Тиімділігі жоғары мемлекеттік қызмет жүйесін құру – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бұлжымас шарты және оның өркендеуінің кепілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап-ақ халық пен мемлекетке қызмет етуді бәрінен биік қоятын осындай кәсіби мемлекеттік аппарат құруды басты мақсат етіп келеді. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қызмет жүйесін институционалдандыру бағытында үш кезеңмен үш реформа жүргізілді. Әуелі Стратегиялық ауқымда пайымдалған реформалар Конституциямен бекіп, Президент Жарлығымен нығая түсті. Осылайша, қалыптасқан мемлекеттік қызмет одан соң арнайы заң деңгейінде даму даңғылына түсті.
1992-1997 жылдар аралығындағы бірінші кезеңде жүргізілген институционалдық реформалардың аясында Қазақстан ел алдындағы міндеттерді іске асыруға жоғары қабілетті мемлекеттік аппаратқа айрықша рөл тағайындады. 1992 жылы қарым-қатынастардың нарықтық жүйесіне өту жағдайында мемлекеттіліктің қалыптасу мақсаты мен міндеті белгіленген «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» қабылданды. Осыған байланысты мемлекеттік кадр саясатының негізгі бағыты мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін, әлеуметтік имиджі мен біліктілігін арттыру болды. Ал 1995 жылы Конституция қабылдағаннан кейін, меритократия қағидаттарын енгізу мақсатында мемлекеттік қызметке тең қабылдануды және кадрлық саясатты іске асыру кезінде кемсітуге жол бермеуді реттейтін құқықтық-институционалдық негіздер белгіленді. Мемлекеттік қызметті саясиландыруды төмендету бойынша шаралар қабылданып, мемлекеттік органдарда саяси партиялар құруға тыйым салынды. Бұл шараларды осы жылы Президент «Мемлекеттік қызмет туралы» заңды күші бар Жарлыққа қол қойып, нығайта түсті. Бұл құжатпен мемлекеттік қызметтің қағидаттары, лауазымдар иерархиясы, қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері белгіленіп, құқықтық мәртебесі анықталды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгізілді. Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын іске асыру басқаруда жаңа тәсілдерді талап етті. Сондықтан үздік шетелдік практикалар негізінде басқарушылық құрамның тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік менеджерлерді даярлауға арналған білім беру инфрақұрылымы құрылды. Жоғары партия мектебі базасында Президент жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты құрылды. Франция ұлттық әкімшілік ету мектебімен бірлесе Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі (қазір Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы) ашылды. Дарынды жастарды әлемнің жетекші оқу орындарында оқыту үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясы ұйымдастырылды. Екінші кезең 2012 жылға дейінгі мерзімді қамтыды. 1997 жылы Қызметтік этика қағидалары бекітілді. Қызметшіге мемлекеттің мүдделерін қорғау және Президенттің саясатын ұстану міндеттілігі, азаматтардың өтініштерін қарау барысында бюрократизм мен сарсаңға салушылықтарды болдырмау жүктелді. Қызметкерлердің заңнама, оның ішінде этика нормаларын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында Президент жанындағы Жоғары тәртіптік кеңес пен облыс әкімдерінің жанындағы тәртіптік кеңес құрылды. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру үшін әлеуметтік кепілдіктер белгіленді және этикалық талаптар енгізілді. Осы жылы Елбасы «Қазақстан-2030» стратегиясын жариялады. Оның басымдықтарының бірі – ісіне берілген және басымды мақсаттарға қол жеткізуде халықтың өкілдері ретінде шығуға қабілетті мемлекеттік қызметшілердің тиімді және қазіргі заманғы корпусын құру болды. Мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясатты іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында 1998 жылы осы салада орган ретінде тікелей ел Президентіне бағынысты және есеп беруге міндетті уәкілетті орган – Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылды. Оған мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, қызметкерлердің еңбегін ұйымдастыру, олардың оқуын қамтамасыз ету және осы саладағы заңнаманың сақталуын бақылау жүктелді. Агенттікті құру мемлекеттік қызметті реформалауды институционалдық рәсімдеуге ықпал етті. 1999 жылы оның одан әрі дамуын анықтайтын «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды. Осы кезеңде мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметті саясиландыруды одан әрі төмендету бойынша шара қабылданды. Мемлекеттік қызметшілер саяси және әкімшілік қызметшілер болып сараланды. Қызметтік этиканы бұзу деректерін азайту және мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында 2005 жылы мемлекеттік қызметшілердің «Ар-намыс кодексі» бекітілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар белгіленді, киім стиліне қойылатын талаптар бекітілді, қызметкерлердің діни және қоғамдық бірлестіктерге қатысушылық мәселелері реттелді. Саяси басшылықтың ауысуы барысында мемлекеттік орган жұмысының тұрақтылығы мен бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында 2007 жылы жауапты хатшы лауазымы енгізілді. Оған орталық атқарушы орган аппаратына басшылық ету міндеті бекітілді. Осылайша, мемлекеттік аппараттың дербестілігі мен кәсібилігін нығайтуға арналған құқықтық база құрылды. Меритократия қағидаттарына негізделген іріктеу жүйесі өзгертілді. Алғаш рет тестілеу мен сұхбаттасудан тұратын, мемлекеттік қызметке қабылданудың конкурстық негізі енгізілді. Біліктілігін арттыру жүйесі жетілдіріліп, Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі, Үкімет жанындағы Қайта даярлау институты және Дипломатия академиясы Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы боп біріктірілді. Осылайша, ғылыми базаны шоғырландыруға және мемлекеттік қызметшілерді бірыңғай стандарттар бойынша даярлауды қамтамасыз етуге қол жетті. Қызметшілерді шетелде даярлау мүмкіндігі нормативті түрде қарастырылды. Үшінші кезең бастау алған 2012 жылы Елбасы халыққа арналған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында халық пен мемлекетке қызмет ету барлығынан жоғары тұратын кәсіби мемлекеттік аппаратты құру міндетін қойды. Соның аясында ЭЫДҰ елдерінің «жоғарғы қызметіне» ұқсас, «А» корпусы институты енгізілді. Бұл басқарушылық құрамның «кадрлық турбуленттілігін» төмендетуге және мемлекеттік аппаратты тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 2013 жылы мемлекеттік қызметшілердің мотивациясын арттыру және оларға ерекше мәртебе беру үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым күні мемлекеттік қызметші күні болып жарияланды. Сондай-ақ Елбасының актісімен 2013 жылы «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі енгізілді. Олар кемінде 15 жылдық мінсіз еңбек өтілі бар және мемлекеттік қызметтің дамуына үлкен үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерге беріледі. «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу мақсатында «100 нақты қадам» ұлт жоспары қабылданды. Соның шеңберінде 2015 жылдың соңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңы қабылданды. Оның негізгі жаңашылдығы мемлекеттік қызмет жүйесінің аралас «позициялық мансаптық» модельден «мансаптық» модельге өтуі болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, меритократия тек теория жүзінде емес, нақты ереже ретінде қалыптасты. Қызметкерлердің лауазымға орналасу басымдылығын қарастыратын, ішкі және жалпы конкурстар институты енгізілді. Сондай-ақ бақылаушылар мен сарапшылар институтын енгізу іріктеу рәсімдерінің ашықтығы қамтамасыз етті. 2016 жылы тәртіптік кеңестер Әдеп жөніндегі кеңеске өзгертілді. Осыған байланысты, озық елдердің – Канада, Ұлыбритания, Аустралия, Ирландияның тәжірибесі бойынша орталық және облыстық деңгейде әдеп жөніндегі уәкіл жаңа институты енгізілді. Бүгінде кең ауқымды автоматтандыру және ақпараттық жүйелерді біріктіру мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен жинақы болуын қамтамасыз етеді. Осы орайда «Е-қызмет» интегралды ақпараттық жүйесі іске қосылған. Смарт технологиялар бизнес-үдерістерді автоматтандырудың маңызды аспектісі болып табылады. Ол ішкі құжат айналымы жүйелеріне қашықтан қол жеткізуге, тәуекелді бағалауды жүзеге асыруға, үлкен көлемдегі ақпараттарды талдауға мүмкіндік береді. Қазір агенттік «Цифрлық агенттік» жобасын іске асыруда. Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдерінің арасында мемлекеттік қызмет саласын реформалау мәселелері бойынша көшбасшы болып танылады. Тіпті, жекелеген аспектілер бойынша дамыған мемлекеттерден озу байқалады. Осылайша, еліміз аз ғана тарихи уақытта әлемнің 30 дамыған елдің қатарына қосуға қабілетті, қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппаратты құра алды.Нұрлан ҚОСАЙ