«Колумбия патшайымы» тізе бүкті
«Колумбия патшайымы» тізе бүкті
391
оқылды

Қазақстандық файтер Мария Агапова Лас-Вегаста аралас жекпе-жектен өткен UFC Fight Night 194 турнирінде жар­қын жеңістерінің біріне қол жет­кізді.

Жеңіл салмақтағы айқас үш раундқа есептелді. Отандасымыздың қарсыласы «Колумбия патшайымы» лақап атымен танымал колумбиялық Сабина Масо (9-2) болды. Жекпе-жектің бірінші раундында-ақ Мария Масоның мысын басып тастады. Ага­пова бірінші кезеңде 54 рет дәл соққы жасаса, қарсыласы тек 17 соққысын дөп тигізген. Бірақ кездесудің екінші кезеңінде Сабина шамалы жинақы өнер көрсетті. Дегенмен де бұл раундта да басымдық қазақстандық файтерде болды. Ал үшінші раундта Масо ашық ұрыс тәсіліне көшті. Осы сәтті оңтайлы пайдаланған Мария қарсы­ласына ауыр соққысын дарытып, колум­бия­лық спортшыны нокдаунға түсірді. Арада бірнеше секунд өткен кезде отандасымыз қарсы­ласына қылқын­дыру әдісін жасады. Масо шара­сыз күйде қалды. Осылайша, Ага­пова ара­лас жекпе-жектегі оныншы жеңісін тойласа, ал Сабина үшін­ші жеңілісіне ұшырады.
Жалпы, бұл – Агапованың UFC-дегі екінші жеңісі. Ол ірі промоушнде үш жекпе-жек өткізіп үлгерді. Алдымен америкалық Ханна Сайферсті (10-7) жеңді, одан кейін АҚШ-тың басқа өкілі Шейна Добсоннан (4-5) техникалық нокаутпен жеңілген.
Осы турнирде Агапова рекордтық гонорарға ие болды. 20 000 доллар кепілдендірілген гонорар болса, тағы 20 000 доллар жеңіс үшін беріліп отыр. Бұдан бөлек, оған үздік өнер көрсет­кені үшін 50 000 доллар көлеміндегі бонус табысталды. Демеушілердің ақшалай сыйлығы тағы бар. Оның мөлшері – 4 000 доллар. Осылайша, Агапова 94 000 доллар ұтысқа кенелді. Ал Масо болса 31 000 долларға ие бол­­ды. Оның 25 000 доллары нақты сыйа­қы, 6 000 доллар қосымша сыйақы ретінде берілді. Жекпе-жектен кейінгі сұхбатта Агапова турнирдің алдында қаржылай қиындыққа тап болғанын айтты. Бірақ достарының арқасында бәрі ойдағыдай шешілген. Спортшы бапкерлер мен жолдастарына да алғысын білдіруді ұмытпады. Ал келесі жекпе-жегінде Морозбен жұдырықтасуды қалай­тынын ашық жеткізіп, оны жекпе-жекке шақырды. «Марина Морозды жекпе-жекке шақырғым келеді, себебі сұхбат­тарын­да ол мен туралы түрлі қауесет­тер айтты. Біріншіден, ол мені көре алмайды, екіншіден, менің спорттық мансабымды құртпақ болды. Оның әңгімесінен соң демеушілерімнен айырылдым. Сол үшін енді Маринаны октагонда сабағым келеді. Бірақ маған басқа қарсыласты қарастыра берген дұрыс шығар, себебі ол менімен жекпе-жекке шығудан қорқады», – деді Агапова. Қазақстандық спортшы негізгі картта өнер көрсетті. Осы ретте айта кетейік, Мария аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді, танымал спорт­тық ұйым саналатын UFC тұжы­рымын­да әйелдер арасында сынға түсіп жүрген тұңғыш әрі жалғыз қазақ­стандық файтер. Онымен қоса ол –  аралас жекпе-жектен әлем чемпионы (әуесқойлар) атағын жеңіп алған алғашқы қазақ­стандық спортшы. Бұл жеңіс Ага­пованың UFC-дегі беделін арттыра түскенін де, гонорарының да өскенін біз жоғарыда атап өттік. Бүгінде UFC-дің кез келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірі­нен жүздеген телеарна арқылы мил­лион­даған жанкүйер жинайтын ау­қым­ды шараға айналғанын көпшілігі жақсы біледі. Сондықтан мұндай сәт­ті өнер көрсетсең, ауқымды кө­лем­де табысқа кенелуге де мүмкіндік көп. Сол себептен де шығар, кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады. Біз осы орайда UFC тұжы­рымында қалай өнер көрсетуге болатынын білу мақсатында панкратионнан әлем чемпионы Жасұлан Әкім­жанның пікірін білдік. – UFC-де өнер көрсету үшін ең алдымен спортшы танымал, рейтингі жоғары және жанкүйерлері де көп болуы қажет. Сонымен қатар WSOF, Bellator, ACB сияқты рейтингі жоғары тұжырымдармен келісімшартқа отырып, сегізбұрыш алаңында өзін жақсы қырынан көрсетсе немесе чемпион атанса, өтуге болады. Ал UFC-дің чемпиондық белбеуі тек «мың­нан тұлпар» шыққан марқас­қаларға ғана бұйырады. Айтулы ұйымның мұрындық болуымен өтіп жүр­ген жарыстарда атой салған спорт­­шылардың беделі бүгінде ша­рық­тап тұр, – дейді ол. Бұл ретте Мария Агапованың да Сабина Масоны жеңгеннен кейін ең жеңіл салмақта UFC ұйымының чемпиондық белбеуінен басты үміткерлерінің қатарына бір табан жақындағанын жоққа шығара алмаймыз. Иә, қазір мұндай мәлімдеме жасауға әлі ерте екенін де білеміз. Бірақ тағы екі-үш кездесуден кейін ол мансабындағы басты айқастардың біріне шыға алады. Тек жеңісті жолынан жаңылмағай дейміз.

Абылайхан ЖҰМАШ