35,8 миллион тұратын мерейтой

35,8 миллион тұратын мерейтой

Екі ай бұрын опера әншісі Әлібек Дінішевке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Абыройлы атақты Қа­зақ­станның Халық әртісі жетпіске тол­ған мерейлі мерекесінде ие­ленген еді. Той иесінің туған күніне арналған тосынсый әлі бітпеген се­кілді. Өйткені Мәдениет және спорт министрлігі әнші Әлібек Дінішевтің 70 жылдық мерейтойын 35,8 мил­лион тең­геге мемтапсырыс арқылы дүркіре­тіп өткізбек.

Танымал тенор, опералық және камер­алық әнші Әлібек Дінішевтің осы жасқа жеткенше қазақ музыкасына қосқан үлесін елеп-ескерген биліктің бұл ісін өнердегі әріптестері ғана емес, тыңдармандары да жылы қабылдады. Оның орындаушылық мәнері тамаша лирикалық әуенімен ерекшеленеді. Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі атағын бірдей иеленген әнші­нің тыңдармандары өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де бар.

 Мерейтойға арналған мемтапсырыс

Әлібек Дінішевтің  70 жас мерейтойын Мәдениет министрлігі күзге орайластырған секілді. Өйткені жақында мемлекеттік сатып алу порталында «Опералия» халық­аралық фестивалін өткізуге арналған кон­курсқа құжат қабылдау аяқталыпты. 1 қазан­­да жарияланған конкурсты ұйым­дас­тырушы – Мәдениет және спорт министрлігі 35 млн 834 мың теңгеге бағалаған екен. Алайда концерт әншінің 70 жылдық мерейтойы деп аталмайды. «Опералия» халықаралық фестивалін ұйымдастыру үшін деп көрсетілген. Конкурсты ұтып ал­ған компания осы жылдың 20 қараша­сына дейін фестивальді өз деңгейінде дүркіретіп өткізуі тиіс. Шара Нұр-Сұлтан қаласында өтуі тиіс екені де айтылған-ды. «Опералия» халықаралық фестивалі ретінде өткізілген конкурстың техникалық сипаттамасында шараның мақсаты «КСРО Халық әртісі Әлібек Дінішевтің 70 жыл­дығы аясында Әлібек Дінішевтің шығарма­шылық мұра­сын насихаттау және елге таныту, сондай-ақ үздік шетелдік ұжым­дар­мен шығарма­шылық байланысты нығайту» деп көр­сетіледі. Фестиваль үшін бөлінген 35,8 миллион теңге қаражат аумағы 250 шаршы метрден кіші емес, кемі 1 200 адам сиятын залда ұйымдастырылады.  Сонымен бірге министрлік осы қаражаттың ішіне концертке қатысатындардың жолақысын, жататын орны мен қаламақысын төлеп беруді де талап етіп отыр. Тіпті, Мәдениет министрі­нің атынан алынатын ықылас гүлдері мен көрермендерді тексеретін «Ашық» қосым­шасының QR-коды да осы сома аясында дайындалу тапсырылған.

Мемлекеттің көмегі ауадай қажет

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған фестивальдан той иесінің хабары барын және бұл ұсыныс кімнің тарапынан ұсынылғанын білу үшін министрлікке сауал жолдаған едік. Ал әншінің өзі қазір концертке дайындықпен қолы тимей жатқанын айтып, пікір беруден бас тартты.  Сондай-ақ осы уақытқа дейін өнер адамдарының мерейтойларын өткізу дәстүрі барын және Әлібек Дінішевтің 70 жас мерейтойлық шарасына байланысты ойларымен бөлісуін өтіндік. Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова өнер адамдары тарапынан 36 миллион емес, 50 миллионға дейін кеш өткізуге мемлекеттік қолдау сұрап жатқанын жеткізді. «Төрт авторлық бағдарламам бар. Өзім де жақында «Бабалар үні» деген фоль­клорлық-этнографиялық кеш өткізу­ге қаржы сұра­дым. Бірақ ұсынысыма нақ­ты жауап жоқ. Сол кезде де менімен бірге тағы біраз әнші кеш өткізуге қаржы сұра­ды. Өйткені концерт қою өте қымбатқа түседі. Бір ғана жа­рық пен дыбыстың өзіне қыруар қаржы. Мысалы, жарық беруші­лердің қойған бағасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Барлығы жекеменшік болған­дықтан, өз білген бағасын қояды. Бір концерт жасау 200 мың доллардың үстінде шығады. Сон­дықтан жас әншілерді болмаса да, қазақ музыкасына қосқан талантты жандарды қолдаған дұрыс. Себебі талантты әнші­лердің өз күшімен азын-аулақ ақшаға ұйымдастырған концерттері қорда ешқан­дай пайдаға аспай жатыр. Оларды қазіргі деңгейде экранға шығару мүмкін емес. Сол үшін  мемлекеттің жағдайы келіп жатса, көзі тірісінде таланттарды бағалай алсақ жақсы», – дейді Майра Ілиясова.

«Өзіміздің кешті де өткізіп берген»

Әншінің өнердегі ағасы, белгілі композитор, әнші Алтынбек Қоразбаев бас­қасына қолдау білдірмесе, Әлібек Дінішевке миллиондап қаржы жұмсап, концерт өткізу түкке тұрмайды. Айтуынша, бө­лінген қаражат әншінің өз қалтасына кетпейді, талантты жастардың танылуына септігін тигізеді екен. «Менің де 70 жылдығымда Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы әкімдігі аппаратурасын, безендіруіне дейін өздері көтеріп алды», – дейді әнші. Бірақ концертті өткізуге жұмсалған қаражаттың көлемін білмейтінін, кештен түскен қаражаттың қайда жұмсалғанын да ашып айтпады.

Жырға айналған жыр кеші

Дінішевтің әншілігіне дауымыз жоқ. Оның бірегей тума талантына да ешкімнің таласы болмас. Өйткені оның талантына тыңдармандары әлдеқашан өз бағасын беріп қойған. Әлемнің атақты сахналарында әуелеткен опера әншісінің орны ерекше. Бірақ пандемия кезінде ұлан-асыр концерт өткізіп, мереке жасағанымыз қалай? Үкі­меттің бюджет қаржысын ұқсата алмай, оңды-солды жұмсалып жатқаны Елбасы мен Мемлекет басшысы тарапынан да жиі сыналады. Мүмкін миллиондарды мерей­тойлық кешке жұмсамай, осындай уақытта қаржыны үнемдеп, ақшаның аздығынан ақсап тұрған білім мен медицинаға бөлген құба-құп болар ма еді... Өткен жылы тыныс алу аппараттары жетіспеушілігі салдарынан  талай азаматымыздан айырылып қалдық. Пандемия оңай тиіп жатқан жоқ. Әлі де сақтанған жөн-ау...

Жадыра МҮСІЛІМ