Нобельге әркімнің де бар таласы
Нобельге әркімнің де бар таласы

Нобель сыйлығы биыл  әдебиет саласы бойынша танзаниялық жазушы Абдулразак Гурнаға берілді. Швед академиясының анықтама­сында қаламгерге сыйлық Африка құрлығындағы отаршылдықтың және континенттер арасындағы бос­­қын­дардың зардабын көрсеткені үшін берілген секілді.

Абдулразак Гурна 1948 жылы Тан­зания­ның Занзибар аралында туған. Босқын дегеннің не екенін жастайынан көріп өскен. 1968 жылы Англияға ағыл­шын тілін үйренемін деп барған екен. Содан біржола қалып қояды. Қазір Британияда тұрады. Шығармаларын ағыл­шын тілінде, реализм стилінде жазады. Діні – мұсылман. Жазушының «Жұмақ» және «Қашқындық» деп аталатын белгілі романдары бар. Соңғы романы «Тасқа айналған жүрек» деген атпен 2017 жылы жарық көрді. Африка құрлығы жазушылары арасында Нобель сыйлығын алған екінші жазушы. Бұған дейін нигериялық Воле Шойнике 1986 жылы лауреат атанған еді. Бұл жолғы үміткерлердің сапында фран­цуздық жазушылар Анни Эрно мен Мариз Конде де болды. Олардан басқа, бә­секе­лестердің қатарында  Антуа және Бар­будада туған жазушы әйел Джамайка Кинкейд, кениялық жазушы-драматург Нгуги Ва Тхионго,  тегі үнділік британ жазушысы Салман Рушди, норвегиялық драматург Юн Фоссе, жазушылар Карл Уве мен Даг Сульстад, канадалық ақын Энн Карсон мен жазушы Маргарет Этвуд те бар. Прозаиктердің қатарында жапон жазушысы Харуки Мураками де көрінген. Алайда сыйлық оған бұл жолы да бұйыр­мады. Ал қазақ жазушыларының бұл қатарға қашан енетіні белгісіз!

Горький алты рет ұсынылған

Дулат Исабековтің Нобель сыйлығы туралы: «Өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін Нобель сыйлығы өзінің принципінен айни бастады. Тіпті, саясиланып кетті деп айтуға да болады. Мәселен, Сол­жени­цынге ұлы суреткер ретінде емес, дисседент ретінде, яғни коммунис­тік режимге қарсы тұрған адам болғаны үшін берілді деп ойлаймын. Жалпы, орыс әдебиетінде Бунин, Пастернак, Шолохов, Солженицын, Бродский секілді жазушылар Нобель сыйлығын иемденген» дегені бар-ды.  Сондай-ақ жазушы КСРО кезінде Нобельге лайық жазушы­лардың көбі бұл сыйлықты ала алмағанын айтады. Қаламгердің айтуынша, Максим Горькийдің өзі алты рет ұсынылған. «Горь­кийге бермей қалған себебі атеизмді жақтап кетті. Дінсіз болды. Шіркеуге де бармады. Ал Алексеевичке орыс­тарды сынағаны үшін берілген секілді» дейді. Ал әзербайжан жазушысы Анар Расул оглы Рзаевқа «Нобельге қызығасыз ба?» деген сауал қойғанымызда:  «Оған қы­зық­­қан да емеспін. Жалпы, мені еш­қандай марапат қызықтырмайды. Совет уақытында абыройлы Мемлекеттік сый­лықты, еліміздегі беделі зор Гейдар Алиев­тің сыйлығын алдым. Оларды аламын деп талпынған емеспін. Нобель сыйлығына біздің жазушылардың өз реніші бар. Бір жылы жазушыларымыз қатыспақшы болып, одан жақсылық таппады. Өйткені ол жерде саясат басқа. Мысалы, Нобельді алған белорус қызы Светлана Алексиевич жазушы да емес, журналист. Осы әділ ме?! Сондықтан бұл маған керек емес» деген еді. Ал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқар «Былтыр бір көше музыкантына берген. Биылғысы да біртүрлі...» дейді.

Сыйлық саясиланып кетті ме?

Сыншы Ардақ Нұрғазы: «Әдебиет са­ла­сы бойынша осы ғасырда Нобель сыйлығын алған жиырмадан артық ақын-жазушылардан нақты бір  саясат  кө­ріп отырған жоқпыз. Егер биылғы Но­бель сыйлығын алған мұсылман жазушы Абдулразак Гурна туралы айтар болсақ, онда да саясат тұрған жоқ. Былайша айтқанда, онда прозаның табиғаты тұр. Яғни, саяси салмағы емес, прозаның  салмағы басым түскесін, оған сыйлық берілді деп ойлаймын» деген пікірді алға тартты. Нобель сыйлығына ұсынылған қазақ жазушысы кемде-кем. Әйгілі Айтматов­тың өзіне бұл сыйлық бұйырмаған. Ал сыйлық саясиланып кетті дегенге келіс­пейтіндер де көп. Мәселен, ақын Дүйсен­әлі Әлімақын «жұрт солай деп жүргені­мен, бұған келіспеймін» дейді.  «Бұл пікір Нобель сыйлығын алғандардың шы­ғарма­шылығымен таныс еместердің көзқарасы деп ойлаймын. Неге десеңіз, Нобель комитетіндегі сарапшылар біз ойлағандай жеңілтек, орашолақ ойлайтындардан емес. Соңғы жылдары Нобель әдебиет сыйлығын Мо Ян, Орхан Памук, Казуо Ишигуро, Луиз Глук, Боб Дилан, Олга Токарчук, Петр Хандке, кешегі Абулразак Гурналар иеленді. Ал осылар­дың ішінен кімнің шығармасында сая­саттың иісі аңқып тұр деп ойлауға болады. Қытайлық жазушы Мо Янның Нобель сыйлығын алуы еш кездейсоқтық та, саясат та емес. Оның «Сандал ағаш жазасы», «Өмір мен өлім азабы», «Қызыл Гауляң» сияқты сүйекті романдарын оқып көрген адам жоғарыдағыдай оғаш көзқарасынан айнып қалады. Өз басым Мо Янның жеті романын оқыдым, бәрі өзінің айтары бар шығармалар. Нағыз жазушы шығарма­сында өзі өмір сүрген қоғамның шынды­ғын жазады, мына жұрттың саясат деп жүргені сол шығар» деген пікірді алға тар­тады. Ол Орхан Памуктің те романдары Нобель алуға лайық екенін айтады. Швед академиясының мұндай жазушыны әлем оқырмандарына таныстырғанына риза болады. «Боб Диланды айтайық, оны ақын деп санамайтындар көп шығар. Бірақ оның жазған ән сөздері өзін мықты санайтын ақындардың өлеңдерінен әлдеқайда ойлы, терең. Мен оның шығарма­шылығымен жақсы таныспын, аудардым. Биылғы Нобель лауреаты туралы да алыпқашпа сөздер көбейді. Бірақ мен оны тақырып жағынан ұтқан жазушы деп ойлаймын.  Оның саясатқа қатысы қан­дай?» дейді ақын. Нобель сыйлығының жөні бөлек. Сыйлық алған ақын-жазушылардың есімі естілгенде елең ете қалатынымыз да сондықтан. Демек, бұл сыйлық оңай адамдарға берілмейді деген сөз. «Соңғы кезде Нобель сыйлығы саясиланып кетті және бұл негізсіз де емес. Ақпараттық жүйе дамығалы бері дүрбелең дүние алақандағыдай айқынданып, кез келген ақпарат жасырып-жабатындай болмай қалды, сондықтан саяси жағдай да өткірлене түскені анық. Әсіресе, соғыстардан босыған адам тағдыры, посколониалды елдердің жағдайы өзек болып отырған шығарма, әрине әлем оқырмандарының қызығушылығын тудырады деп ойлаймын. Сондықтан танзаниялық жазушының сыйлық алған шығармасын оқуға қазақ оқырмандары да асық. Нобель алған шығармалар аударылып, қазақстандық кітап нарығына келіп жатса, тек қана қуанамыз», – дейді сыншы Анар Қабдуллина. Бұған дейінгі Нобель сыйлығы ие­герлерінің шығармалары да қазақ тіліне аударылып, қазақ оқырманына жетіп жатыр. Гавриэль Гарсиа Маркестің де көркем туындыларын ерекше жақсы көретіндер өте көп. Сол секілді Памуктың да шығармалары өз оқырманын тапқан. Бұл қатардан Абдулразак Гурнаны да кез­дес­тіріп жатсақ, демек Нобельдің ба­ғасы артқаны... Ал қазақ жазушысы бұл қатардан қа­шан көрінетіні тағы белгісіз. Алдағы бес жылдықта жаңа есімдер, жаңа шығар­малар туып, Нобельге лайық болып жат­са, қанеки! «Ауызды қу шөппен сүртуге де болмас»... Күтейік!

Айым БЕКТҰР