Субси­дияның да сұрауы бар
Субси­дияның да сұрауы бар
133
оқылды

Шымкенттік бір топ шаруа соңғы екі айда сотқа жолданған субси­дияның әлегімен әуреге түсті. Бұл мәселе тамыз айында қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасынан келген ха­барламадан кейін басталған. Онда 10 күннің ішінде субсидияны қайтару керегі немесе сотқа талап-арыз жолданатыны жөнінде айтылған.

Сор болған субсидия

Бұл туралы «Зәуре» шаруа қожалы­ғы­ның директоры Жәния Ашықбаева айтқан екен. Алайда шаруалар алғашында бұл ха­­барламадан еш нәрсе түсінбеген. Сөйтсе, даудың басы осыдан 3 жыл бұрын жылыжай өндірісін дамыту үшін бөлінген қаржыдан шыққан. Ол кезде енді ғана рес­публикалық маңызға ие болған Шым­кент қаласында барлық сала бойынша даму кезеңдері басталған. Ауыл шаруа­шылығы саласында да бірқатар өзгеріс болып, аграрлық-ин­дустриалды аймақ ашылып, түрлі жоба жүзеге аса бастайды. Сондай-ақ инвести­циялық субсидия арқылы шаруалар жы­лыжайлардың жаңа кешендерін салуға ынталандырылды. Мемлекет алған несие­сінің төрттен бірін өтеуді міндетіне алған соң шымкенттік шаруалар бұл мүмкіндікті пайдаланып, талапқа сай заманауи техно­логия бойынша жылыжай салады. «Біз 2019 жылы «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ арқылы үш гектар жерге несие алып, өнеркәсіптік жылыжай құры­лысын салдық. Құрылыс жұмыстары біткен соң талап бойынша мемлекет тарапынан берілетін субсидияға өтініш қалдырдық. Жобамызды Ауыл шаруа­шылығы басқармасы қолдады. Сөйтіп, несиеге алған 660 млн теңгенің 25 пайызын субсидиялау бойынша 2019 жылғы мамыр айында 175 миллион теңгеге өтініш тас­тадық. Qoldau порталы арқылы жасалған бұл жұмыстар бойынша түсетін қаржы шаруалардың қолына емес, тікелей «Аг­рар­лық қаржылық қолдау» қорының есеп­шотына түседі. Солай бола тұра, қолы­мызға ұстамаған ақшаны қайтарыңдар деп отыр», – деп ашынды фермерлер. Талап бойынша жылыжай кешенінің құрылысын шаруалар өз қаражатына салуы тиіс, ал мемлекеттік жеңілдік ақша жылыжайға құрал-жабдық алу үшін беріледі екен. Осы тұста бір түсініспеушілік болған сияқты. Шаруалар жылыжайдың құрылысын толық бітіп болған соң, құрал-жабдық алуы үшін 25 пайыздық субсидияға Qoldau порталы арқылы өтініш тастағанда порталдан «құрал-жабдыққа» деген белгіні таппай, «құрылыс үшін» деген белгіні басқан. Кілтипан осы тұстан кетіпті.

Сергелдеңнің соңы...

Мемлекеттік аудиттың тексеру қоры­тындысы бойынша прокуратура жергілікті әкімдікке шаруаларға субсидия түрінде алынған ақшаны қайтарту туралы хат жол­дайды. Соңы үлкен дауға айналған. Мұн­дай хабарламаға шошынған шаруалар тез арада мәселенің мәнісін зерттеуге кіріскен. «Мұндай мәселе біздің басымызда ғана болған жоқ. Шымкент қаласындағы жы­лы­­жай өндірісін дамытпақ болған 7-8 ша­руа осынау проблемаға бетпе-бет келіп, бі­раз әуреге түсті. Хат жазбаған құзырлы орган қалмады. Қала әкімдігінен бастап, министрлікке, Президентке, Бас проку­рорға, «Атамекен» кәсіпкерлердің құқын қорғау палатасына дейін шағымдандық. Тексеру шараларынан соң, қателік пор­тал­дан кеткенін білдік. Ал тексеруші ауди­тор­лар мен прокурорлар оның анық-қанығына көз жеткізбеген. Мұны «бас ал десе, шаш алатын» тәсіл деп есептеймін. Әйтпесе, бір қағаз қанша жанды сергел­деңге салды. Ша­руалар үшін жаздың әр күні қымбат. Алтын уақытымызды сарп етіп, жан-жаққа са­бы­лумен жүрдік. «Атамекен» кәсіпкерлер па­­­латасында БАҚ өкілдерін шақырып, жиын өткіздік. Одан бөлек, қаржылық шы­ғындар да бар. Адвокаттың жұмыс ақысы да оңай болған жоқ. Міне, үш айға жуық артыс-тар­тыстың арқасында жеңіп шық­тық. Жуыр­да әкімдік сотқа жолдаған талап-арыз­ды қайта алып­ты деп естідік», – дейді шаруа. субсидия Біз мәселенің анық-қанығын білу үшін Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Қа­ныбековке хабарласқанбыз. «Қаржы ми­нистрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит ко­митетінің бас сарапшы – мемлекеттік аудиті А.Сепетованың берген жазбаша қорытындысы бойынша жолданған Шым­кент қаласы прокуратурасының 2021 жыл­ғы 29 шілдедегі ұсыныс хатына сәйкес, шаруаларға субсидияны қайтару туралы хабарлама хат жолданғаны рас», – дейді басқарма басшысы. Ресми өкілдің мәлім­деуінше, 7 шаруа қожалығына 1,8 млрд тең­ге көлемінде субсидияны қайтару мін­дет­телген. Бұл хабарламаға қарсылық біл­діріп, оның күшін жою бойынша ша­ғым түсірген шаруа қожалықтары да бар. Алайда басқарма басшылығы бүгінде бұл процесс бойынша сотқа дейінгі реттеу тәртібі жүргізіліп жатыр деп жауап берді. Ал Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы таратқан мәліметке сенсек, инвестициялық субсидияларды негізсіз қайтару мәселесі кәсіпкерлердің пайда­сына шешілген. 30 қыркүйекте Шымкент қаласының мамандандырылған аудан­аралық экономикалық соты субсидия­ларды бюджетке кері қайтару туралы талап қою арызы қараусыз қалдырылсын деген ұйғарым шығарыпты.

Көмекке бизнес-омбудсмен келеді

Кәсіпкерлер палатасының өкілі мәсе­ленің жан-жақты қаралғанын айтады. «Атамекен» ҰКП төралқа басшысы Тимур Құлыбаев өңірдің кәсіпкерлерімен он­лайн кездесуі барысында шаруалар осындай проблемаға тап болғанын айтып, ша­ғымданады. Одан бөлек, түйткілді жайт­тың шешілуіне Қазақстан кәсіп­керлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Рустам Жүрсінов біраз үлес қо­сыпты. Бизнес-омбудсмен бұл мәселе бо­йынша Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовке жүгінген. Осылайша, Бас прокуратура бизнес-омбудсменнің офисімен бірлесе отырып, қалыптасқан жағдайға талдау жүргізген. Әрбір субсидиялау жағдайын зерделеп, мұндай жағдай бойынша субсидияларды қайтару орынсыз деген қорытындыға келген. Нәтижесінде, Бас прокуратура аумақтық прокуратураларға жергілікті атқарушы органдарға енгізілген бұзу­шылықтарды жою туралы ұсынымды кері қайтарып алу туралы тапсырма береді. Зардап шеккен инвестициялық жылы­жайы бар шаруа қожалықтарының қата­рында Taza onim ШҚ, IGM-corporation ЖШС, «А.В.Колесников» ШҚ, Agropark KZ ШҚ, Arman agro ШҚ, «Зәуре» ШҚ және «Шәріпов» жеке кәсіпкерлігі бар. Аталған фермерлердің әрқайсысы әртүрлі көлемде мемлекеттен қолдау ретінде суб­си­дияға ие болған. Осы тұста «Зәуре» шаруа қожалығының басшысы өзінің ренішін де жеткізді. 2019 жылдың соңында отырғызған қияр мен қызанағы 2020 жылғы ақпан айында жеміс берген. Енді саудаға шығарғалы отырғанда карантин басталып, шекаралар жабылған, барлық кафе, мейрамханалар да жұмысын тоқтатқан. Өкінішке қарай, ең алғашқы өнім пайдадан гөрі шығынға кетеді. Өтпей қалған өнімдер қоймада сақталып қалады. «400 теңге болып жүрген қиярды шіріп бара жатқан соң 15 теңгеге дейін сатуға мәжбүр болдық», – дейді. Содан бері әлі оңала алмай келе жатқанын еске салды. «Мәселен, Өзбекстанда шаруаларға электр энергиясына, көгілдір отынына, тыңайт­қышына және жылыжай салғаны үшін көп­теген жеңілдік бар. Ал бізде комму­налдық қызметтің құны ұшып тұр. Жуырда танысым 6 гектар жылыжайға Түркиядан 4,5 млн доллар шамасында құрал алып жатыр. Ал оның кеденге төлейтін салығы­ның өзі 1 миллион теңгеге жетіп тұр. Осын­дай жағдайдан кейін ауыл шаруа­шылығы қалай дамиды? Мемлекет осын­дай қиын­дықтарға жеңілдік жасаса, суб­сидия дегеннің қажеті жоқ еді. Қазір мем­лекеттің берген жеңілдігі осындай шы­ғындармен-ақ кетіп қалады», – дейді шаруа. Иә, қандай қиындықпен болса да шаруалар кінәсіздігін дәлелдепті. Алайда осынша әуреге түсірген, әсіресе артынан «мемлекеттің қаржысын жеп қойды» деген намысқа тиер ауыр сөздерді естірткені үшін кім жауап береді? Қайта еті тірлігінің арқасында таласып жүріп, кінәсіздігін дәлелдеп шықты. Егер алда-жалда жанай­қайын тыңдар құлақ болмағанда, талай отбасы сорлап қалар еді. Ал елдің бәрін қырқыстырып қойған тексеруші органның қызметкерлері мұндайда жауап бере ме? Мәселе – сонда?!

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы