Алматы замана үрдісімен қатар жүріп, түрленген, тіпті қайта түлеген шаһар болмақ. Ол үшін қала әкімдігі ақшаны аяр емес, әрине бюджет қаражатын. Бұл жолы креатив деген әдемі әрі тізесі шыққан сөзді жалау етіп, тағы да сол форум өтпек. Ол үшін жүздеген миллион теңгені жұмсауға даяр. Форум форматы онлайн болса да, осындай қомақты қаржы керек екен. Бұдан бөлек, уақыт талабы тик-ток деп түсінді болар, әкімдік алматылықтарды қала күнімен құттықтауға арналған Almaty TikTok challenge байқауын жариялады. Мұны да кезекті креатив әрі ол қала дамуы үшін пайдалы деп түсінуіміз керек екен.
«Байқауға Алматының танымал тиктокерлері шақырылды, олар қаланың әртүрлі бөліктерінде бейнероликтер түсіреді, бұл қаланың туристік және мәдени әлеуетін ілгерілетуге ықпал етеді. Мұнда жалпы қоғамның дамуына әсер ететін мағыналар, материалдық активтер мен трендтер туады. Бұл форумды өткізудің негізгі міндеті Алматы қаласында және жалпы елде креативті экономика саласының қалыптасуы мен дамуына жәрдемдесу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу, креативті индустриялар саласында жаңа жобаларды іздеу және іске қосу», – дейді Қ.Сарыбаев. Бұдан бөлек, басқарма Almaty Creative Class онлайн білім беру платформасын іске қосып, контентпен толтыру үшін 38,8 миллион теңге жұмсағалы тұр. Ол да бюджеттік ақша. Бұл қаражатқа креативті экономиканың басым бағыттары бойынша үш тілде 10 оқыту курсы түсіріледі. «Креативті» қызметкерлер Jas Stars және Almaty Creative Industries Forum шарасы үшін 232 млн теңге жұмсауды көздеген. Сондай-ақ жаңажылдық мереке үшін 68 млн теңге,TikTok, Instagram, Facebook және YouTube әлеуметтік желілері арқылы онлайн жарнама үшін 35,5 млн теңге бөлу жоспарланған.Үнем үнемді болғаны жөн
Осы жерде бізге мұндай шығыны көп түрлі мәдени-экономикалық шара керек пе деген ой туады? Былтыр жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирус індеті кезінде шығыстарды үнемдеу мақсатында ең алдымен қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форум өткізуге ұзақмерзімді мораторий жариялады. Елімізде өткізілетін іс-шаралар нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелетіндей болуы тиіс» деген еді Мемлекет басшысы. Сол себепті 2020 жылғы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлік конференциясы мен Астана экономикалық форумы біріктіріліп өткізілді. Осылайша, ел билігі форумға бөлінетін ақшаны үнемдеп қалды. Астана экономикалық форумы – жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы диалог алаңы. Форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі қаржы институты мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен өңірлердің, квазимемлекеттік субъектілердің тиісті қадамдық әрекеттерінің Жол картасы бекітілді. Кейінгі мерзімге қалдыруға болатын қазіргі басымды емес шығыстар, жобалар мен шаралар және де жаңа жобалар, олардың ішіндегі кейінге қалдыру шартымен бюджетте қарастырылған жобалар тізімі жасалды. Барлық әлеуметтік міндеттердің толық орындалуы қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, инфляция дәлізінің қайта қарастырылуын ескере отырып, зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектерді индексациялау үшін шаралар қабылданады. Кейінгі кезде мемлекет қымбат форумдар мен конференцияларсыз өмір сүруге болатынын біліп, оның барлығын телекоммуникация режиміндегі кездесулермен алмастырған. Егер осы дәстүр 10-15 жыл бойы жалғасса, бюджет қаншама қаржыны үнемдер еді. Бұл пандемия кезінде күрт азайған іссапарларға да қатысты.Әскери форум неге керек?
Биыл тамыздың 22-28-і аралығында Ресейдегі «Алабино» полигонында халықаралық әскери-техникалық «Армия-2021» форумы өтті. Әскери форумның мақсаты – Ресей әскерінің әл-ауқатын паш етіп, сыртқы жауларына кезекті рет доқ көрсетіп қою екені айтпаса да түсінікті. Міне, осы «Ресей Армиясының имиджін нығайтатын» халықаралық көрмеге Қазақстан да қатысты. Қазақстан қалай қатысты? Немізді көрсеттік? Ашық ақпарат көздеріндегі дерекке қарағанда, бұл шараға қатысу үшін бюджеттен 190 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы 200 шаршы метрлік экспо-орынды жалға алуға, 200 адамды тамақтандыруға (бірінші және екінші ас, түрлі тәттілер, тағы басқалар), сондай-ақ басқа да көрмеге қажетті керек-жараққа жұмсалмақ. Біздің көрмеге келушілерді дәстүр бойынша қазақша киінген екі сұлу күтіп алып, экранда Қазақстанның әскери саладағы жетістігін насихаттайтын фильм ойнап тұрған... Бірақ ақпарат көздерінде біз осы әскери көрмеде қандай жаңа техникаларымызды қойдық, саттық, олар халықаралық сарапшылардан қандай бағасын алды деген деректерге жауап таба алмадық. Ондай мәлімет жоқ. Соған қарағанда, әйтеуір Ресей ұйымдастырған шараға қатысып, ақшаны құр босқа шашып келгенге ұқсаймыз.Имиджді емес, экономиканы да ойлаған жөн
Бірақ көріп жүгеніміздей, біздің шенеуніктерді пандемия да, қаржылық дағдарыс та, халықтың әл-ахуалының төмендеуі де үнемділікке үйретпеген сияқты. Ол түсінікті де. Өйткені Үкімет «имидждік» шаралар ұйымдастырудың шебері болып алған және оған бөлінген қаржыдан қырнап-жонып, өздері де үстеме пайда тауып отыр. Сондықтан түпкілікті нәтижесі күмәнді, қаржылық пайдасы жоқ қымбат форумдар мен басқосуларды өткізуден оңайшылықпен бас тарта қоймасы анық. Сондықтан ешқандай экономикалық нәтижесі жоқ, тек қаржы шығындайтын мұндай форумдардан бас тартқаннан басқа жол жоқ. Мемлекеттің қаржысын жалпы шашуға болмайды, ал мұндай қысылтаяң заманда күмәнді шараларға ақша шашу мүлдем ақылға сыйымсыз іс. Одан да бұл ақшаны ел экономикасының қажетіне жаратқан абзал. – Егер шынтуайтына келер болсақ, имидждік шараларды ұйымдастыру белгілі бір топқа ғана пайдалы. Оның пайдасын, әсіресе бұл шараларды өткізуге қатысқан мердігер бизнес-құрылымдар көретін болады. Шенеуніктер мен компаниялардың топ-менеджерлері мол тапсырысқа кенеліп қалады. Имидждік шаралар өткен соң оған жұмсалған ақшаны ешкім сұрамайды, өйткені бұл жаңадан салынған зауыт емес қой, оның өнімі «қайда?» деп талап қоятын. Мұндай шараларды өткізудің тиімділігі де сонда»,– дейді Zertteu Recearch Institute қорының жетекшісі Шолпан Әйтенова. Әрине, бұл форумдар өткізілмесін деген сөз емес. Мәселе қандай форумның, қанша ақшаға өткізілуінде. Қазір Қазақстан үшін имиджден гөрі экономикалық пайдасы бар шараларды өткізудің маңызы зор. Өйткені бүгінге дейін біздің елде ұйымдастырылатын жиындардың көпшілігі атақ пен дақпыртқа құрылған, тек ілуде біреуінің ғана экономикалық маңызы бар.Д.АСАУ