Қоңырат тұрғындары үшін басты мәселе шешілді. Ескірген қазандықтың орнына олардың үйлерін енді Балқаш ЖЭО жылытатын болады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұрын қуаттылықтың жетіспеуіне байланысты әр жылыту маусымында тұрғындар пәтерлеріндегі суыққа шағымданған болатын.
Биыл ЖЭО-дан 17 шақырым жаңа жылу магистралі тартылып, орамішілік желілер салына бастады. Шағын ауданда барлық әлеуметтік нысандар мен алғашқы 145 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Жергілікті биліктің айтуынша, жаңа жылу магистралі – бұл үйлерге сапалы жылу беру ғана емес, шағын ауданды дамыту әлеуеті екені сөзсіз. – Жылыту маусымында жергілікті қазандықтағы үйлерге қызмет көрсету кезінде атмосфераға шамамен 51 тонна шығарындылар болды, өйткені ол көмірмен жұмыс істеді. Енді ауа сапасына әсері айтарлықтай төмендейді, – деп атап өтті Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков. – Сондай-ақ бізде жылу тапшылығы болды, тұрғындарға ол аз мөлшерде жеткізіліп тұрды. Балқаш ЖЭО-на қосылу Қоңыратты қалыпты жылумен қамтамасыз етеді және шағын ауданда жаңа үйлер салуға мүмкіндік береді. Шенеуніктің айтуынша, онда алты тұрғын үй – шамамен 300 пәтер салынады. Жылу магистралі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды. Төрт сорғы станциясына қызмет көрсету үшін 20-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Қоңыратта қазірдің өзінде оң өзгерістер байқалуда, ол өсіп, өркендеп келеді. Мұнда 20 пәтерлік 10 үй салынуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке инвестициялар есебінен тоғыз екі пәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстар аяқталуға жақын. Жаңа құрылыстардағы пәтерлер кезекте тұрғандарға жалға алу шартымен берілмек.Ә.Белгібайұлы