Бақылаушының да былыққа батқаны ма?
Бақылаушының да былыққа батқаны ма?
215
оқылды

Бас әскери прокуратураның қызметкері парамен ұсталды. Оны Бас прокуратураның Ішкі қауіпсіздік департаменті анықтаған. Әскери прокуратура сынды жабық мекеме қалайша мұндай қылмысқа жол берді? Тұз сасыса, не себер демекші, әскери саладағы заңдылықтың сақталуын қадағалайтын ведомствоның өзі заңсыздыққа жол беріп жатса не жорық? Онсыз да әскери саланы дүр сілкіндіріп тұрған оқиғалар аз емес. Солардың алдын алу үшін қызмет етуі тиіс Бас әскери прокуратураның қызметкерлері парамен ұсталып жатқаны, әрине өкінішті.

Тексеру қорытындысы 4 миллион

Әскери сала, соның ішінде Бас әскери прокуратура қызмет сыңайы­на қарай жабық мекеме са­на­латындықтан, бұл ақпарат әзірге тек «Время» басылымында ғана жарық көріп отыр. Бұл жағ­дайдың ведомствода кезекті бір жаңа жанжал тудыратыны анық. Сонымен, мардымсыз ақпараттан әзірге белгілісі Алматы қаласы мен облысындағы әскери бөлімдерге тексеру жүргізген бас әскери прокурордың көмекшісі Ренат Рахимов қамауға алынған. Кейбір мәлімет бойынша, осы аудит ке­зінде ол әскери бөлімшенің бірінің офицерлік құрамның жұмысынан кемшілік тауып, оны бөлім коман­дирімен бірге талқыға салған. Ол өзінен не талап етіліп отыр­ғанын түсініп, өзіне бағынысты қыз­мет­керлермен бұл мәселені шешу туралы сөйлескен. Бірнеше офицер тексерушіге ақша жинап бермей іс бітпейтінін түсініп, ортақ жинаққа ақша қосқан. Жоқ дегенде 4 миллион теңге жиналған көрінеді. Кейіннен бұл ақпарат Бас прокуратураға жетеді де, Рахи­мов­тың соңынан тексеру басталады. Оның әскери бөлім қыз­меткерлерімен байланысы нақ­ты­ланып, қадағалаушы орган бұл жемқорлық қылмысқа қатыс­тылардың барлығын ұстауға ше­шім қабылдайды. Ендеше прокурор не үшін пара алды, оның со­масы нақты қанша, оның бар­лығы тергеу аяқталған соң белгілі болмақ. Әйтсе де, бір нәрсе анық: әскери прокурорлар жемқорлық қылмысқа барар кезде көбі бір сценарийді басшы­лыққа алатын сияқты. Мәселен, былтыр көктемде Таразда Серік Ешетов деген Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры 5 жылға сотталды. Ол осы қызметке кірісе сала әскери бөлім командирлерін ақша жинап беріп тұруға мәжбүрлеген. Бұған шыдамаған олардың бірі құзыретті органдарға шағымдан­ған. Осыдан соң Ешетовтің соңынан аңду қойылып, оған офицерлердің бірі тұрмыстық техника алып беріп және қырғыз елімен шекарадан кедергісіз мал айдап өтуге жағдай жасап жатқан жерінен ұсталды. Күнделікті ақпарат құралдарында жария болып жүрген сондай бы­лық­тар туралы деректерді интернеттен оқып та, көріп те жүрміз. Оның ең сорақысы, кешегі болған Тараздағы жағдай. Ай мен күннің аманында онда әскерилер қаза тапқан болатын. Олардың ішінде әскери прокурор да бар.

Әскер ел қорғаны ма, жемқорлары ма?

Коррупция мемлекеттің дамуын тежеп қана қоймай, оны жегі құрттай жейтін заманалар зауалы екені белгілі. Ал әскери сала­дағы жемқорлық – ел қауіп­сіздігіне тікелей нұқсан. Оның әдеттегі деректерден гөрі ауырлау қабылданатыны да сондық­тан. Арыс пен Байзақ оқиғасына дейін де елімізде әскери қойма­лардың жарылуы аз болмаған. Тек бүгінгідей қоғамдық резонанс алмаған екен. Бұл да болса, мұндағы төтенше жағдайлардың жүйелі сипат алып бара жатқанын білдірсе керек. Одан соң 2009 жылы екі бірдей оқиға болады. Наурызда Арыс қаласынан 7 ша­қырым қашықтықта орналас­қан Қор­ғаныс министрлігіне қарас­ты әскери бөлімше жанын­дағы «Казарсенал» ЖШС ғылы­ми-өн­діріс­тік бірлестік қойма­сында әс­кери снарядтарды утилизациялау барысында 3 жарылыс болып, оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 16 адам ауру­ханаға түседі. Бұл Арыстағы алғашқы оқиға еді. Ал 8 шілдеде Алматы облысы Іле ауданына қарасты Қараой кентінде ҰҚК-не қарас­ты шекаралық қызметтің әскери қоймасындағы жарылыс­­­тан 20 жастағы әскери қыз­метші қаза болады. 2013 жыл, тамыз, Жамбыл облысы Қордай ауданы «Отар» стансасы. «Қазақ­жарылыс­­өнеркәсібі» АҚ аума­ғында оқ-дәрілерді жою жұмыс­тарын жүргізу барысында жарылыс болады.  8 адам ауырлығы әртүрлі термиялық күйік алып, оның 4-еуі көз жұмды. Ал 2014 жылы маусымда Арыс қаласында екінші оқиға болады. Тағы да «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында жарылыстан сол мекемедегі 32 жастағы әйел мен 26 жастағы ер адам қаза тапқан. 2015 жылғы қарашада Арыс қаласына қарас­ты полигон аумағында жарылыс болып, 1 адам мерт болды. Бұл үшін­ші оқиға еді. пара Төтенше оқиғаның барлығы еліміздің қорғаныс ведомствосында көптеген жүйелі проб­леманың барын білдіреді. Тіпті, оның бір ұшы коррупциямен байланысты екенін де жоққа шығаруға болмайды. Жабық режимдегі стра­тегиялық сала бол­ған­дықтан, мұндағы жемқор­лық­­пен күреске дұрыстап ден қоймаса, қарулы қуатымызды зама­на зауалы іштей жеп әлсі­ретуі мүмкін. «Әскеріміздің басты жауы – кор­рупция. Нақты айтқанда, мем­лекет қаражатын жаппай ұр­лау. Егер ресми мәліметті қар­ар болсақ, бір кездері, 2016 жылы болу керек, әскери оқ-дәрі, қару-жарақтарды жоюға 4 млрд теңге бөлінген екен. Бірақ оның нәти­жесі көріп отырғанымыздай, Арыс­тағы және Байзақтағы оқи­ға­­­ларға әкеліп отыр. Сондық­тан да мұнда енді кезекті шаралармен шектелмей, түбегейлі ре­фор­малар жасау керек. », – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы. Саясаттанушының сөзінің жаны бар. Коррупциямен күрес қызметінің мәліметінше, былтыр қорғаныс саласында жемқорлық қылмысы үш есеге артқан. Мәсе­лен, 2019 жылы 11 іс қозғалған болса, 2020 жылы осындай 31 іс тіркелген. Оның 22-інде күдікті­лердің қылмысы дәлелденіп, 26 әскери қызметкер сотталған. Екеуі­нде күдіктілер ақталған. Қалғаны бойынша тергеу жал­ғасып жатыр. Мұндағы қылмыс түрлері көп ретте пара беру және бюджет қаржысын жымқырумен байланысты. Соның ішінде белгілі бір орынға қызметке таға­йын­дауға қатысты «кадрлық биз­нес» етек алған. Сондай «кә­сіп­ті» жолға қойған полковник, Қорғаныс министрлігінің Кадр департаменті бастығының орынбасары өңірлердегі әскери бөлім­дерден Алматы қаласына ауыс­тырғаны үшін бір әскери қызмет­керден 800 мың мен 1,1 млн теңге аралығында ақша алған. Одан бөлек, қорғаныс саласында «әс­керге шақыртудан алып қалу» не­гізінде жолға қойылған жүйелі пара­қорлық бар. Сондай дерек­тер­дің бірінде Алматы қаласы Қорғаныс департаменті бөлім бастығы мен полиция сержанты алдын ала сөз байласып бір әс­кер­ге шақырылушыдан 1 мың дол­лар ақша алған. Тізе берсе, мұн­дай тұрмыстық коррупция деректер жетіп артылады. Тұрмыстық коррупциядан бөлек, қорғаныс саласындағы пара мен мемлекет қаржысын ұр­лау көлемі күдіктінің атқара­тын қызметіне қарай өсе береді. Естеріңде болса, 2014 жылы ақ­пан айында сол кездегі Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бағдата Майкеевті екі миллион доллар пара алу кезінде ҰҚК-нің контрбарлаушылары ұстаған болатын, ал 2018 жылы Жамбыл облысы Гвардейский гар­низонының танкі бригадасы­ның қаржылық қызметінің бас­тығы Жанарбек Төлеуов алты қызметкерімен бірге 400 миллион теңге мемлекет қаржысын ұрлап сотталған еді. Бұлар – Қор­ғаныс министрлігіндегі корруп­циялық қылмыстың ең ірі сомалары. Ал әскери айбынымызға көлең­ке түсіріп тұрған ұрлық деректері өз алдына. Қазақстанда қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдауға байланысты қылмыстық құқықбұзу­шылықтар саны жылдан-жылға көбейіп бара жатыр. Мәселен, 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында осындай 874 дерек тіркелген. Соның ішінде ең көп қылмыс Алматы қаласында, яки 140 оқиға болған. Ендеше осы және одан да өзге былығы көп қорғаныс саласында тәртіп орнатуы тиіс әскери прокурорлар өздері осы былыққа батар болса, онда бұл салаға түбегейлі реформа керек екені шындыққа айнал­мақ.

Н.ҚОСАЙ