«Бала тілді ойлап жүріп емес, ойнап жүріп сіңіреді» – Динара Мейрамқызы
«Бала тілді ойлап жүріп емес, ойнап жүріп сіңіреді» – Динара Мейрамқызы
491
оқылды

Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы салт-дәстүрін жаңғыртып, ана тілін түлетуге мүмкіндік алды. Кеңес кезеңінде құруға таяп қалған қазақ тілінің екінші тынысы ашылды десек, артық емес. Бүгінде тілімізді өз азаматтарымыз ғана емес, шетелдіктер де меңгеріп жатыр. Алайда тіл саласында әттеген-ай да аз емес. Сәбидің YouTube қарап, тілі шығатын заманда ойланатын тұстары да жетерлік. Аталған мәселелерді лингвист, PhD докторы Динара Мейрамқызымен бірге талқылаған едік.

– Сіз шетел азаматтарына қазақ тілін үйретіп келе жатқаныңызға біраз жыл­дың жүзі болды. Соңғы кезде шетелдіктер арасында қазақ тілін меңгеруге сұраныс артты ма, азайды ма? Жалпы, шетел­діктердің қазақ тілін үйренудегі мақсаты не: қызметтік талап па, әлде өздері қы­зығып оқи ма? – Қазақ тілін үйренемін деушілердің қатары соңғы бес жылда едәуір артты. Әсіресе, шетелдіктердің тарапынан сұраныс көп. Бұл – қуантарлық жағдай. Себебі қазақ тілін үйренуге сұраныс болса, тіл үйретушілер сапалы ұсыныс жасауды көздеп, оларға арналған оқу-құралдары қайта жанданып, жаңғырып, заманауи әдіс-тәсілдерге негізделген әдістемеліктер мен құрал-жабдықтар көбейеді. «Қазақ тілін үйренудегі мақсаты не?» деген сұрағыңызға келсем, орыстілді қазақтарымыз «ұлтым қазақ, сол себепті өз тілімді үйренгім келеді» десе, ал шетел азаматтарының басым көпшілігінің уәжі қазақ еліне деген құрмет. Халықаралық үкіметтік емес ұйым­дардағы жергілікті қызметкерлердің қа­зақ тілін үйренуі – бұл сол ұйымның ішкі тіл саясаты. Белгілі бір мерзім аясында тілді меңгеруге бағытталған, жоспарына сәйкес болғандықтан, қызметкерлер жұмыс берушінің талабын орындайды. Сәйкесінше, ұйым қызметкерлері қазақ тілін жеке қызығушылықтан гөрі меке­менің алға қойған мақсаты болғандықтан үйренеді. Алайда көп жағдайда оқу про­цесінде тіл үйренушінің тілді меңгеруге деген өзіндік қызығушылығы, ынтасы пайда болып жатады. Ал бұл – өте ма­ңызды құбылыс. Себебі өзіндік мақсаты болмай, өзгенің мақсаты үшін тіл үйре­ніп жүрген азаматтар жоғары нәтижеге жете алмайды. Сондықтан тіл үйрену өз қала­уынан тыс болса, ұзаққа бармай, тіл мең­геруді орта жолдан тастап кетіп жатады. Тағы бір тіл үйренушілер тобы бар, олар өздерінің жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуы үшін қазақ тілін «менталды спорт» ретінде үйренеді. – Жаңа орыстілді қазақтар жайлы да айтып қалдыңыз. Орыстілді ересек қазақ азаматы өз ана тілін толық қайта үйре­немін, курстарға жазылып оқимын десе, ол кісіге орташа есеппен қанша уақыт керек? Ал шетелдіктерге ше? – Орыстілді қазақтар қазақ тілін осынша уақытта меңгереді, ал шетел­діктер мына уақытта үйреніп шығады деп кесіп айта алмаймын. Неге? Себебі адам тілді өмір бойы үйренуі мүмкін. Оның үстіне, әр адамның мүддесі әртүрлі. Сәйкесінше, негізгі тілдік дағдыларды үйреніп алу үйренушінің тікелей өзіне байланысты. Әрине, орыстілді ересек қазақ азаматының шетелдік азаматқа қарағанда ұлттық-мәдени кодтарды тануда өзіндік артықшылығы бар. Қазақ тілі өз ана тілі болғандықтан, тілдің та­би­ғатын сезіп, тілдік құрылымдарды бір­ден түсініп отырады. Алайда бұл – орыстілді қазақ азаматтарының тілді шетелдік азаматтарға қарағанда тез меңгеріп, қазақ тілінде көсіле сөйлеп кете алады деген сөз емес. Бұл азамат­тардың тілді қалай үйреніп жүруіне, тіл үйренуге қанша уақытын жұмсайтынына, шет тілді үйренуге деген қабілетіне ті­келей бай­ланысты. Біреулері шынымен де жазып, сызып, оқып, бар зейінін са­лып айна­лы­сып жүрсе, екіншілері бір жү­гірте оқып, меңгеріп алып жатады. Сон­дықтан әр тіл үйренушінің тіл үйрену барысында өзін­дік ерекшелігі бар деп айтар едім. Ең бастысы, тіл үйренудегі мақсат – сол тілде сөйлей алуы. Ал оған жазып, сызып, кешке дейін граммати­ка­сын оқып оты­рудың қажеті жоқ. Тілдің бірнеше қызметі бар, соның ең алғаш­қысы – комму­ника­тивті қызмет. Қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтарға, ең ал­дымен функционалды-коммуни­кативті қызметін атқара алуы­мыз қажет деп үйретемін.  – Көптен бері бізді мазалайтын сұрақ­тың бірі – аралас мектептердегі қазақ тілін оқыту әдісі. Оқу бағдарламасы бойынша орыс сыныптарында, аралас мектептерде қазақ тілі оқытылады. Алайда ондай сыныптарда оқитын мектеп түлектерінің қазақша еркін көсілгенін байқамаймыз. Кейін көпшілігі не оқығанымыз да есімізде жоқ дейді. Мұның себебі неде?
– Шынында да, мен де кездестіріп жүрген орыс сыныбындағы балалар қазақ тілі сабағында қазақ әліпбиінен басқа еш нәрсе түсінбей жүргенін жа­сырмайды. Меніңше, бұл мәселе тек «Қазақ тілі» оқу-құралдарына байла­нысты емес. Әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, тілді тиімді әрі тез үйретуде үш нәрсені басты назарда ұстау қажет. Бі­ріншісі – тілді үйрете алатын арнайы мамандардың болуы, екіншісі – заманауи әдіс-тәсілдермен құрастырылған оқу-құралдардың болуы, үшінші – үйре­нушінің мотивациясының болуы.
Тарқатып айтар болса, ең алдымен Қазақстандағы филологиялық білім беру ісін реформалау керек. Қазір өзге ұлт өкілдері мен шетелдіктер арасында қазақ тілінің мамандары үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бірақ бұрынғы жүйемен білім алып шыққан жас мамандар бүгінгі қоғамның талабына сай емес. Олар қазақ тілі мамандығын қазақ сыныптарына даярланған мұғалім ретінде оқып шы­ғады. Ал бізге орыс немесе ағылшынтілді аудиторияға кіріп, қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқытатын, «Лингвистика: қазақ тілі» сияқты тар бейімді мамандар қажет. Нақты қазақ тілін үйрете алатын сауатты кадр дайындап алмай, біз қазіргі қоғамның сұранысына жауап бере алмаймыз. Екіншіден, бүгінде орыс сынып­тарына арналған қазақ тілі оқулық­та­рының «Қазақ тілі» пәні деген аты ғана болмаса, оның ішіндегі сабақтардың мазмұны тарих, биология, философия, тіпті дін тақырыбына байланысты болып келеді. Оқушы тілдің коммуникативті қызметінен гөрі сабақ үстінде көбіне когнитивті, яғни ойлау, тану бағытына ауысып кетеді де, күнделікті тұрмыста қажет шағын фразалар мен сөздерді үйрене алмайды, содан көшеге шыққанда қарапайым қазақша сөздерді айта алмайды. Қазақ тілін энциклопедияның негізінде үйретуді қою керек! Себебі өтіп жүрген тақырыптардың тапсырмалар легі белгілі бір мәтіннің мазмұнын түсіну, ақпаратты танумен шектелген. Дін де­мекші, орыс сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығының бірінде мы­надай жаттығуға кез болдым. «Адам денесінде қарнынан өткен жаман ыдыс жоқ. Адам баласы бірнеше асап жеген тамақпен шектелсе де болады. Қажет болса, қарнының үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, үштен бірін дем алып тұруға ажыратсын» (хадистен) деп келтірілген. Оқушы бұл тапсырманы аударып, түсініп алуы керек. Он жасар балаға мұндай «дінге» қатысты тапсыр­малар ауыр деп есептеймін. Оның ор­нына қазіргі жас ақын-жазушы­ла­ры­мыз­дың еңбектерінен үзінді берсе, құба-құп болар еді. Жалпы, оқушылар емес, ересек орыс азаматтарынан қазақ тілін неге үйрен­бей жүрсіз деп сұрай қалсаңыз, «егер өз тіліммен бұл елде жүріп-тұра алсам, бұл тіл не үшін қажет?», «кез келген қазақ менің сұрағыма өз тілімде, орыс тілінде жауап беріп жатса, бұл тілді мен қай жерде қолданамын?» секілді жауаптарды естиміз. Меніңше, жауаптары орынды. Себебі кез келген жаңа тілді үйрену үшін адамға мықты ынта, үнемі әрекетке итермелеп отыратын берік мотивация қажет. Ал елімізде орыстілді азаматтардың қазақ тіліне деген қажеттілігі жоқ бол­ғандықтан, тілімізді үйренуге деген ықыластары да жоқ. Сондықтан жоғарыда атап өткен үш «м»: маман, методика, мотивация тіл үй­ретуде бір-бірінсіз дұрыс қызмет көрсете алмайды. Тілді үйретуде үшеуінің берік болуы аса маңызды. – Қазір «Болашақ» стипендиясының байқауына қатысу, мемлекеттік қызметке қабылдану үшін «Қазтестті» тапсыру ке­рек. Егер тіл меңгеру деңгейін анықтауда «Қаз­тестті» IELTS-пен салыстырса, бізді­кі­нің сапасы онымен шамалас емес-ау деген ой келеді. Маман ретінде сіз не дейсіз? – Меніңше, тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесін тест форматында өткізу адамның тілдік деңгейін нақты көрсете алмайды. Тест тапсырушы тест жүйесінің ішкі мазмұнын, техникасын үйреніп алса болғаны, ол тілді жетік білмесе де, діт­теген ұпайын алып шыға алады. IELTS-ті тапсырушының тестке өздігінен дайын­дала алатын оқу-құралдары жеткілікті. Тесттің әр бөлімінде: оқылым, жазылым, лексика-грамматика, тыңдалымды ма­шықтандыруға арналған оқу-құрал­дардың қағаз нұсқасы да, электронды нұсқасы да бар. Ал «Қазтестке» дайын­дайтын оқу-құралдардың электрондық нұсқасын былай қойғанда қағаз нұсқа­сына қол жеткізу қиын. Нақты тест ор­талығына хабарласып, сатып ала аласыз. Мазмұндық жағына келер болсам, бірін­ші «Қазтесттің» IELTS-тегідей «сөйлесу-speaking» бөлімі жоқ. Ал тілді меңгеру деңгейін анықтағанда сөйлесу бөлімінің болуы аса маңызды. Себебі тест тапсы­рушы сөйлеу барысында өзінің кри­тикалық әрі креативті ойын тіл арқылы көрсетуге мүмкіндік алады. Екінші, лексика-грамматика бөліміндегі тап­сырмалар легі қазақ тілінің лексика-грамматикалық ережелеріне негізделіп құрастырылған. Мәселен, әлі күнге дейін «мына сөздердің мағынасына жуық (синоним), қарама-қарсы (антоним), айтылуы мен жазылуы бірдей, бірақ мағыналары әртүрлі (омоним) сөздерді тап» секілді тест сұрағы кездеседі. IELTS-ке келер болсақ, лексика-грамматикалық тапсырмалар функционалды грамматика мен логикаға негізделіп құрастырылған. Үшінші, меніңше «Қазтесттің» тыңдалым бөліміндегі диалогтер саны мен оқылым бөліміндегі мәтіндер тым көп, олардың саны 6-дан 10-ға дейінгі тақырыптан тұрады. Зейінді бір мәтіннен екінші бір мәтінге ауыстырып отыру, тест тапсы­рушының когнитивті күшін қатты талап етеді. Ал IELTS-те мәтін саны аз. То­лыққанды мазмұнға ие үш мәтінді оқып, тест тапсырмаларына жауап беру салыс­тырмалы түрде оңай. – Соңғы жылдары қазақ отбасы­ларында тілі орысша шығатын бүлдіршін­дер көбейді. Ата-аналар мұны YouTube-те орыс тіліндегі мультфильмдердің көптігімен түсіндіреді. «Балапан» телеарнасына көңі­лі толмаған бала сол «Маша және аю», «Фик­сики» секілді мультфильмдерді кө­реді екен. Соңғы кезде ағылшынша мульт­өнімдердің көрермені артып барады. Содан бала өсе келе «сәлем» демейді, «привет» дейді. Бұл ұрпақты қазақша сөйлету мүм­кін бе? Әдісі қандай? – Дұрыс айтасыз, қазір «Маша және аю» секілді әртүрлі мультфильмдерге телмірген балаларымыздың тілі орысша шығуда. Себебі тілашар жасындағы ба­лалар, яғни жеті жасқа дейінгі бала өз ана тілі мен шет тілін ажыратып жатпайды. Сәйкесінше, олар бейсаналы түрде кез келген тілдің құрылымын сіңіре береді. Осы жаста бала белгілі бір тілдің құ­рылымы мен сөздерін жиі естіп, көп қолданса, сол оның дүниетанымының доминантты тіліне айналады. Осы себепті өзге тілдегі анимациялық өнімдер балаларымыздың тілінің қалыптасуына әсер етеді. Қазақ балалары ана тілінде сөйлессін десек, біз балаларға қазақ тіліндегі сапалы анимацияларды ұсына алуымыз керек. Яғни, олар тілді ойлап жүріп емес, ойнап жүріп сіңіреді. Басқа жолы жоқ! Айтпағым, тілашар жастағы балаларды ұлттық өзектен шыққан образдар бейнеленген сапалы анима­циялармен көбірек қамтамасыз етсек, баланы қазақша тәрбиелейміз, тілін ашамыз, танымын кеңейтеміз, бекітеміз. бала тілі Қазақша тәрбиелейміз демекші, бүгінде балаларымыздың тілінің орысша шығуының бірден-бір себебі қазіргі қазақ отбасындағы «ата-әже» институты құндылығының, қажеттілігінің төмен­деуінен десем қате айтпаған болар едім. Тілі жаңа шығып, былдырлап сөйлеп жүрген баланың жанынан үнемі ата-анасының табыла бермейтіні анық. Осы орайда «ата-әже» тәрбиелік мектебі аса қажет. Себебі олар – өткен мен бола­шақ­тың алтын көпірі іспеттес. Балаларымызға нағыз тіліміздің табиғаты мен шұрай­лылығын таныстыратын осы кісілер. Сондықтан ата-әжесінің тәрбиесіндегі балалар бүгінде қазақтың ертегілерін, аңыз-әңгіме, өлең, жаңылтпаштарға толы алтын көмбесінен тәлім-тәрбие алса, әлеуметтік желінің жетегінде жүр­мей, тілімізді таза күйде қолданып, қазақша жатық сөйлеп кетер еді. – Бүгінде сөз арасында орысша тір­кестерді қолданбайтын қазақты кездестіру қиын болып барады. Орысша сөздерді араластырмаса, ойын жеткізе алмайтындай көрінеді де тұрады. Бұл ненің белгісі, азаматтар ақпаратты көбірек орыс тілінде алғанның салдары ма? Саф қазақ тілінің үлгісі, әлде қолданыстан ақырын ығыс­тырылып бара ма? – Әлеуметтік желілерде орыс-ағыл­шын тіліндегі ақпараттар басым екенін айтпасақ та түсінікті. Осының салда­рынан тіліміз бірінші өзінің табиғатынан, екінші тазалығынан ажырап бара жатыр. Табиғатынан дегенім, ақпаратты үнемі орыс немесе ағылшын тілінде тыңдап, естіп жүргендіктен, қазақ тілінің басты заңдылығы – үндестік заңы, яғни дыбыс жүйесі мен буын жүйесінің фонетикалық бейнесі өз қалпынан алшақтап, сөзде­ріміз құлаққа жағымсыз естіліп жүр. Әйтпесе, қазақ тілі – тыңдаушы үшін өте әуезді тіл. Ал тіл тазалығына өзім екіұшты көз­қарастамын. Біріншісі, қай заманда да қа­зақ тілі басқа тілдермен әсерлеспей, өзгеріске ұшырамай, қатып қалған тіл болған емес. Белгілі бір тарихи кезең­дерде араб, парсы, моңғол, орыс тіл­дерінен ен­ген сөздер әлі күнге дейін біздің ті­лі­мізде қолданыста. Тілдің мо­дерниза­ция­лауға ұшырау құбылысы – сол тілде сөй­лейтін халықтың жаңаруға бейімделу әлеуетінің күштілігін көр­сетеді. Сон­дық­тан кейбір ағылшын сөздерінің күнделікті диалог, әңгі­ме­лерімізден орын алуы – қалыпты құ­былыс. Мысалы, «пранк», «про­моушн», «кредит картасы», «дис­контты карта», «бренд», «тренд», «батл» «онлайн», «оффлайн» секілді сөз­дер қа­зақ тілінің қол­данысына еніп жатыр. Екіншісі, күнделікті сөйлесу бары­сында сөздердің қазақ тіліндегі бала­масымен қатар орыс тілінің қысқа сөздері қатар қолданылып жүр. Олар: так, вот, и, но, уже, ещё және орыс тілінің кез келген етістігі мен қазақтың көмекші етістігі «етті» сөзі. Мысалы, «позвать етті», «приглашать етті», тағы басқа. Енді бұл сөздерді жиі естігендіктен, тіліміздің құрылымына оңай еніп кеткен. Олардың қолданыс аясын кеңейтіп жүрген өзіміз. Сондықтан тұрмыста, жұмыста әңгіме­мізге, сөйлеу процесіне осы сияқты па­разит сөздерді қыстырмай сөйлеуді қолға алуымыз тағы да өзімізге байланысты! – Әңгімемізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН