Ақмолада алаяқ танымал интернет қосымшасымен 7 адамды тақырға отырғызды
Ақмолада алаяқ танымал интернет қосымшасымен 7 адамды тақырға отырғызды
Фото: orinfo.ru

Ақмола облысының жеті бірдей тұрғыны интернет қосымшасы арқылы ақшаларынан айырылып, жап-жас алаяқтың құрбанына айналды, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Жедел іздестіру шарасы барысында криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері Көкшетау қаласының 18 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Жас жігіт бірнеше өңірдегі бірнеше тұрғынды тақырға отырғызған болып шықты. Степногорск қаласының Полиция басқармасына арызданған әйел белгісіз біреудің хабарландырулар сайтының пәтер жалдау бөлімінде алдап, 40 мың теңгесін иеленгенін айтып шағымданған.

«Тергеу барысында күдікті жігіттің интернет қосымшасы арқылы алаяқтық әрекет жасап келгені анықталды. Адамдар хабарландыруда көрсетілген нөмірмен шарттарын келісіп, түрлі банк карточкаларына ақшалай алдын-ала төлем жасаған. Бұдан кейін хабарландырудағы телефон өшірілген. Тек қыркүйектен қазан айына дейін ғана полицияға өңірдің зардап шеккен 7 тұрғыны жүгінді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 190-бабымен «Алаяқтық» сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Полицейлер азаматтардан сақтық шараларын сақтап, егер зардап шеккен жағдайда бірден полицияға хабарласуға кеңес береді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы