Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады.
Қазақстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшыларының алтыншы кеңесіне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Кездесу аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері, атап айтқанда сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар талқыланды. Сонымен қатар өңірлік күн тәртібі, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бағытындағы халықаралық күшті жұмылдыру мәселелері сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстан тарапынан осы елге көрсетіліп отырған гуманитарлық көмек шаралары туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы қауіпсіздік, жанжалдардың алдын алу және бейбітшілікті қолдау мәселелерін шешудің ұжымдық тәсілдерін пысықтау үшін кеңестің жұмысын ілгерілетудегі Ресейдің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкарды қабылдады. Кездесуде саяси, сауда-экономикалық және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты күшейту бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы көп жоспарлы байланыстарды дамытудың келешегі талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Субраманиям Джайшанкармен әңгімелесу барысында кеңеске мүше мемлекеттердің министрлерінің бүгінгі кездесуіне Үндістанның қатысқаны маңызды екенін айтып, ол елдің басшылығына Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Үндістанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Орталық Азия өңірін ынтымақтастықтың маңызды бағыты санайтынын, Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модидің сәлемін жеткізді. Бұл ретте үнді дипломаты өз елі басшылығының атынан Қазақстан Президентін келесі жылы Үндістанға сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің алтыншы отырысына қатысу үшін елімізге келген Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдады. Мемлекет басшысы Түрікменстан өткізген Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші Консультативтік кездесуінде ынтымақтастықты одан әрі күшейту әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мақсатымен өзекті мәселелер талқыланғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев түрікменстандық дипломатқа АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің алтыншы отырысына қатысып, Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Рашид Мередов Қазақстан Президентіне қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің өз еліне мемлекеттік сапармен келуге шақыруын табыс етті. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыртуды қабыл алатынын айтып, қазақ-түрікмен ынтымақтастығына барлық сала бойынша тың серпін беру мақсатында жуық арада Ашхабадқа сапармен баратынын жеткізді.