Қорғанысқа қызмет еткен құжаттар
Қорғанысқа қызмет еткен құжаттар
354
оқылды

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде елдің қорғаныс қабілетін арттыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Азат ел үшін қауіпсіздікті бекемдеу мен армияны нығайту ең басты талаптың бірі екеніне тарих куә. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштері жасақталса, биыл Президент Қ.Тоқаев Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті.

5 рет Әскери доктрина қабылдадық

Негізі, кез келген мемлекеттің қорға­ныс қабілетін арттыру, түрлі сын-қатер­лерге қарсы тиісті құрылымдарды даярлау бірнеше құжат негізінде жүзеге асырылады. Олардың көш басында Конституция тұр­са, одан кейін Ұлттық қауіпсіздік стра­тегиясы, Әскери доктрина қатарлы құжат­тар тұр. Қазақстан өз тарихында 5 рет Әс­кери доктрина қабылдады. Қазақ­станның Әскери доктриналары 1993, 2000, 2007, 2011 және 2017 жылдары қабылдан­ған болатын. Алғаш рет 1993 жылы қабылданған бұл құжатты әзірлеуге Елбасы бір жыл бұрын тапсырма берген. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Шекараның беріктігі мен мемлекеттің әскери қауіпсіздігі тікелей тәуелді бас институттардың бірі – ұлттық Қарулы Күш­тер. Тәуелсіздік алған кезде Қазақ­станда әскери құрылысқа байланысты тәжірибе болмады. КСРО ыдырағаннан кейін ТМД-ға мүше мемлекеттер достастық елдерінің біріккен Қарулы Күштері туралы келісімге қол қойды. Дегенмен іс жүзінде барлық жас тәуелсіз мемлекеттер өз әскерін құру­ға бағыт ұстанды. 1992 жылы қаңтардың ба­сында, менің тапсырмаммен мемлек­ет­тік Әскери доктрина жасау қолға алын­ды», – деп жазды. Ал Қазақстанның алғашқы Әскери доктринасында ұжымдық қауіпсіздікке басымдық берілді. Аталған құжатта соғыс болдырмау, қорғаныс қабілетін арттыру, ТМД елдерімен өзара көмекке сүйенуге көбірек көңіл бөлінді. Өйткені 90-жыл­дардың алағай-бұлағай кезеңінде Қа­зақ­стан Қарулы Күштері әлі толық жасақ­талып, буыны бекіп үлгермеген еді. Әсі­ресе, 1991-1995 жылдардың аралығы өте күрделі кезең болатын. Кейін мемлекеттік құрылымдар қалыптасып, Қарулы Күштер жасақталған соң доктринаның мазмұны да өзгерді. Қазақстан 1993 жылғы доктри­надан кейінгі құжаттардың барлығында басқа елдер мен көршілерге қауіп төнді­ретін сипатта емес, тек өз-өзін қорғайтын бағыттағы нормаларды қамтыған құжаттар еді. Дегенмен әр жылдардағы түрлі сын-қатерге байланысты доктринаның мазмұны да ішінара өзгертіліп, жаңа талапқа бейімделіп отырды. Әсіресе, 2017 жылы қабылданған Әскери доктринада «кибер және ақпараттық қауіпсіздік», «гибридті күрес тәсілдері» деген заманауи ұғымдар бар. Яғни, соңғы жылдардағы заманауи сын-қатерлер ескерілген. Мә­селен, 2014 жылы Украинадан Қырым тү­бегі бөлініп, Ресейге қосылғанда Мәскеу тарапының гибридті күрес тәсілдерін пайдаланғаны айтылады. Жеке адамдар, диверсанттар, үкіметтік емес ұйымдар дейсіз бе, түрлі топты пайдалана отырып, Қырымды Украинадан бөліп әкеткен. Сондықтан гибридті соғысқа қарсы тұру соңғы Әскери доктринаның басым бағы­тының бірі. Жалпы, Қазақстанның Әскери док­триналарының ешқайсысында «потен­циалды қарсылас» дейтін ұғым болған емес. Әдетте мұндай ұғым ірі держава­лар­дың Әскери доктриналарында кездеседі. Әрі мұндай ұғым аталған елдің қажет болған жағдайда агрессияға әзір екенін байқатады. Ал Қазақстан ешкімнің жеріне көз алартып, аумақтық тұтастығын бұзуды көздемейді.

Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы әзірленді

Сөз басында айтқанымыздай, елдің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған құжаттардың қатарына Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы кіреді. Мұндай алғашқы стра­тегия 1999 жылы қабылданды. Ол 2005 жыл­ға дейінгі қауіпсіздік стратегиясын қамтыған еді. Еліміздің екінші Әскери док­тринасы аталған құжаттағы басымдық­тарды нақтылау үшін 2000 жылы қабыл­данған болатын. Сол құжаттың негізінде «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық» және «Ба­тыс» өңір­лік қолбасшылықтары құ­рылды. Ар­мияның жасақталу принципі өзгерді. Жалпы, Ұлттық қауіпсіздік страте­гия­лары 5 жылға арналатыны бар. Мәселен, 2011 жылы жаңа Әскери доктринамен бір­ге Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қа­былданды. Ал 2021 жылғы 21 маусымда Президент «Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Соңғы құжат елге қауіп төндіруі мүмкін барлық факторды ескере отырып, әзірленді. Тіпті, ол құжат екі жыл бойы әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы тәрізді індет­тердің зардабы, биологиялық, азық-түлік, көлік-логистикалық, тұтас эконо­микалық, әскери, ақпараттық қауіпсіздік, демо­графия, ұлттың зияткерлік әлеуетін сақтау, адам капиталын дамыту секілді түрлі саланы қамтиды. Бір сөзбен айт­қанда, мұндай құжаттар қоғамның барлық са­ласын қамтыды. Ал Қарулы Күштерді, бас­қа да әскерлер мен әскери құрылым­дарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасы бөлек дүние.

Заманауи армия жасақтауға қажет құжат

Негізі, «Қарулы Күштерді, басқа да әс­керлер мен әскери құрылымдарды құ­рудың және дамытудың жаңа тұжырым­дамасы» тәрізді құжаттардың мазмұны әдетте құпия болады. Өйткені дәл осындай құжатта Қарулы Күштерді дамытудың, елдің қорғаныс қабілетін арттырудың мән-жайы егжей-тегжейлі сипатталатыны бар. Содан болса керек, Президент қол қойған құжаттың мазмұны көпшілікке толық жария етілген жоқ. Дегенмен Қауіпсіздік кеңесінде талқыланып, сонда мақұлданған құжатта Қазақстан Қарулы Күштерін дамытудың бірқатар ерекшелігі бар екені масс-медиада айтылып жүр. Біріншіден, құжатта әскери қауіпсіздік органдарын 2030 жылға дейін қалып­тастырудың және дамытудың негізгі прин­циптері мен ұстанымдары қамтылыпты. Бұл құжат аясында атқарылатын іс-шаралар мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге, соның ішінде дағдарыс жағдайындағы әрекет ету мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Екіншіден, Қазақстан тарихында алғаш рет әуе-ғарыштық және зымыран шабуылына қарсы қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қалыптастыру жоспарланған. Бұл дегеніңіз – елдің қорғаныс қабілетін арттыруға айрықша ықпал ететін фактор. Әсіресе, Қарулы Күштердің қуаты арта түсетін болады. Өйткені «әуе-ғарыштық және зымыран шабуылына қарсы қорғаныс» дейтін ұғым өте ауқымды. Әдетте мұның стратегиялық және тактикалық деп сипатталатын екі негізгі түрі бар. Біріншісіне тек АҚШ пен Ресей ие. Өзге бірде-бір мемлекетте әуе-ғарыштық және зымыран шабуылына қарсы қорғаныстың стратегиялық жүйесі жоқ. Зымыранға қарсы қорғаныстың тактикалық жүйесі біршама мемлекетте бар. Бірақ тым көп емес. Әрі кетсе 15-20 мемлекетте. Әлемде Aegis Ashore, AAD, THAAD, L-SAM, RIM-161, FJ ABM, А-135, Aster, израильдік «Темір күмбез» се­кілді жүйелер бар. Бұл жүйелердің құ­рамына зениттік-зымыран кешендері, қуатты радарлар мен радиолокациялық стансалар, дабылдар мен өзге де техни­калар кіреді. Одан бөлек, зымыранға қар­сы қорғаныстың жекелеген техникаға арналған түрлері бар. Актив қорғаныс деп аталатын шағын кешендер сол топқа кі­реді. Ал әуе-ғарыштық қорғаныс үшін тіпті әскери жер серігі де қажет болатын кездер бар. Демек, Қазақстан осынау тұжырым­дамаға сәйкес әскери жер серігін әзірлесе де, заманауи зымыранға қарсы кешендер сатып алса да, әйтеуір үлкен өзгеріс бола­тын сыңайлы. Үшіншіден, Тұжырымдамада әскер­лердің мобильділігін арттыру шаралары қарастырылған. Ол үшін әскери-көлік авиациясының күштері мен құралдарын жетілдіру көзделіпті. Сонымен бірге ар­найы операцияларды орындайтын күш­терді дамытуға көңіл бөлініпті. Бұл былтыр Қарабақта өзін ақтаған заманауи әскери тактиканы мамандардың зерделегенін көрсетеді. Одан бөлек, Қарулы Күштердің кибер және ақпараттық кеңістіктегі іс-әрекеттер жөніндегі әлеуеті күшейтіледі. «Қос мақсаттағы», яғни соғыс және бейбіт уақытта, соның ішінде төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қолданылатын ком­поненттерді дамыту жоспарланған. Ал мұндай құрамдарға әскери медицина, радиациялық, химиялық және биология­лық қорғаныс әскерлері, инженерлік әскерлер, әскери-көліктік авиация кіреді. Яғни, пандемия кезіндегі тәжірибе еске­рілді деген сөз. Қысқасы, тәуелсіздік алғаннан бері ұдайы дамытылып келе жатқан Қарулы Күштер 2030 жылға қарай қазіргісінен де жедел әрі қуатты болуы тиіс. Тұжырымдама соған бастайтын жол. Ал елдің қорғаныс қабілетін ұдайы жетілдіру, армияны зама­науи техникамен қамтамасыз ету әрі тұтас қоғамның қауіпсіздігін назарда ұстау – тә­уелсіздікті баянды етудің негізгі қада­мы­ның бірі.

Ардақ СҰЛТАН