Индустрияландыру картасы – болашаққа жол
Индустрияландыру картасы – болашаққа жол
445
оқылды

Қарағанды облысында Индустрияландыру картасына 16 мыңнан астам жұмыс орнын құруды қарастыратын жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге 134 жоба енгізілді. Олардың біразы іске қосылды. Жаңа өндірістің арқасында өңірде өнеркәсіп өнімдерін өндіру 5 есе өсті.

Бағдарламаны іске асыру барысы туралы онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте айтылды. – Индустрияландыру жылда­рында 2010 жылдан бастап Ин­дустрияландыру картасы аясында облыста 94 жоба іске асырылды. Инвестицияның жалпы сомасы 387,3 млрд теңгені құрады. Кә­сіпорында 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Жобаларды іске асыру өндіріс көлемін 5 есе, еңбек өнімділігін 1,7 есеге арттыруға мүмкіндік берді, – деп баяндады Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқар­ма­сының басшысы Мұрат Қыдыр­ғанбеков. Өңір кәсіпорындары бұған дейін шетелден сатып алуға тура келген өнімді шығаруды игерді. Үшінші бесжылдықта 2020 жылдан 2025 жылға дейін 43 ин­вестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Өткен жылы үш ірі жоба іске қосылды: Теміртауда «Линде Газ Қазақстан» ЖШС екін­ші кезегі енгізілді, аталған жо­ба Елбасының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қамтылған ин­дустрияландыру бағдарламасын табысты іске қосу аясында жүзеге асырылды. Айта кету керек, «Арселор­Миттал Теміртау» ЖШС мен ен­шілес компания ТМД-дағы аса ірі ауа бөлгіш құрылғының құрылы­сына инвестиция салған «Линде Газ Қазақстан» ЖШС кәсіпорны, аймағымыздың инвестициялық климатын жақсарту және инвес­тицияларды жұмылдыру бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Linde тобы – әлемдегі ең ірі техникалық газ тасымалдаушылардың бірі. Инвестициялар шамамен 70 млн еуроны құрайды. Компания өнімі 100-ден астам елде қолданылады. Аталған жобаны іске асыру туралы келісім индустрияны да­мытуға арналған іс-шаралар аясын­да жүзеге асырылған. Сонымен қатар Қарағандыда Qaz Carbon ЖШС құю өндірісі жаңғыртылды. Бүгінде Qaz Carbon ЖШС сағатына 300 тоннаға дейін жоғары сыныпты көмір концен­тратын өндіреді. Кәсіпорын ши­кізаттың жалпы тау-кен масса­сынан пайдалы қазбаны барынша шығаруды жүзеге асыруға мүм­кіндік беретін бірегей технология­ның нәтижесінде кіріс күлі 15%-дан өзіндік күлі 2-3%-ға дейінгі көмірді байыта алады. Бүкіл процесс химиялық реагенттерді және суды тазарту бассейндері үшін үлкен алаңдарды қолдан­бастан жабық циклде жүреді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға кері әсерді төмендетіп, өндіріс уақыты мен шығындарын азайтады, нәтижесінде дайын өнімнің өзін­дік құнына әсер етеді. Жобаның жалпы құны, соның ішінде байыту фабрикасын салуға және іске қосуға, сондай-ақ қо­л­да­ныстағы құю өндірісін жаңғыр­туға байланысты құны 12 млрд теңгені, Қазақстанның даму бан­кі­нің қатысуы 9 млрд теңгені, қал­ған қаражат Qaz Carbon ЖШС-ның меншікті қатысуын құрады. Шикізаттың негізгі жеткізу­шілері – жергілікті көмір кәсіп­орындары. Дайын өнімнің негізгі тұтынушысы – YDD Corporation ЖШС Қарағанды ферроқорытпа зауыты. Байыту фабрикасы өңір­дің экспорттық географиясын бел­сенді түрде кеңейтуді жоспар­лап отыр, яғни Қарағанды көмір концентратының едәуір бөлігі экспортқа жіберіледі. Саран қаласында Yutong әлем­дік брендімен бірлесіп, автобус зауыты іске қосылды. Жобаның құны шамамен 23 млрд теңгені құрайды, мыңнан астам жаңа жұ­мыс орны құрылады. Жылдық жо­балық қуаты – 1 200 автобус пен электробус, сондай-ақ 500 бір­лік арнайы техника. Зауытта бірнеше өндірістік циклды: дәнекерлеуді, бояуды, құрауыш шығаруды, зерттеу ор­талығын, сондай-ақ техниканы сынау және тексеруге арналған тректі іске қосу қарастырылған. Yutong маркалы автобустар барлық континентте 30-дан астам елде пайдаланылады. Техника қоғамдық тасымалдау саласын­дағы барлық әлемдік сапа стан­дарттарына сәйкес келеді. Авто­бустар мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арналған арнайы пандуспен, орындармен, электронды билет беру және бақылау жүйесімен жабдықталған. 2021 жылға 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспар­ланған. Алайда пандемияға бай­ланысты объективті себептер бо­йынша олардың кейбірін кейінге қалдыруға тура келді. Биыл Индустрияландыру кар­тасы бойынша Жәйрем тау-кен байыту комбинаты, агломера­ция­лық фабрикасы бар Сарыарқа ферроқорытпа зауыты сияқты ірі кәсіпорындар іске қосылады. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек инвесторларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды. – Осы жылға жоспарланған жобалардың уақытылы іске қо­сылуын қамтамасыз еткен жөн. Жобалардың толық қуатқа шығуы ерекше бақылауда. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу үшін жаңа инвестициялық жобаларды іздестірумен айналысу керек, – деді өңір басшысы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы