000 АЕК-ке (2 млн 917 мың теңгеге) дейін барады. Келесі жылы АЕК мөлшерінің 3 063 теңгеге дейін көтерілуіне байланысты айыппұл сомасы 3 миллион теңгеден аспақ.Жасыратыны жоқ, адамдардың, әсіресе үй жануарларына қаталдық, қатыгездік танытуы бұрыннан бар. Айталық, кеңес кезінде адамға өшін жазықсыз жануарлардан алып, ішіне ине, қармақ салынған ет не нанды аш итке тастап, қинап өлтіретіндер болды. Балаларды қорқыту үшін жасалса керек, кейде мектеп ауласындағы турникке мысықтың өлексесін асып кететін. Ондай деректер газетте жазылмайтын.Қазір әлеуметтік желі арқасында осындай деректер фото және басқа айғақтарымен жұртқа жария етіледі. Елорда тұрғыны Василиса қызымен келе жатқанда биік тұрғын үйдің жоғары қабатының бірінен лақтырылған мысықтың алдына топ етіп құлағанын әңгімеледі. «Мысықтар қалай құласа да, төрт аяғымен тік түседі» деген стереотип шындыққа жанаса бермейді. Василиса миы шашылып қалған жануардың қиналып өлгенін және оны қызының көргенін айтты. Жануардың қай терезеден тасталғанын аңғара алмай қалғанына өкінеді. Жаңа заң осындай жауыздардың табанына тас қою үшін жазылған.
Тіршілік иесі – өмірдің киесі
Экология вице-министрі Әлия Шалабекованың айтуынша, жаңа заң жобасын қабылдаудағы мақсат – жануарларға адамгершілікпен, мейіріммен қарауды құқықтық реттеу, адамның бойына жанашырлық, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыру. Жаңа заң жобасы бірнеше жаңашылдықты қамтиды: біріншіден, жануарларға қатынасты реттеу өкілеттіліктерін меморгандар арасында бөледі, яғни құзырбөліс жүреді. Екіншіден, жануарларды ұстауға және тасымалдауға, сондай-ақ өсіруге және ветеринариялық қызмет көрсетуге қойылатын жалпы талаптарды белгілейді. Үшіншіден, жануарларға қатыгез қарым-қатынасты насихаттауға тыйым салады. Сонымен қатар жекелеген санаттағы жануарларды, мысалы дельфин, піл, маймыл, тышқан, басқасын мәдени және ойын-сауық, эксперименттік-зертханалық, қызметтік мақсатта, үй жағдайында ұстау, қараусыз, қаңғыбас жануарларға қарау кезінде қойылатын талаптар анықталған. «Қоғамдық инспекторлар» ұғымын енгізу ұсынылған. Ең бастысы, жаза түрлері енгізіледі. Әлия Шалабекованың түсіндіруінше, жануарлардың өмірі, денсаулығы және амандығы үшін иесінің жеке жауапкершілігі көзделген. Егер адамның жануарға жасаған қатыгездігінде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ болса, әкімшілік жаза қолданылады. Егер қаскөйлік жануардың өліміне әкелсе, қылмыстық жаза тағайындалады. «Жануардың өліміне әкеп соққан құқықбұзушылық үшін жаза қатайтылды: 120-дан 200 АЕК-ке дейін, ал қайталап бұзған кезде 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады не 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын қабылдау Қазақстанның прогрессивті, заманауи мемлекет ретіндегі имиджін нығайтады. Барлық тіршілік иесіне адамгершілікпен қарауға мүмкіндік береді», – деді экология вице-министрі.Қазақстанның «киелі жануарлары» бекітілмек
Заң жобасының «экзотикалық» тұстары да бар: ол осы күйде қабылданса, Қазақстанда ит пен мысықты жеуге тыйым салынбақ. Ал бұлар Корея, Қытай сияқты бірқатар азиялық елде жеңсік ас саналатыны белгілі. Түсініксізі сол, Қызыл кітапқа енген жануарларды жеуге еш шектеу қойылмайды. Әйтпесе, ауқаттыларға арналған мейрамханаларында киік еті, тасбақа сорпасы, акуланың жүзбеқанаты үлкен сұранысқа ие. Ал бұлар – Қызыл кітаптің «тұрғындары».Айхан ШӘРІП