«Қара тізімдегі» компаниялар
«Қара тізімдегі» компаниялар
194
оқылды

Жосықсыз құрылыс салушылармен ымырасыз күрес нәтиже бермей тұр­ғандай. Жуырда ғана астанада 51 құрылыс компаниясы қара тізімге енгізілді. Олардың «Тұрғын үй құры­лысына үлестiк қатысу туралы» заңда көрсетілген тиісті рұқсатсыз үлес­керлердің қаржысын тарта алмай­ты­ны айтылған. Бір қызығы, қара тізімде халыққа кеңінен танылған ком­паниялар да бар екен. Яғни, азаматтар абай бол­маса үлескер боламын деп қаржыдан айырылып қалуы мүмкін. Ал тыйыммен жауап қайтарған әкім­діктің амалы құ­рылыс компания­ларының айласына тосқауыл бола ала ма?

Ең әуелі мына жайды тілге тиек етсек. Әкімдіктің сенімінен айырылған компаниялар талай жылдан бері келе жатқан әккілер екенін ұмытпаған жөн. Саланың қыр-сырын толық меңгерген, айла-амалды терең түсінеді. Сондықтан «бұл компаниялар енді үлескер тарта алмайды» деуге болмас. Мысалы, заты сол болғанымен, аты өзге келесі бір құрылыс компаниясын ашып, кәсібін дөңгелете беруі мүмкін. Оған айтарлықтай шығын да қажет емес, бұрынғы техника мен жұмыс күшін жаңа компанияның қоластына жұмылдыра салады. Ал жаңа серіктестікке үлескер тартуға ешкім тыйым салмасы анық. Сондықтан онсыз да елордада ушығып тұрған үлескерлер проблемасының тыйым салу арқылы алдын алуға болады дегенге сену қиын. Айтпақшы, үлескерлерді «сазға отырғызып» жүргенде құрылыс компаниялары сапаға да жауап бермейтіні даусыз. Демек, бір мәселе екінші мәселенің ұшын шығарып тұр. 10 жылға толмаса да, көп тұрғын үйдің сапасы сын көтермей, тұрғындардан шағым түсіп жатады. Сайып келгенде, жоғарыда айтқан компаниялар тек үлескерлерді алдап қоймай, сапасыз іргетастың «кепілі» болып отырған тәрізді.

Жаңа үйлердің жыры ескірмейді

Жалпы, бас қаладағы ғимараттардың көбі сапасыз екені айтылып-ақ жүр. Оның бетін ашқан жайлар да кездесті. Әріден бастасақ, 2018 жылы мамырда астанада дауыл соқты. Сол дауыл құрылыс сапасын бақылауда жіберілген олқылықтарды әшкере етті. Себебі елордада ауа райының дүлей мінезіне төтеп бере алмай жүздеген үйдің шатыры ұшып, қабырғасы түскен еді. Олардың көбі жаңа ғимараттар болғанын айта кеткен жөн. Салынған үйдің барлығын жекеменшік компаниялар қабылдайтынын алға тартқан әкімдік, тапсырыс беруші де, бас мердігер де – жекеменшік компаниялар, техникалық қадағалаушы да – жекеменшік компаниялар, авторлық бақылау да жекеменшік компаниялар қолында екенін ескерткен. Яғни, барлық жауапкершілікті бизнеске ысыра салды. Биыл да әр өңірде сапасы сын көтермеген тұрғын үйлердің бірінен кейін бірі шығып жатыр. Ең қызығы сол, жаңа үйлердің де сылағы түсіп, шатырынан су сорғалап, кірпіші құлап, қабырғасы жарылып жатады. Мәселен, былтыр маусымда Өскемен қаласындағы Бауыржан Момышұлы көшесіндегі 2018 жылы салынған үй қирай бастады. Қабырғасы жарылып, шатырынан су сорғалаған ғимараттың сырты бүлінуге айналған. Ал биыл сәуірде үйдің сыртқы бетінің жартысы түсіп тынды. Тамызда дәл осы қаладағы Есенберлин көшесінде 2020 жылы салынған бесқабатты үйден ақау шықты. Жаңа үйден ипотекаға пәтер алған тұрғындар ғимараттың қабырғасы 11 сантиметрге дейін жарылған кезде дабыл қағудан басқа жол таппады. Қазір­ге дейін құрылысқа қатысты іс ашылған жоқ. Биыл маусымда Павлодарда құры­лысы бітпеген төртқабатты үй құлады. Ақтаудағы 30-шағынаудандағы үйдің сырты да бірнеше рет бүлінді. Салын­ғанына 10 жыл ғана болған үйді әкімдік қалпына келтіру жұмыстарын өз бақы­лауына алуға уәде берген еді. Ақтөбеде 2009 жылы салынған үйлердің бірі он жылдан кейін сыр беріп, 2019 жылы ақпанда ғимараттың шатыры отыра бастаған. Пәтер иелері кооперативі шатырды уақытша ағаш бағаналармен тіреп, тұрғындар бақылаушы органдарға жүгірген. Мемлекеттік органдар болса, тұрғындарды «қорқатын ештеңе жоқ» деп қайтарыпты. Айтпақшы, 2021 жылы Ақтөбе облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары «қызметтік құзыретін асыра пайдаланғаны үшін» төрт жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Мердігер компаниялар өз міндетін толық орындамаса да, атқарыл­ған жұмыстар туралы актілерге қол қойып отырған екен. 2020 жылы мамырда дәл осы басқарманың басшысы да ұсталған, бірақ оның немен аяқталғаны белгісіз қалды.

Кім жол беріп отыр?

Қалай алғанда да, құрылыс саласы «ақшаның отаны» болып тұр. Сондықтан болар қаптаған құрылыс компаниялары тендерге таласып бағады. Жемқорлық па, әлде уақыт пен басқа да факторлар себеп бола ма, көп ғимараттың құрылысынан кінәрат шығып жататынын көреміз. Онсыз да баспанасы бас қайғысына айналған елге қайыр болмай отыр. Мұндай жағдайларда дау үйреншікті сценарий бойынша өрбиді. Тұрғындар әкімдікті, ал әкімдік құрылыс компанияларын кінәлап тынады. Бұл тұста әкімдікте отырған жауаптыларды да ақтауға болмас. Себебі құрылыс саласы жемқорлықтың бір ұясына айналғанын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, былтыр бір ғана «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй коммуналдық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезінде ресми дерек бойынша 1,1 миллиард теңге ұрланған екен. Басшылар өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салып, инженерлік желі жүргізу кезінде бірнеше миллионды жымқырған деректер анықталған. Ал ашық дереккөздерде жалпы тұрғын үй құрылысы бойынша ақша жымқыру фактілері жайлы түгел статистика көрсетілмей келеді. Мұның бәрі бюджетке түскен салмақ екенінде еш күмән жоқ. Сонда сапасыз үйлердің көбеюіне не себеп?
– Үйлердің сапасыздығына 3 себеп болуы мүмкін. Құрылыстың асығыс жүргізілуі, сапасыз құрылыс материалын пайдалану және тұрғын үйдің эскиздік жобасының дұрыс болмауы. Ең алдымен, көпқабатты үйдің жобасы әзірленгенде ішінде қателік кетпегенін анықтау керек. Жоба дұрыс болмаса, ол үй оңбайды. Міндетті түрде мін табылады. Ол үшін үйді тұрғызар алдында жобаға сараптама жасау керек. Ал біз сараптаманы үйдің кемшілігі шығып, тұрғындар шу шығарғанда ғана жасаймыз. Сондықтан барлық көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттарына сараптама жүргізілмейінше, қателік мына тұстан деп пікір айту қиын, – дейді архитектор Шохан Матайбек.
Құрылыс компанияларымен қоса алғанда, мұндай ретсіздік пен заңсыздыққа мемлекеттік мекемелер ішінде жүрген жандардың да қатысы бар ма дерсіз. Әйтпесе, құрылыс компаниялары жұртты сарсаңға салғызбаса керек-ті. Тендердің 10 немесе 20 пайызын қалтаға басып, сапасыз нысандардың көбеюіне септігін тигізген шенділерден таза емес екеніміз анық.

Мадияр ТӨЛЕУ