Энергетика министрлігі: қорда 200 мың тонна дизель отыны қалды

Энергетика министрлігі: қорда 200 мың тонна дизель отыны қалды

Республика бойынша қазір дизель отынының бағасы – литріне 214-330 теңге аралығында деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен жиында Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша дизель отынының орташа бағасы литріне 188 теңгеге жеткенін хабарлады.
«2019-2020 жылдары қысқы дизель отынының бағасы литріне 255-270 теңге диапазонында болды. Қазір бағаның өсуі байқалады. Елдегі бағаның тұрақтандыру үшін автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды, сәуір айынан бастап дизель отынының экспорты тоқтатылды, Атырау мұнай өңдеу зауытын жөндеу 2022 жылға ауыстырылды», – дейді вице-министр.
Белгілі болғандай, биыл дизель отынын өндіру көлемі 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткен. Өндіру көлемімен қатар, тұтыну көлемі де артыпты. Әсіресе, тамыз және қыркүйек айларында шамамен 520 мың тонна дизель отыны пайдаланылған. Қазір республика бойынша қорда 200 мың тонна дизель отыны және 26 мың тонна тасымал отыны қалған. Айта кетерлігі, биыл Атырау МӨЗ-інің жыл басында жоспардан тыс жөндеу жүргізілуіне байланысты жұмысы тоқтады. Ал 1 қазаннан бастап Павлодар мұнай-химия зауыты жөндеу жұмысына жабылады.