Партияның Жол картасында ел дамуының өзекті міндеттері мен мәселелерін шешу үшін биыл республика бойынша 1700 азаматтық белсенді тарту көзделген. Олардың құрамында әр өңірдегі беделді саясаткерлер, сарапшылар, БАҚ, ҮЕҰ, т.б. сала өкілдері бар.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлеповтің айтуынша, барлық өңірде жергілікті атқарушы органдар азаматтық белсенділердің деректер базасын жасақтаған. Бұл ретте ол Қоғамдық кеңестердің 2015 жылы Елбасының «5 институционалдық реформасы» аясында құрылғаннан бері қоғам мен биліктің арасын жалғаушы ретінде өзінің тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Қазір еліміз бойынша 249 Қоғамдық кеңес жұмыс істесе, олар барлық орталық мемлекеттік органдарда, облыс, қала мен аудан әкімдіктерінде құрылған. «Осы 5 жылда 20 мыңнан астам нормативтік құжат қоғамдық кеңестердің сараптамасынан өткен болса, соның әрбір оныншысы кейін қайтарылды. Яғни, азаматтардың мүддесіне тікелей әсер ететін бұл құжаттардың кемшілігі дер кезінде анықталды. Жыл сайын 1500-ден аса түрлі мемлекеттік органның басшылары қоғамдық кеңестер алдында есеп береді. Сондай-ақ, қоғамдық кеңестер жүргізетін мониторинг мемлекеттік қызметтер сапасының артуына оң әсер етуде. Мониторинг аясында әлеуметтік маңызды тақырыптар бойынша 1000-нан астам зерттеу жүргізілді», – деді ол. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қоғамдық кеңестер құрамының сапасына назар аударды.Кеңес төрағасы Айдос Сарым бұл бағыттағы Nur Otan партиясы жанынан құрылған 14 республикалық және 1,7 мың аймақтық қоғамдық кеңес жұмысын атап өтті. Бүгінге дейін өткізілген республикалық кеңестің 50-ге жуық отырысында 80-нен астам мәселе қаралып, мемлекеттік органдарға 650-ден аса ұсыным жолданды. Ал, аймақтық кеңестерде 5 мыңнан аса отырыс өтіп, онда 9,3 мың мәселе қаралған. Нәтижесінде, 15 мың ұсыныс мемлекеттік органдарға жолданды. Сондай-ақ, Азаматтық қоғамды және мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алаңында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауының аралық қорытындысы талқыланды. Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, сайлауға 2403 кандидат (бір орынға үш үміткерден) қатысып, 784 әкім сайланған. Кандидаттардың 60%-ы өзін-өзі ұсынса, 40%-ы саяси партиялардың атынан түскен. Сайланған әкімдердің тең жартысы – бұрын бұл қызметте болмаған жаңа тұлғалар.«Қоғамдық кеңестің мүшелері – ойын ашық айтатын белсенді, танымал азаматтар. Бірақ, олардың барлығы бірдей мемлекеттік сатып алу, аудит жүргізу сияқты салалардың тетіктерін біле бермейді. Сондықтан оларға, әсіресе, квазимемлекеттік сектордағы қоғамдық кеңестердің құрамына кіретін азаматтарға арнайы семинарлар өткізіп, бюджет, аудит, қаржы салаларын оқытқан жөн болады. Сонда қоғамдық кеңестердің әлеуеті артып, құзыреті кеңейеді», – деген А.Мырзахметов бұл іске «Атамекен» ҰКП атсалысуға дайын екенін жеткізді.
«Жазда сайлау науқаны белсенді өтті. Әсіресе, Nur Otan-ның басқа саяси партиялармен салыстырғанда кешенді жұмыс атқарғанын атап өту керек. Ауыл әкімдерін сайлау жалғасып жатқанда өңірлердің қарқынды бәсеңдетпегені және науқанға, үміткерлерге қатысты барлық ақпаратты бүге-шүгесіне дейін нақты, уақтылы алып отыратын тиісті тетіктерді қарастырған жөн», - деді Кеңес мүшесі, белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы.